№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Киесін түгескенге күн жарығы түспейді

Киесін түгескенге күн жарығы түспейді


Голощекин геноциді туралы айтқан кезде 1928 жылы басталған ашаршылыққа ерекше назар аударған жөн. Оған 1926-27 жылдардағы дәулетті шаруа мен байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу және халықты ұжымдастыру науқаны түрткі болған еді. Малды тартып алған соң халық қынадай қырылды. Қазақтың ен даласын аштық жайлады.
Ашаршылықтың түп-төркіні осындай әсіре науқаншылдық пен ауылдардағы шолақ белсенділердің бейопа әрекеттерінен туындады.
Халық аштық, індет зардабын тартты. Қырылу, босқындық тыйылмады. Ол жайында Сталинге 1932 жылы 29 қыркүйекте РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов хат жазды.
Статистикалық деректерге сүйенсек, Одақ бойынша 1927-1953 жылдары 40 миллион адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 20 мыңы атылды. Тізімдегі 631 атылған адамның 80 пайызы қазақтың белгілі адамдары болған. Көбі алаштың арыстары еді.
Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь мен қоныс мекендері болған. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 11 лагері орналасқан. «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагерінде (Алжир) 1937-1938 жылдары 20 мың әйел жазасын өтеді.
Зерттеушілердің мәліметі бойынша 1921-1954 жылдар аралығында Кеңес Одағының үш миллион жеті жүз елу мың тұрғыны оның құрбанына айналған.
Қазақ тарихында Алаш идеясы, Алаш қозғалысы, Алаш автономиясы тарихына ой жіберсек, ол осындай Кеңес үкіметінің озбыр саясатын зерек көңілмен зерделеп, оған қарсы тосқауыл қоюға ұмтылған ұлт зиялыларының ортақ мүддесінің көрінісі екеніне көз жеткізуге болады.
Алаш қозғалысының басты мақсаты – Қазақ елінің өзін-өзі басқару, ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру, түбінде дербес мемлекет құру, қазақ жеріне Ресейден, өзге елдерден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, мал шаруашылығын, егін шаруашылығын дамыту, өнеркәсіпті өркендету, жеке адам құқығын және басқа демографиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті, халықтың сауаттылығын арттыру, ана тілінің мәртебесін көтеруге қажетті алғышарттарды бекемдеу талабын табандылықпен қолға алу болатын. Мұның түп төркінінде қазақты ұлт ретінде сақтау сынды ұлы мұрат тұр еді.
Кеңес үкіметінің саясатына кереғар келетін жергілікті жердегі ақиқат жалауын тік көтерген арыстардың асқақ арман қиялдарын тұншықтырудың түрлі айла-әдістері өмірге келді. Алашордалықтарға «ұлтшыл» деген айып тағылып, негізсіз қудалау басталды. Қазақ ауылдарындағы көкірек көзі ашық, елді басқарған саналы азаматтардың қоғамдық қызметіне күйе жағылып, негізсіз абақтыға жабу, тіпті ату жазасы сынды Кеңес үкіметінің жазалау машинасы жазықсыздықтарды қынадай қырды.
Елдегі осындай қайғы-қасіреттер қабырғасына қатты батқан қоғам қайраткерлері – Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Мүташ Дәулетқалиев, Емберген Алтынбеков, Қадір Қуанышев 1932 жылы 4 шілдеде БК (б) П өлкелік Комитетінің бірінші хатшысы Голощекиннің атына хат жазады.
Осы хат авторларының бірі Емберген Алтынбеков 1933-37 жылдары Жаңақорғанды басқарған кісі. Ол кездері елді аштық жайлаған кез. Астық жоқ. Халық наразы.
Асыра сілтеудің салдарынан қолдан жасалған ашаршылық зұлматы халықты күйзелтіп, ел-жұртты босқынға айналдырды.
Ауданда 1931-32 жылдары 32 мың түтін болса, 1933 жылы 10 мыңы ғана қалған.
Мал басы 287 мың болса содан 4940 бас қана аман қалған. Сол кездегі ашаршылықты көзбен көрген кісілердің бірі былай деген еді: «Қолдағы бар малды алғасын ашаршылық басталды. Шаруашылық мақта егетін, ол өнім бермеді. Шолақ белсенділер аштыққа ұшыраған жоқ, жұрттың аузындағы астығын тартып алып күнелтті. Аштан қырылғандарды көзбен көрдік. Арнайы жерлеп, көмуге де мұрша келмейтін».
Жаңақорған кентінен Түркістанға бағыт алатын үлкен трасса бойында жұрт «Секретарь төбе» атап кеткен биік төбе бар. Ашаршылық жылдары аштан өлген адамдар сүйегі осы төбе астында қалған. Осыған байланысты осы төбе маңына белгі қойылып, өткеннің тарихы таңбаланған. Сондықтан ары-бері өткен жолаушы арынын басып, жылдамдықты тежеп, дұға бағыштап өтуді ұмытпағаны жөн.
Ашаршылықтың зобалаңын сезген біраз отбасылар күші барда күн көрісін күйттеп Тәшкен, Тәжікстан асты. Бауырлас ағайындардан пана тауып, еңбек етіп, өсіп-өнді.
1926 жылы ауданда 31645 адам болса, 1939 жылы аудан халқының тең жартысы ғана қалған.
Осындай қиын кезеңдері елдің қамын жеген қайраткер азаматтардың есімі туған жер тарихында өшпестей алтын әріптермен жазылды.
Нәзір Төреқұлов, Садықбек Сапарбеков, Сұлтанбек Қожанов, Бегайдар Аралбаев сынды азаматтар ел билігіне араласа жүріп, ұлт мүддесіне қыруар қызмет жасады.
Қазақтың басына қара бұлт боп үйірілген қаскөй саясаттың салқыны Одақтың қол астындағы барлық ұлттың құқын аяусыз аяқасты етуді көздері. Соның ішінде алабөтен қазақ халқының есепсіз құрбандыққа ұрынуының аржағында ұлт алауыздығы сынды ғасырлардан жалғасқан Бұқар жыраудан бастап Абайға дейін жүрекпен айтып, қанмен жазып, содан арылып, айығуды армандап өткен жағымсыз қасиеттің қалдығы қылаң беріп қалатынын жасыруға болмайды. Қара басы қамы үшін, мансап үшін, даңқ үшін бір-бірін сатып кетуге әзір қиянаттың көкесіне зәуіде басына күн туған бауырдың бүгін де куә болып қалатын жайы жоқ емес.
«Мәңгілік Елге» қадам басқан өркениетті ұлт тек өрелі өнегені қастерлей білгені жөн.
Тарихты ұмытпау, өткенді ұлықтау міндет. Сонымен қатар келер ұрпақ одан тағылым алып, келешек өміріне сабақ ете білсе, жақсысына үңіліп, жаманынан түңіліп, алғы өмірімізге асқақ армен бағыт алсақ келешегіміз сонда ғана жарқын болмақ.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
29 мамыр 2018 ж. 2 219 0