№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » Ерте есейіп, ел таныған азамат еді

Ерте есейіп, ел таныған азамат еді

 Біздер Нұрекеңмен (Нұржан Пірманұлымен) бір ауылда (бұрынғы «Кеңес» колхозы, кейінгі «Талап» кеңшары, Кеңес бөлімшесінде) туып-өскен туыс-ағайындармыз. Қаратау сілемдерінен бастау алатын Бесарық өзенінің Тастақ аталатын ескі арнасының екі бетін жайлаған Жаманбай атаның ұрпақтары қоныс тепті. Нұрекең сол ҰОС-ының алдында ғана 1939 жылы (7 қарашада) осы Кеңес ауылында Пірман көке отбасында дүниеге келген екен.


ХХ ғасырдың 50 жылдары ауылда екі бөлмелі бастауыш мектеп болған (колхоз кеңсесінен босаған). Біздер сонда оқыдық. Ал Нұрекеңдер 5 кластан бастап Құмшықтағы Үкештің бауы деген жердегі Октябрь жеті жылдық мектебіне (Кеңес аулынан 3-4 шақырым жерде) қатынап оқыған (болса да жоғары класс оқушылары (8-10 класс) Жаңақорған, Түркістан сияқты кент, қалаларға барып, туыс-жекжаттарының үйінде жатып оқыған ғой).
1953 жылы біздің ауылға мұндай қиындықтан шығудың сәті келіп, ел бір қуанған екен. Сол жылы үш колхоз («Октябрь», «Ворошилов», «Кеңес») бірігіп, асарлатып Тастақтың жағасынан орта мектептің ғимаратын салып беріп, 1955 жылдан бастап аттестат беріп түлектер ұшыра бастаған-ды. Нұрекең де, біз де осы №54 Октябрь мектебінің түлектеріміз. Нұрекең бізден үш класс жоғары оқыды, өте жақсы оқитын, кластың, мектептің алды болып мектепті 1957 жылы бітірді.
Ол кездерде мектептерде оқушылардың өзін-өзі басқару жүйесі өте белсенді жұмыс істейтін: Бастауыш және орта буында-пионерлер ұйымы, жоғарғы кластарда оқушылар комитеті мен комсомол ұйымдары болды. (кластардың ішінде класкомдар, звено-отрядтар болатын). Бұларды айтып отырғаным, жақсы оқитын үлгілі оқушылар осы салаларға бастық (төраға) болып сайланатын, олар класс жетекшілеріне, мектепке көп көмек тигізетін.
Міне, сондай оқушылардан Нұрекең – Нұржан Айдосов пен Жұмаділда Сокенбаевтар бірі пионер дружинасына, ал бірі оқушылар комитетіне төраға (председатель) болып сайланып, өте белсенді жұмыс істегендері есімізде қалыпты. Олардың мектеп өміріндегі рөлі ерекше болатын. Олардан оқушылар аяғын тартатын (бағынатын), ал мұғалімдер, мектеп басшылары ерекше көзқараспен (ілтипатпен) қарайтын (мектеп өміріндегі атқарған осындай қоғамдық жұмыстардың Нұрекеңнің алдағы өмір, еңбек жолында тек пайдасы тиген болар деп ойлаймын).
Нұрекеңнің әкесі Пірекең (Пірман Айдосов) көкеміздің (мамандығы есімізде жоқ) ауылда әртүрлі жұмыстар атқарғанын, көпшілігінде аудандық дайындау мекемесінде (заготскотта) қызмет істегені еміс-еміс есімізде (Пірекең інісі Мыңжанмен, қарындасы Дүриямен бір аулада қатар тұрды). Нұрекең көбінесе Пірман көкенің анасы- Латыш әжесінің тәрбиесінде өскенін айтып отыратын. Өзі екі інілі, екі қарындасты болатын. (Бір інісі- Бақтыбай, бір қарындасы –Бақтыгүл, жиені Манат бізден 1-2 класс кейін оқыса, бір жиені Абай бізден екі класс алда оқыды).
Ал енді Нұрекеңді ерте есейді дейтінім, ол колхоздың науханды жұмыстарына кәдімгідей еңбекақы алып оқушы кезінде-ақ араласты. «Кеңес» колхозы жонда бидай егеді, піскен кезде ауданнан (МТС-тан) комбайын алдырып, бидайды орғызып дәнді қоймаға (складқа) тасып алады. Нұрекеңнің қабілетін, пайымын, пысықтығын байқай ма, колхоз бастық Исекең Топышов көкеміз сол жанның орылған бидайының, оның складқа құйылғанының күнделікті есебін алып, сондай-ақ комбайыншы орыс-қазақтармен, қоймашымен есептесіп отыруға оқушы Нұрекеңе сенім артып каникул кезінде пайдаланғанын, тіпті еңбек күн жазып, еңбекақы алғанын сол жауапты жұмысты қорықпай атқарғанын өзі еске алып айтып отыратын.
Мектепті жақсы оқып бітірген Нұрекең бірден 1957 жылы Алматыдағы кооперативтік техникумға оқуға түсіп, есепші мамандығы бойынша бітірген. Әрі қарай Мәскеудегі кооперативтік институтқа сырттай оқуға түсіп, екі жылдай оқығанмен, өкінішке орай отбасы жағдайымен жалғастыра алмаған.
1959 жылы еңбек жолын Жаңақорған аудандық тұтынушылар одағында мамандығы бойынша есепші болып бастап, осы сауда саласында 40 жылға жуық әртүрлі дәрежедегі қызметтерді (бухгалтер, экономист, қойма меңгерушісі) абыроймен атқарды. Арасында Нұрекең Бесарық жұмысшылар кооперативінде басшы қызметінде болды. Сауда саласында сонша жыл үзіліссіз қызмет істеу, қателеспеу (жетпес жасамау), елдің, көптің көңілінен шығып отыру деген оңай емес. Нұрекең өте сауатты, іскер, қанағатшыл болды. Талай басшылармен, кооперативтермен (рабкооп) жұмыстас, сыйлас болды. Шалыс басқанын көрген де естіген де емеспіз. Осы саланың ақсақалы, елдің абыз қариясы, мекемені көп жыл басқарған Мақаң (Мақметжан Сапарбаев) Нұрекеңнің Нұржан ағаның қызметтегі тазалығын, іскерлігін әрдайым ілтипатпен айтып жүретін. Сондай-ақ, әр жылдары тұтынушылар одағына басшы болған Н.Палуанов, Б.Асанов, Ғ.Тұрабаева, Н.Тұрсынбаев секілді кісілермен де сыйластықта қызмет атқарғанын Нұрекеңнің аузынан талай естігенбіз.
Нұрекеңнің жұбайы Қалекеева Жақан да сауда саласында көп жыл сатушы болып істеп кент тұрғындарына мәдениетті, сауатты қызмет жасаған, саланың «Үздік сатушысы» атағына ие болған жан болатын.
Нұрекең зейнетке шыққан соң да осы саланың ізінде алғашқылардың бірі болып өз ксібін ашып, сауда нүктелері арқылы ел-халыққа ойдағыдай қызмет жасап келді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші Нұрекеңнің, аналарының кәсібін бүгінде балалары, келіндері заманға сай жалғастырып, елдің – тұтынушылардың талабын қанағаттандырып келе жатыр.
1991 жылы Қазақстанның Кеңестік Одақтас Республикалар қатарынан шығып өз алдына тәуелсіз ел болуына байланысты елдегі ағайындар да кезінде жан-жаққа бассауғалап тарап кеткен ағайын-туыстарын іздеп тауып, жер-жерлерде бас қосып, қор құрып бір-бірімен араласып өрістері кеңейе түскенін білесіздер. Сондай жолмен біздің ағайындар да «Құрбан ата» қорын құрып, Арыстанбап әулиенің жанынан Құрбан атамызға арнайы кесене тұрғызып, үлкен ас беріп, атамыздың алты баласы, олардың үлкендері мен ұрпақтары осылай қауышқанына да 30 жылдан асты.
Бұл игі істің басында әрине, сол жылдардағы қазақтың біртуар қайраткер ұлы Өзекең Өзбекәлі Жәнібеков, елге танымал оңтүстіктік ел ағалары Д.С.Малдыбековтер, И.Бекенов, Ж.Ержігітов, М.Әлиев, Ө.Айтбаев, Әлзақов, Күнту ақсақал, Д.Майсаров т.б ағайындар тұрды. Біздің елде де осы шараларды ұйымдастыруға қатысқан И.Топышов, Ж.Жайпанов, Б.Жамантаев, О.Бидашов секілді ақсақалдар, Б.Жанадилов, Х.Тұрсынов сияқты інілеріміз болды. Бұл мәліметтерді айтып жатқаным, осы шаралар аясында біздің Жаңақорған ауданында да қасиетті Құрбан атамыздың ұрпақтары болып «Құрбан ата» қорының бөлімшесін құрып, оған алғашында Б.Жамантаев, одан кейін Б.Жанадилов төраға болса, сосын ағайындар Нұрекеңді-Нұржан ағамызды сайлаған болатын. Нұрекең алғашқы күннен -ақ бұл жұмысқа үлкен ықыласпен кірісіп, ағайындардың басын қосып, елдің ауызбіршілігін, ынтымақ-бірлігін ұйымдастырушы ел ағасы ретінде танылды. Өзіміздің Қызылордадан бастап, Оңтүстіктегі ағайындармен (Түркістан, Шымкент, Жетісай, Шәуілдір т.б) жиі араласып, атаның басында жыл сайын ас беріліп, басқосулардың өткізіліп тұруына көп жұмыстар атқарды. Сондай-ақ, Нұрекеңнің басшылығымен Құттықожа әулие бейітінде жатқан Құрбаната ұлы Киікші атамызға арнайы кесене тұрғызылып, ағайындардың басын қосып ас берілді.  Тіпті соңғы жылдары Алматы, Астанадағы ағайындармен де байланыс жасап, игілікті жұмыстар ұйымдастырудағы еңбегін айтуға тиістіміз. Нұрекеңнің осы жылдарда өрісі кеңіп, көптеген ағайындармен аралас-құралас бола жүріп елге танымал аға бола білді. Үлкен кісілермен (ғалымдармен, ақын-жазушылармен, өнер адамдарымен) ағайынгершілікпен араласып, сыйласты. Нұрекеңнің бұрыннан көңілі ұнатқан жандарға ерекше ілтипатпен қарап, беріліп қызмет жасауға дайын тұратын ақкөңілдік, адами мінезі болатын. Марқұм  ініміз, халық әртісі, атақты дирижер Төлепберген Әбдірашовтің ауылға бір келгенінде Нұрекеңнің дарынды інісіне бір ерекше қызмет жасағаны есімнен кетпейді. Біздер, ағайындар, барлық уақытта Нұрекеңмен бірге болдық. Ол кісіні ел ағасы деп құрмет тұттық.
Нұрекең балаларына аналарының жоқтығын білдірмей, тәрбиелеп өсірген, оларды жеткізген өнегелі әке, 9 немеренің атасы бола білді. Өз басы сауда саласының жетік маманы ретінде кешегі тоқырау жылдарында балаларын алғашқылардың бірі болып кәсіпкерлікке баулыған кісі еді. Олар – бүгінде ауданымыздағы белгілі кәсіпкерлер.
Ал үлкен қызы Аякөз Айдосова білімді, іскер кадр ретінде елге танымал бола отырып, біраз жыл аудан әкімдігінде ауданның ішкі саясат бөлімін басқарса, бүгінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін абыроймен басқарып келеді.
Ел ағасы болған атпал азамат Нұрекең ағамыз өткен жылы ғана сексен жасқа толып еді. Амал қанша, ауыр науқас биыл 81 жасқа аяқ басқан шағында аяулы ағамызды бақилыққа алып кетті. Орны бөлек, қимас ағаны ел болып соңғы сапарға шығарып салғанымызға да 40 күнге жақындап қалыпты. Иманыңыз жолдас болып, жаныңыз жәннатта шалқысын, жақсы Аға! Тіршілікте елге, ағайынға жасаған еңбегіңіз, жарқын да мейірімді жүзіңіз ұмытылмайды, біздің көңілімізде ұзақ уақыт сақталасыз! демекпін.

Зидабдин ШЕРМҰХАММЕДҰЛЫ,
ауданның «Құрметті азаматы»,
облыстың, ауданның «Құрметті ардагері»
28 наурыз 2020 ж. 499 0