Қазақ халқының батасы – асыл сөз
Жер үстіндегі әр ұлттың өзіндік дара «менің» бейнелейтін ерекшеліктері сақталып, ұрпақтан ұрпаққа ауысуда. Қазақ халқының тілек-бата сөздері – көнеден келе жатқан қазақ мәдениетінің тілдік мұрасы, қазақ этносының даралығын, өзіндік ерекшелігін айқындайтын, тіл деректерінің бірі де бірегейі. Бұлай деуіміздің себебі, басқа түркі халықтарымен салыстырғанда қазақтарда тілек, бата деген жеке атаулар бар. Әрі олардың өздеріне тән ұқсастықтары мен айырмашылықтары да жоқ емес.
Ерте заманнан келе жатқан халқымыздың қасиетті дәстүрінің бірі – ақ тілек тілеп, бата беру. Ақ тілек тілеу, бата беру халқымыздың ежелден айтылатын, әр адамның көңіліндегі мейір шапағаты, жылы пейіл-ықыласы, шын жүрегінен шыққан лебізі, екінші бір пенденің дәтіне қуат, рухына медет ететін ақ тілегі. Адам баласына жақсылық тілеу, тілеп қана қоймай, өзің жақсылық жасау – борышың деп кесіп айтқан ата - бабаларымыздың өсиеті, аманаты, жанашырлығы - біздің ұлттық мінезіміз . Жақсы сөз-жарым ырыс дегендей, оның себеп - сылтауы да көп дастархан қайырса да, баласы атқа қонса да, келін түсіріп, қыз берсе де, алыс сапарға шықса да, адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде, қуаныш иесіне, той иесіне тағы басқа жақсылықтарда ата-бабаларымыздың қол жайып, ақ тілек, ақ бата беруі біздің дәстүріміз.
Ата-бабаларымыздың өсиеті батаның шығу тарихы әлі де терең зерттелуде. Алайда бірқатар тіл мамандары: «Бата – арабтың «фатеке» деген сөзінің қазақша айтылу түрі», - дейді. Яғни, бата – фатекенің мағынасы: алғыс айту, ақ ниет, ақ тілек білдіру. Ақ бата – ұлтымыз үшін теңдесі жоқ асыл сөз. Ал сөз – бүкіл адамзат тарихындағы құдіретті күш. Өзінің адал жаны, бүкіл рухы, өткен тарихы сөзге тығыз байланысты қазақ халқы ақ батаның ізгі сөздеріне сүттей ұйып, оның құдіретті күшіне шексіз сенеді. Жақсы бір істі қолға алғанда өз мақсатына жету үшін Аллаһ Тағалаға жол іздеп, оны Жаратқан Иеміздің рұқсатымен бастау үшін әуелі ниетін түзеп, бүкіл ойын, тілегін шарболаттай сығымдап, сөз арқылы бір арнаға құйып, Раббымыздан «Ісімді оңғара көр», - деп сұрайды, басқаға тілек айтып, бата бергенде де оның қабыл болуын Аллаһ Тағаладан тілейді. Олай болса, тілек айту, бата беру – Аллаһ Тағалаға жол іздеудің, онымен байланысудың Ғаламдық күш-құралы, дүниетанымымыздың ұлттық бір жүйесі. Ақ бата – қазақ халқы үшін – Ой, Ниет, Тілек, Істің жиынтығы, барлық наным-сенімнің бірлігі. Сол себепті, қазақ халқы көне – көк түрік заманынан қазірге дейін өзінің барлық ізгі істерін ақ тілекке толы ақ батамен бастап келеді, келешекте де әр қадамын ақ батамен аттайтын болады деп сенеміз.
Әйгілі тілші – ғалым, ақын, аудармашы, әдебиет теоретигі Ахмет Байтұрсынов :«Бата біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз. Оны ақсақал адамдар айтады. Батагөй шалдар – басы бар табақты тартуға алып келгенде де, асты жеп болғанда да бата қылады.» - деп жазады.
Бата – негізінен, намаздың соңында қол жайып айтылатын дұға. Қазақ баталары соның үлгісінде айтылатын бір түрі. Батаның қысқасы да, ұзыны да болады. Түрлері де әртүрлі. Мұның бәрі бата берушінің шешендігіне, ақыл-ой, парасатының дәрежесіне тығыз байланысты. Егерде сөздері асыл болса, ол ақ ниетпен айтылса, қысқа батаның да, ұзын батаның да қадір-қасиеті, құдіретті күші бірдей. Тек оның қабыл болу – болмауы жалғыз ғана Аллаһ Тағалаға аян. Біздің данагөй бабаларымыз: «Жауынменен жер көгерер, батаменен ер көгерер», - деп айтып кеткен ғой. Бата беру - адал ниет, жақсы тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Халық ақ батадан рухани қуат алады, ол жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Сондықтан да қазақтар ежелден-ақ қадірлі қариялардан, атақты батыр, билерден, шашасына шаң жұқпайтын шешендер мен арқалы ақындардан бата алуға құштар болған. Халықтың тілек-бата сөздері жеткіншек жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуге баулиды, малды-басты, дәулетті, бақытты, кекшіл емес кешірімді болуын тілейді, жерін, елін қорғауға талапты азамат болып өсуге талпынтады. Бата берудің рәсімі де әртүрлі болып келеді. Болашақтың тұтқасы, иесі – ұрпағына амандық, парасаттылық, ізеттілік, өжеттік, мейірім, өнер- білім, құт – береке, ұзақ өмір, үлкен табыс тілеу – ежелден адамзаттың асыл мұраты болса керек.
1. Ақ бата. 2. Теріс (қарғыс) бата. 3. Серттесу батасы (Баталасу).
Ақ бата – шын жүректен шыққан ізгі тілек, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өсиетнама, Аллаһ Тағаладан мейірім-шапағат сұрау, қазақтың қасиетті тұмары. Ақ батаның негізгі мақсаты – ағайынның бір-біріне деген мейірім-шапағатын, сүйіспеншілігін білдіру, бірін-бірі ынтымақ-ырысқа, береке –бірлікке шақыру, үлкен-кішінің жолын ашу, келешекте жүзеге асырылатын мақсат, мүдделерді белгілеу. Соған сәйкес, ақ бата көбінесе мынандай жағдайларға байланысты беріледі: жаңа туған нәрестеге, өмір жолын жаңа бастаған ұл-қызға, жас отауға, алыс жолға шығушыларға, үлкен бір істі қолға алушыларға, жорық-шеруге аттанушы сарбаз, сардарларға, түрлі жақсылықтарға арнап жасалынған тойларға, аруақтарға ар налған асқа, жауын тілеген тасаттыққа, жиналған егінге, садақа, құрбандыққа, қонақасыға, күздік, соғымға сойылған малға, сойылған соғым басына, қонақасыға, Наурызға (Наурыз бата), Жаңа жылға, мүшел жасқа, дастарқанға, Ораза ұстағандарға (Жарапазан бата).
Бата (бата беру, бата алу). "Батаменен ер кегерер, жауынменен жер кегерер" (мақал). Бата халықтың рухани қуат алатын құдіретті сенім күші. Ол ел сенімін ақтайтын абзал азаматтарға, талапты жастарға, кептің жүгің көтерген адамдарға немесе үлкендер жақсы ісіне риза болған жағдайларда берілетін ұлы адамдар мен ел ақсақалдарының ақ тілегі, әрі өмірлік жолдамась мұның бірнеше түрлері бар.
1."Сырым батыр жас кезінде батасын алайын... деп Бөкен биге барыпты". Бұл ерлік, енер, өмір жолына, үзақ сапарға аттанар алдында әдейі барып тілейтін бата. Қошқарұлы Жәнібек жас кезінде Қаракерей Соқыр
Абыздан бата сұрай барғанда ол кісі былай депті:
Бедеуің белдеуіңдегі байлаулы болсын, Қазаның ошақтағы қайнаулы болсын. Есігің ашық болсын, Қабағың жазық болсын. Сонда ағайының кетпес қасыңнан Жақыныңа бұрмай төрелікті түзу бер, Сонда қаумалаған халқың кетпес қасыңнан. Мұндай баталар талапты, халык сүйген, ер-азаматтарға ғана берілген.
2."Дастарханың мол болсын, Абыройың зор болсын" ("Ақ бата")- Батаның екінші түрі дастарханға ризашылықпен беріледі. Дұрыс мүшелі қонақасы берілмесе шешен, өткір тілді адамдар бата ырымына сол үйдің сарандығын да қосып айтып жіберетіндер болған.
3. "Бақ берсін, бас берсін, Өміріңе ұзақ жас берсін" ("Ақ бата"). Үлкен кісілер немесе кез келген адам біреудің қайырымдылығы мен жақсылығы, ізгі қызметі үшін де бата береді. Батаның тәрбиелік мөні зор. "Батаменен ер кегерер, жауынменен жер көгерер" — деген сөз адамды ізгілікке, парасаттылыққа, мейірімділікке баулиды. Ендеше бата сол үлы қасиеттерге бастаушы әрі тудырушы рухани мүра болып табылады. Бата көркем сөзбен, өлеңмен, тақпақпен, шешендік тілмен, әсермен қол жайып айтылады. Батаны құрметті, елге өте сыйлы адамдар береді.
Теріс бата – қарғыстың қатты, жазаның өте ауыр түрі. Мұндай батаны әке-шешесі сенімін ақтамай, үлкен ұятқа қалдырып, әулетін, ата-тегін масқаралаған, өздеріне қолы, тілі тиген, дінін, тілін, Отанын сатқан, жауыздық, ауыр қылмыс, кешірілмес күнә жасаған баласына қолдарын теріс жайып тұрып берген. Батаның бұл түрі ел ішінде өте сирек қолданылады. Теріс бата ұрпақтан-ұрпаққа қара таңба болып қалып келген. Ата-анасының теріс батасын алғандарды халық жек көрген, оларға сенім артпаған, қонақ-қа шақырмаған, қыз беріп, қыз алыспаған, дос болмаған. Теріс батаны қайтару, қайтып алу үшін алқалы жұртты жинап, Аллаһ Тағаладан теріс батаны өзгерту сұралып, жалбарыну рәсімдері жасалынған. Тірі болса, ата-анасы: «Теріс батамды қайтып алдым», - деп айтқан. Адамдар қаншама ашуланып, қорланып, намыстанса да теріс бата беруге асықпағаны, теріс бата беруден сақ болғаны, теріс батаға мән бермей, айтып қалудан бойын аулақ ұстағаны абзал. Өйткені, «Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады»- дейді дана халқымыз.
Серттесу батасы (Баталасу) – құдалықта, серт пен уәдеде, елшілікте, ел арасындағы маңызды үлкен шараларда жасалатын жол. Ол – хан, ақсақалдар, билер алдында, аруақ орнында да жасалып, қол алысылып орындалатын ғұрып. Оны бұзу, яғни, «бата бұзу» - қарғыспен тең. Қазақ баталасуды – елдіктің, тектіліктің, азаматтық қасиеттің белгісі деп таниды. Этнограф – жазушы Сейіт Кенжеахметұлы баталасуға байланысты мынандай бір оқиғаны айтады: «Шақшақ қайтыс болғанда (ХVII ғасыр) оның жас әйелі Сомалтынды жақын қайнысы Әйдеркеге қосады. Осы Сомалтынның Шақшақтан туған жас баласы Есназар мен Әйдеркеден туған Жылқыайдар екеуі енелес. Екі бала бірге өсіп, ер жеткеннен кейін елдің басты адамдары жиналып: «Сомалтын қасиетті, өнегелі ана болды. Бұдан былай одан туған Есназар мен Жылқыайдар бір ананың баласы болғандықтан, қанша ата өтсе де, бір-бірінен қыз алыспасын, өмір бойы туыс болып саналсын», - деп, қол жайып, аруақ атын айтып, баталасыпты. Міне, сол бата арада 400 жылдай уақыт өтіп, арасы 12 атаға толса да, әлі бұзылған жоқ».
Бата көбінесе жастарға беріледі. Бата беретіндер: көпті көрген құрметті ақсақалдар мен кемеңгерлер, дуалы ауызды билер, атақты адамдар, өз ісінің хас шеберлері. Ерлер отырғанда әйел бата бермейді. Әйелдер арасында сөз білетін бір ер бала отырса, әуелі сол бата беруге тиісті.
Қазақта: «Өз ісінің шеберінен бата алса, соған тартып, батасын алған жас та шебер болады», - деген сенім бар.
Қазақтың батасы көбінесе өлең түрінде өріліп, ол: «А, құдайым оңдасын, Желеп-жебеп қолдасын», «Уа, Жаратқан Ием құдірет, Тілегімді қабыл ет», «Ақ батамды берейін, Арта берсін мерейің», - деген сөздермен басталып, сөз түріндегі баталар: «Батыр бол», «Бай бол», «Бақытты бол», «Ақ сақалды, сары тісті (түсті деп те айтады) қария бол», «Қосағыңмен қоса ағар», «Үбірлі-шүбірлі бол», «Алла Тағала пәле-жаладан сақтасын», - деген ақ тілекпен де аяқталады. Дастарқанға бата бергенде оны «Дастарқаның мол болсын, абыройың зор болсын!», «Бақ берсін, бас берсін, өміріңе ұзақ жас берсін!», «Дастарқаның берекелі болсын, өмірлерің мерекелі болсын!», - деп те қайыратындар бар.
Тілек пен батаның жалпы мазмұны ұқсас болғанымен қабылдану сипатында мынадай айырмашылықтар бар.
Баталарда:
– бата берушінің білімі және мәдениеттілік деңгейі;
– әлеуметтік деңгейі;
– жас ерекшелігі (тек көпті көрген қариялар немесе өмірлік тәжірибесі бар адамдар ғана бата беру мүмкіндігіне ие);
– жынысына қарай (ер адамдар);
– орны.
Тілектерде:
– тілек білдірушінің әлеуметтік деңгейі ескерілмей, жалпыхалықтық сипат алады;
– жас ерекшелігі маңызды емес;
– жынысына қарамайды;
– тілек айтудың арнайы белгіленген орны болмайды, жағдайға байланысты айтылады;
ҚОРЫТЫНДЫ
1. Қазақ халқының әдет-ғұрпында ақ тілек ізгі ниет білдіру есте жоқ ескі заманнан бері барүрдіс. Ол өлең, көркем қара сөзбен айтылып, ауыз әдебиетінің бір жанры болып қалыптасқан. Бата өмірдің пайдалы да тәрбиелік жақтарын алға тартып, күнделіктітіршілікте жаңсақ қадам, жаман әрекеттен сақтандыра отырып, адамдық іс қаракет, асыл мінез-құлықта сәт-сапар, оң жол тілейтін өсиет сөз іспетті. Айталық, белгілі бір істі
бастарда, ұзақ жолға шығарда ақсақалдардың ақ батасын алу — қазақтың ежелгі дәстүрі. Ислам дініне қараған кезден бері ол өлгенге Құран оқу, аят оқу сияқты діни сенімдермен ұштастырылды. Қазақтар әдетте дүние салған адамның жылына дейін оныңтуыстарына көңіл айтады,бата жасап,өлікке бағыштап дұға оқытады. Мұны әркімнің "Құдай алдындағы парызы" деп есептеген. Бүгінгі батаның тәрбиелік маңызы зор .
2. Қазақ бата сөздеріне ұлттық болмыс ұғымдарының тікелей қатысын байқауға болады. Шаңырақ өмірдің жалғасы екендігіне қалыптасқан сенім оған байланысты тілек-баталардың да тууына негіз болған. Сол сияқты қазанға, ұрпақ жалғастығына, жалқы есімдерге байланысты айтылған тілек-баталардың астарында үлкен сенім байқалады. Сонымен қатар бата-тілектерінде табиғат құбылыстарына, әлеуметтік, шаруашылық тұрмысына да байланысты тілектер молынан ұшырасады. Бұл қазақтардың дүниеге келгеннен-ақ өздерін табиғаттың бір бөлігі, табиғаттың перзенті деп санағандықтан туған тілектер. Сондай-ақ өмір сүру көрінісі мен тіршілік ету әрекетінің жүзеге асуы тілекпен анықталған.