№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАСІРЕТТІ ЖЫЛДАР ЖАДЫМДА

ҚАСІРЕТТІ ЖЫЛДАР ЖАДЫМДА


Голощекиннің «Кіші қазан» революциясы аясында «аша тұяқ қалмасын» деген белсенділердің әрекетінен қазақ алдындағы малынан айырылып, ішерге ас таппай, қынадай қырылды. Шамамен 3 миллионнан астам адам опат болған. Жалпы, деректерге сүйенсек,
1931 жылы Жаңақорған жерінде 32 мыңға жуық халық болса, 1933 жылдың соңында небары 10 мыңы қалған екен. Көбі аштықтан қырылды. Орта Азия елдеріне қоныс тепті.
Сол кезде «Ташкент тоқ қала» деген сөз тарап Арқадағы қазақ аттылы-жаяулы Оңтүстікке жөңкіді. Бірақ, бір үзім нан үшін жолға шыққанның біразы діттеген жеріне жете алмай үзілді. Темір жол арқылы Орынбор, Орал, Ақтөбе асқан, жаяу шұбырындылар Жезқазған, Торғай, Қарсақпай бағытынан келіп, Жаңақорған даласында қырылғаны белгілі.
Аққұм бекетінің байырғы теміржолшысы Жаппарсадық Қожатаев қасіретті жылдар жайлы былай деген еді: «Отызыншы жылдары шойынжолда істейміз. Күн сайын «паек» беріледі. Сондықтан біз өзгелерге қарағанда ширақтау болдық. Күнделікті темір жол жағалаймыз. Босаған кастелдерді анықтап, бекітеміз. Сол кездері жол бойында пойыздан түсіріп тастаған өліктер мен шалажансар адамдар кездесетін. Өліктерді бекетке жетпей қорымға апарып, ұзыннан казылған шұқырға көмеміз. Мұндай жағдай барлық бекеттер мен разъездерде де орын алып, оларда да өліктердің осылай жерленгенін жақсы білемін».
«Қызылдар қырғыны» кітабында Жаңақорған топырағындағы аштық жайлы келтірілген. Онда ашаршылықтың куәсі болған Төменарықтың тұрғыны Бұлдырық Құрбанәлиев: «Аштан өлгендерді көзбен көрдік. Кірпіш зауытта жұмыс істейтінбіз. Ауылнай Шоманбай Сарымбетов өлгендерді жинап, теміржол бойындағы мазарға көмгізетін. Төменарықтан 20-25 шақырым жерде жабайы әк зауыттары болатын. Әк зауытқа барар жолда «Қотанбұлақ» деген жерде адамның сүйегі үйіліп жататын. Ауылнай өлгендердің денесін ит-құсқа жем болмасын деп атпен сүйреткізіп, иесіз әк зауытқа тастатып, көмдіретін», деген жолдары жазылған.
Сол кездері Жаңарық колхозында бригадир болған Нұрымбет Исағұлов: «Ескіше хат таныдым. Басшымыз Жәрімбеттің Әбені мені Қызылорда қаласындағы кеңес-партия мектебіне оқуға жіберді. 1932 жылдың күзіне демалысқа келдім. «Қыркеңсе» ауыл кеңесіне бардық (Төлегатай-Қылышты ата мазарының батысынан бір шақырым жерде болатын). Бүйірқұмдарды жағалай қазып кірген кепелерде өлген адамдардың мәйіттерін көрдік. Әбен басқарманың тапсыруымен кепелердің төбесін құлатып, мәйіттерді көмдірген болатын».
Сондай ашаршылық құрбандары көмілген жердің бірі – Бесарық ауылдық округіне барар жолдағы «Қосыман бейіті». Бұл жерде де аштық құрбандары жерленген. Ауылдың 80-90 жылдарғы имамы болған Таңқашбек қарияның айтуынша, сол маңда тұратын Қосыман есімді азамат ауылдан 1,5 шақырым жердегі құмшауыт дөңнің ернеуін бойлай қазып, сол маңдағы өліктерді көміпті. Кейін ол жер «Қосыман бейіті» атанып кеткен.
Бұрынғы Самара-Шымкент жолы бойында «Секретарь төбе» атанған жер бар. Ашаршылық жылдары басқа жақтан ауып келген адамдар Сырдария бойына жете алмай осы төбе маңында аштан өлген екен. Өліктердің сүйектерін Емберген Алтынбеков хатшы болып келгеннен кейін жинатып, төбенің баурайынан терең ор қаздырып сонда көмдіреді. ХХ ғасырдың 80 жылдары мән-жайдан хабардар болған ауданның бірінші хатшысы Самит Далдабаев төбенің тұсынан өтетін жолдың екі жағына тақтайша белгі орнатып, оған: «Ей, жолаушы! Арыныңды басып, жайлап өт, бұл жерде ашаршылық құрбандары жатыр!» – деп жаздырады.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
29 мамыр 2018 ж. 1 608 0