Қаратаудың қадірменді қариясы
«Құрмет белгісі» орденінің иегері, еңбек ардагері Исатай Топышев туралы ел ішінде көптеген аңыз әңгімелер бар. Соның бірінде «жас күнінде таудан қайтып келе жатқанда оң аяғына жолбарыстың баласы оралыпты» деседі. Бұғанасы қатпаған баланың болашағын болжаған қариялар «текті ұл болады» деген екен. Расында, Исатай Топышев ел құрмет еткен, жұрты сыйлаған қадірменді қария болып, елді береке мен бірлікке бастады.
Ол 1906 жылы Кеңес ауылында дүниеге келіп, ескіше білім алып, «Мұқтасарды» тауысқан. Туған жерінде бастауыш сыныпты аяқтап, Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтында білім алған. Онда филология ғылымдарының докторы, профессор Мәулен Балақаевпен бірге білім алған. Үлкен білім ордасында Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Бекайдар Аралбаев секілді Алаш қайраткерлерінің дәрісіне көңіл қанықтырған.
Жоғары оқу орнын бітірген Исатай Топышев қызметті өзінің ауылынан бастайды. Нақтылап айтқанда, 1927-1930 жылдар аралығында Сауран болысында қосшы, 1930-1932 жылы Бесарық ауылдық Кеңесінің хатшысы, 1932-1934 жылдары Өзгент- Түгіскен ауылдық Кеңесінің хатшысы, 1935-1942 жылы «Кеңес »кеңшарының басқарма төрағасы болды. Нәубет жылдары ел басқарған Исатай Топышев елді тоқыраудан сақтап, ауылшаруашылығы саласының жандануына қызмет етті.
Алғашқы жылы Кеңесте 120 түтін, 230 жұмысқа жарамды жандар болды. Аз ғана қолмен 400 гектар бидай, 300 гектар мақта, 50 гектар жүгері егіп, елдің әлеуетін түзеуге жететін өнім алды. Шашауын шығармай жинап алған өнімге 1200 тоқты, 7 сауын сиыр алған. Міне, Кеңес ауылының мал шаруашылығы осы тұста дамуды бастан өткереді. Өзге ауылдар күнімізді қалай көреміз деп, аштық пен жоқшылықтың зардабын көріп жүргенде Кеңес ауылы соғыс майданына өз қол еңбектерін қосты. Тарқатып айтсақ, соғыс жылдарында облыста танк колоннасын жасауға Кеңес ауылынан 20 000 сом жөнетілген. Соғыс жүріп жатқан жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық радиодан: «Қызылорда Облысы, Жаңақорған ауданы, Кеңес колхозының еңбекшілері көктемгі егінге тыңғылықты дайын» деп хабарланған. Егіні бітік шыққан Кеңес колхозының диқаншылары 1942 жылы жоспарды мерзімінен бұрын орындағаны үшін СССР-дің ауылшаруашылығы министрінің «Мақтау грамотасымен» марапатталған.
Еңбекпен қабырғасы қатайған Исатай Топышев 1943-1945 жылы Ворошилов атындағы колхоздың басқарма төрағасы болып қызмет етті. Содан соң, 1946-1959 жылы Кеңес колхозының басқарма төрағасы болып сайланды. Ауылға басқарма басшысы болып келген Исатай Топышев елдің гүлденуіне, қарқынды еңбек етуге халықты жұмылдырды. Ол басшылық еткен жылы Кеңес ауылының көсегесі көгеріп, молшылық пен тоқшылықтың туы тігілді. Осы мекенде 1956 жылы 595 гектар бидай, 175 гектар мақта, 60 гектар жүгері, 10 гектар бақша егілді. Шарушылықта 7592 қой, 540 мүйізді ірі қара, 235 жылқы, 102 түйе болды. Егін мол өнім беріп, қой басы көбейіп, ауылдың жылдық табысы 1 миллион 236 мың 550 сомға жетіп, ауыл «Миллионер ауыл» атанды.
Ауылда өркениеттің қанат жаюы Исатай Топышев басқарған жылдармен сәйкеседі. Тұрмыстың түзелгенін ауылға 15 үйдің қоныстануға берілгенінен, жаңа клуб үйінің салынуынан, электрстансасы салынып, электр қуаты үйлерге тартылуынан, жол салынунан, радио желісі тартылунан байқауға болады. Май шамнан құтылып, электр шамдарын қолданған елдің қуанышында шек болмады.
Исатай 43 жыл қызмет етіп, 23 жыл басқарма басшысы, 19 жыл өзінің туған жерінде абыройына дақ түсірмей басқарма төрағасы болып қызмет етті. Туған жеріне туын тіккен азамат Сталиннің «Алғыс хатымен», Бүкілодақтық халық шаруашылығының алтын медалімен, «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі жетістігі үшін» медалімен, марапатталды. Ауылдың аяққа тұруына білек сыбанып, бел жазбастан кіріскен Исатай Топышев байлық пен дүниеге әуес болмады. Кіндік қаны тамған мекенді қастерлеп, тұтас ғұмырын туған елдің жандануына арнаған жанның биік рухты болмысын елі әлі ұмыта қойған жоқ.
Мақпал МАРҚАБАЙ.