ЖАҢАҚОРҒАН: ЖАРТЫ ҒАСЫР ЖАҢАЛЫҒЫ
Газеттің №75 (8196) нөмірінде Жаңақорған ауданы құрылғалы орын алған тарихи оқиғаларға тоқталған едік. Әрі жасампаз жылдар жылнамасын жалғасын табатынын айтқан едік. Сонымен...
1926 жылы халық шаруашылығының есебін жүргізудің аудандық инспектура, кейін машина-есептеу станциясы болып құрылып, ауданның статистикалық мәліметтерін жүргізді. 1980 жылдан аудандық статистика бөлімі (басқармасы) ашылып, жұмыс істеп келеді.
1928 жылы іргетасы қаланған аудандық мәдениет бөлімі алғашында «Қызыл Отау» ретінде жұмыс жасады. 1938 жылы бөлім болып құрылды. 1966 жылға дейін бес ауылда клуб үйі болса, бүгінде 28 клуб, 36 кітапхана, 2 халық театры, 9 халықтық атағы бар ұжым рухани-мәдени шараларға ұйытқы болып келеді.
1932 жылы халықты азық-түлікпен қамту және сауда саласын жандандыру мақсатында аудандық тұтынушылар одағы ашылды. 1934 жылы жұмысшыларды жабдықтау бөлімі құрылды. 1966 жылы Шиелі ауданынан бөлініп, Жаңақорған, Төменарық, Бесарық, 1970 жылы 1-Май, 1973 жылы Қандөз жұмысшы кооперациясы ашылып, 39 елді мекенге қызмет көрсетті.
1934 жылдан бастап Жаңақорған, Төменарық, Бесарық бекеттерінде астық қабылдау пункті мен қоймалардың құрылысы басталып, 1938 жылы пайдалануға берілді.
1948 жылы жылқышылар Қадыр Тағаев (Келінтөбе колхозы), Сапарбай Сұлтанмұратов (Ынтымақ колхозы), Нақып Ержанов (Талап колхозы), Сердалы Құрымбеков (Талдысу колхозы) Социалистік Еңбек Ері атанды. Мұндай құрмет шопан Қылышбай Омаров (Түркістан кеңшары), күрішші Әли Еламанов (Төменарық колхозы) және Әлі Исаев (Екпінді колхозы) да берілді. 1949 жылы күрішші Иван Цой (Красная звезда колхозы), 1976 жылы шопан Орынбай Бидашев (Төменарық кеңшары) пен күрішші Арапбек Әбиев (СОПК-ның ХІІІ съезді атындағы кеңшар), 1981 жылы шопан Шоманбай Абжалов (Красная звезда кеңшары) Социалистік Еңбек Ерін алды.
1957 жылы майда ауылдық кеңес атқару комитеттері тарап, олардың орнына Төменарық, Сүттіқұдық, Ақүйік, Бесарық, Жаңақорған ауылдық кеңестері құрылды. 1965-1992 жылдар аралығында Сунақата, Қыркеңсе, Өзгент, Миялы, Түгіскен, Келінтөбе, Баспақкөл, Қандөз, Кеңес, Кейден, Байкенже ауылдық кеңестері мен Шалқия кеттік кеңесі атқару комитеттері құрылды. 2000-2006 жылдары Жаңарық, Машбек Нәлібаев, «Көктөбе», Манап, Талап, Жайылма, Екпінді, Қожамберді, Қосүйеңкі және Қыраш ауылдық округі пайда болды.
1958 жылы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі құрылды. Мекеме бұрын жыл сайын мал жайылымдық жерлердің көлемін арттыру мақсатында 5-30 гектар аралығында сексеуіл тұқымын егетін болса, Ермағанбет Ибрагимовтың басшылығы жылдары 3000 гектарға дейінгі жерге сексеуіл екті. Осы кездері Ордакент, Ақүйік өзені бойындағы Естекбел деген жерде тұқымбақтары жасалды.
1959 жылы Талап, Кеңес, Октябрь, Ворошилов, Келінтөбе колхоздары бірігіп Талап кеңшары болып құрылды. 1962 жылы Тақыркөл, Жайылма колхоздары, Горняк қосалқы шаруашылығы бірігіп Красная звезда кеңшары болды. 1964 жылы Келінтөбе, 1966 жылы Задарья, Сунақата, 1967 жылы СОПК – ның ХХIІІ съезді атындағы, Түгіскен, 1974 жылы СОПК – ның ХХIV съезді атындағы, Өзгент, 1977 жылы Юбилейный, Мал бордақылау бірлестігі, 1980 жылы Алмалық кеңшарлары құрылды.
1961 жылы Жаңақорған қонысында ауылшаруашылығы механизаторларын дайындайтын №187 училище ашылды. 1971 жылы кәсіптік-техникалық училище болды. 1996-2013 жылдар аралығынды кәсіптік лицей, кәсіптік-техникалық мептеп, 2013 жылдан бері аграрлық- техникалық колледж атанды.
1962 жылы аудан орталығында алғашқы клуб үйі салынды. 1974 жылы «Арман» мәдениет үйі, 1986 жылы Манап Көкенов атындағы орталық мәдениет үйі, 1990 жылы «Ордакент» кинотеатры (қазіргі ардагерлер және жастар ресурстық орталығы) салынып, пайдалануға берілді.
1966 жылы ауданда спорт комитеті құрылды. 1970 жылы Жаңақорғанда, 2004 жылы Аққорғанда балалар және жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Бүгінде олимпиадалық-резервтік мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ретінде жұмыс жасауда. 2014 жылы Жаңақорған спорт клубы ашылды. Жаңақорғандық спортшылар Олимпиада ойындарында өнер көрсету құрметіне ие болды. Яғни, Жасұлан Мұхтарбекұлы Бейжің Олимпиадасы, Дәулет Ниязбеков Лондон Олимпиадасы, Ғалымжан Өсербаев Рио-де-Жанейро Олимпиадасында ел намысын қорғады.
1976 жылы Жаңақорған теміржол вокзалы, 1977 жылы аудандық атқару комитетінің (қазіргі бөлімдер отырған ғимарат), 1991 жылы аудан әкімдігі пайдалануға берілді.
P.S.: Әрине, аудандағы елеулі оқиғаның бәрін қамтып шығу әсте мүмкін емес. Біз айтулы оқиғалар жөнінде ғана тоқталдық. Алдағы уақытта тәуелсіздік жылдары орын алған тарихи оқиғаларды арқау ететін боламыз. Ұсыныс-пікірлеріңіз болса, қапы қалмаңыздар...
Ерубай ҚАЛДЫБЕК.