№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әр төбенің бір тарихы, бір қасіреті бар

Әр төбенің бір тарихы, бір қасіреті бар


Тарихтың ақтаңдақ беттерінде халқымыздың басынан өткен қанды қасіретке үңілсек, ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы зобалаңға теңесері жоқ. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұранын ұстанған шолақ белсенділер тіршілігі төрт түлікке байланған жұрттың аштан қырылуына себепкер болды. Ал, бұл – идеяның басында Сталинге арқа сүйеген Филипп Голощекин тұрғаны анық. Осы жылдары әр төбе мен сай адам сүйектеріне толды. Мұндай орындар біздің ауданда да көптеп саналады.


Қазақтың соры болған нәубет жылдары бірнеше миллион халық аштықтан көз жұмса, тірі қалғаны тау кезіп, шекара асып босып кетті. Ол жайлы Тұрар Рысқұловтың Сталин мен Молотовқа жазған (1933 жыл 9 наурыз) хатында былай келтірілген: «Қонысын тастап, Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшкен қазақтардың мекен-жайларынан келіп түскен, шамамен алынған соңғы деректерге қарағанда: қазір Орта Еділде – 40 мың, Қырғызстанда – 100 мың, Батыс Сібірде – 50 мың, Қарақалпақстанда – 20 мың, Орта Азияда – 30 мың қазақ бар. Қонысынан ауғандар қалмақ жеріне, Тәжікстанға, Солтүстік өлкеге және басқа да осы сияқты шалғай жерлерге көшіп кетті. Байлар бастаған бір қауым Батыс Қытайға ауды... Бұл қазақтардың көші-қоны емес, басы ауған жаққа кетуі». Бұл бізге жеткен деректердің бір парасы.
1931-1933 жылдары халықтың сүйегі жинаусыз қалды. Солтүстіктен оңтүстікке қарай бет алған халық діттеген жеріне жете алмай қыр мен сайды паналап, төбелерден өтуге дәрмені жетпей, жеткен жерінде жантәсілім етті. Осындай қараорындар Жаңақорған жерінде бар.
Күңіренген сардалада жылаған баласына бір үзім нан тауып бере алмаған ананың зары жаңғырып тұрғандай. Сырдың бір жұтым суынан дәм татуға Арқа асып келген халық осы төбешіктің етегінде қырылды. «Секретарь төбе» деп аталатын жер ескі «Самара-Шымкент» күре жолы бойында орналасқан. Төмпешіктің астында аштықтан және қуғын-сүргінге ұшырап атылғандардың жерленгенін бертін келе еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана терең біліп жатырмыз. Оны аудандық өлкетану мұражайы директоры Нәбихан Шалапов: «Күні кешеге дейін бұл қараорында қуғындалғандар мен ашаршылық құрбандары жерленгенін ешкім біле бермеді. Бұл үлкен зерттеуді қажет ететін дүние. Мұнда қанша адам, кімдер жерленгені әлі күнге дейін ресми анықталмаған. Естуімше, осы төбенің жан-жағын қазып мәйіттерді көмген. Оларды мұсылмандық рәсіммен жерлеуге ол кезде ешкімнің шамасы келмеген», – деді.
Расында әр төбенің бір қасиеті, бір қасіреті бар. Ел аузында бұл төбе жайлы түрлі әңгімелер айтылады. Жылдар өтіп елдегі жағдай тұрақтанғаннан кейін мәйіттер осы төбеге көмілген екен. Қойнауы тарихқа толы қараорынның бірі – Бесарық елді мекеніне барар жол бойындағы «Қосыман бейіті». Мұнда да аштықтан өзегі үзілгендер мен қуғынға ұшыраған құрбандар жерленген.
Тарихи деректерге сүйенсек, сол жылдары Жаңақорған аумағындағы 30 мың адамнан 10 мыңы ғана қалды. Жазушы Адырбек Сопыбековтың «Жаңақорған» атты тарихнамасында «Сталиндік зұлматтан Жаңақорған топырағында «Халық жауы» деген жала жабылып, жапа шеккен 161 адам бүгінде ақталды. Бұлардың көпшілігінің сүйегі елден тысқары жерде қалды. Осы жылдары аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Жайлыбаев, аудандық тұтынушылар одағының төрағасы Құрманов, аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі Хасанов та осы зұлматтың құрбаны болды», – деп жазады.
Зерделеп қарасақ, ерте уақыттан тіршіліктің ортасына айналған әрбір ауылдық округтің маңында қасіретті жылдардан белгі беретін орындар табылады. Кешегі күнге дейін адам сүйегі шашылған жерлер болды. Әттең, оның куәсі болған қариялар сиреп барады. Солардан әрбір төбенің мән-маңызын сұрап, қағазға түсіріп, келешек ұрпаққа аманат ету міндеті тұр. Бұған ауылдағы ағайын үн қосады деген үміттеміз...

Майра ҒАНИЕВА
31 мамыр 2020 ж. 938 0