№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ғасыр қасіретін арқалаған қайраткер

Ғасыр қасіретін арқалаған қайраткер


1925 жылдың қыркүйегінде Филипп Голощекиннің Қазақ Өлкелік партия Комитетінің Бірінші хатшысы болып келуі ұлт үшін қасіретті жылдардың бастауы болды. Қазақ ұлт болып жойылудың алдында тұрды, тілі мен ділі, салт-дәстүрі мен сара жолынан жаңылды. Небір алаштың асыл азаматтарына «халық жауы» деген атақ тағылып, түрмеге қамалды, көбі атылды. Солардың тізімінде Садықбек Сапарбеков те болды.


Голощекин «Асыра сілтеу бол­масын, аша тұяқ қалмасын», «Қай­дан тапсаң, одан тап – қаптың түбін қақ» деген сыңаржақ ұранды шолақ белсенділер ту ғып ұстады. Сол жылдары құрғақшылық болып, егіннің де мәнісі кетті. 1928 жылы бүкіл Совет елінде жеке шаруаларды коллективтендіру жүргізілген тұста Қазақстанда Голощикиннің басшылығымен «Кіші Октябрь» революциясы басталды.
1902 жылы Жаңақорған ауданы, Сырдарияның сол жағалауындағы «Балапантөбе» деген жерде қарапайым шаруа отбасында дүние келген Садықбек жастайынан зерек боп ер жетеді. Орыс-түзем мектебінде 1912-1917 жылдары білім алады. 1920-1923 жылдар аралығында қабілетті жас Түркістан өлкелік партия комитеті жанындағы партия мектебінің комсомол бөлімін басқарды. Алматы, Жетісу облыстық комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін де қоса атқарды. Ташкентте Сырдария облыстық қабылдау комиссиясы коллегиясының мүшесі, «Қосшы» одағы облыстық комитетінің төрағасы болды.
1925-1927 жылдары Сырдария, Петропавл губерниялық партия комитеттерінде бөлім меңгеруші, 1928-29 жылдары БК (б) П Қазақ өлкелік партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, 1930-1932 жж. Ақмола округтік және Қарсақбай аудандық, 1932-1933 жж. Шығыс Қазақстан облыстық, 1933-39 жж. Қызылорда аудандық, 1936-37 жж. Қарағанды облыстық, Гурьев округтік, Батыс Қазақстан облыстық және Орал қалалық партия комитеттерінің хатшысы, бірінші хатшысы болды. Қазақстан Өлкелік VII-VIII кон­ференцияларының делегаты, Өлкелік партия Комитетінің мүшесі, бюро мүшесі. Қазақстан Компартиясы І съезінің делегаты, Қазақстан Ком­партиясы ОК-нің мүшелігіне сай­ланды.
Осы жылдар ішінде Садықбек көрнекті комсомол қайраткері Ғани Мұратбаевпен жақын араласты. Екеуі бірлесіп, зейінді балаларды қамқорлыққа алып тәрбиеледі. Сол тәрбиелеген жастардың ішінде Асқар Тоқмағанбетов, Айтбай Хангельдин, Өтебай Тұрманжанов, Бейсенбай Кенжебаев, Жайық Бектұров сынды танымал тұлғалар бой түзеді. Садық­бек пен Ғанидың достығын екеуінің еңбегі жоғары бағалаған филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев: «Ол кезде комсомолдың жұрт таныған екі же­тек­шісі болды. Бірі – Ғани, бірі – Садықбек. Ол кезде Ғани өлке­лік комсомол комитетінің бас хатшысы да, Садықбек Түркістан Орталық партия комитетінің жастар бөлімінде». Бұл жылдары Орта Азия мен Қазақстан комсомолының қос қайраткері жергілікті кедей жастарын ұйымдастырып, Қызыл армия үшін азық-түлік жинады. Бүкіл Орта Азия мен Қазақстанның комсомол активтері осы екі тұлғаның ықпалында өсті.
1930 жылдары ашаршылықтан есін енді жия бастаған қазақ халқын 1937-1938 жылдарғы Сталиндік қуғын-сүргін күтіп тұр еді. Жазықсыз жандар сотсыз, тергеусіз «Үштіктің» үкімімен ондаған жылдарға сотталып, ату жазасына кесілді. Тарихи деректерге қарасақ, Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам атылды. Сыр өңірінде 4 мың адам халық жауы болса, Жаңақорған ауданы бойынша мыңнан астам тұрғын қамауға алынды, атылды.
1937 жылы саяси қуғын-сүргін сол жылдармен шектелген жоқ. Қуғын-сүргін құрбандары үш кезеңді қамтыды. 1928-1931, 1937-1938 және 1948-1950 жылдары «Алаш» партиясының мүшелері, зорлықпен жүргізілген ұжымдастыруға қарсы болғандар, партияның бұрынғы мүшелері болған ұлттық интелигенция өкілдері, партияның идеологиялық бағытымен көзқарастары үйлеспеген ғылым және көркемөнер интелигенциясының өкілдері қуылды.
Ал Садықбек Сапарбеков 1937 жылы қараша айында, Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы боп тұрған кезінде ұсталып, «халық жауы» деген жалған айыппен қамалды. 1938 жылы Алматы облысының Іле ауданына қарасты «Қарасу» маңында Қандысай деген жерде атылып, жерленді. Аудан орталығындағы №125 орта мектепке және бір көшеге Садықбек Сапарабеков есімі берілсе, Жаңақорған ауданы әкімінің №55 шешімімен 2000 жыл «ХХ ғасыр адамы» деп танылды.

Бақдаулет Хайруллаұлы,
Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы
31 мамыр 2020 ж. 755 0