Қазақтың домбырасын мазақ еткендер кімдер?
Бабаларымыздың арманын, ұлан ғайыр даламыздың сырын, шежіресін, болмыс-бітімін танығың келсе қос ішекті домбыраны тануың керек. Ал мыңжылдықтар көшінің үні мен ата-бабаның арман-тілегін тыңдағың келсе домбыра үнін тыңдауың шарт. Өйткені ол қаншама сырды бойына жасырып, ұлт тарихында орын алған қуанышты да қайғылы оқиғаларды жеткізуде ерекше сипатқа ие болған аспап. Осындайда қос ішекті аспап кезінде жазу-сызудың қызметін атқарған ба деп қаласың! Олай болса домбыраның қадір-қасиетін қазіргі адамдар түсіне алып жүр ме? Соған тоқталсақ ...
Әлқиссаны қара сөздің хас шебірі Ілияс Жансүгіровтың мына бір өлең жолымен бастағанды жөн көрдім.
Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң тіл бар ма
Тіл жоқ деуге бола ма
Тілден анық үн барда
Домбыраның күші мол
Көмейінде күй барда.
Осынау өлең жолдарынан қастерлі домбыра халқымыздың қандай да болмасын оқиғасын тілсіз-ақ жеткізіп, сазды үнімен қуанта да, күңіренте де алатын айнымас серігі болғанын байқайсыз. Оған тарих беттерінде қалған мына бір аңыз дәлел.Бірде Жошы ханның ұлы мерт болғанда қаралы хабарды естіртуге ешкімнің жүрегі дауаламайды. Сонда бір қария осы жаманат хабарды домбырасын шертіп күймен жеткізген. Сол кезде қатты күйінген әкенің әмірі жансыз болса дағы қос ішекті күйсандықтың көмейіне қорғасын құйылсын деген пәрменмен аяқталады.
Иә, қазақи қоңыр үнімен алты алашқа танылған бағалы құндылығымыз жайында деректер де аз емес. Мәселен, орыс тарихшысы А.Е.Алекторовтың: «Қолдан істелген екі ішекті домбырадан мұндай нәзік, мұндай әсем дыбыстар шығады дегенге мен еш уақытта сенбеген болар едім! Егер де мына қарапайым, жаныңа тым әсерлі әнді өз құлағыммен естімесем, оның ызыңдаған жаратылыс үнімен ұласатын күшіне осыншалықты таң қалмас едім», – деген екен. Тағысын тағы жалғаса беретін пікірлер тарихта көптеп кездеседі.
Осы тұста дана халқымыздың: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра», – деп бекер айтпағанын аңғарамыз. «Елу жылда ел жаңа демекші, ғасырлар алмасып, заман жаңаша бағытқа бет алды. Алайда жаһандану үрдісі жауһар мұрамызды шетке ысырып жатқан жоқ па? Бүгінде төл құндылық саналатын добыраның киелі сахнаға шығуы сиреп, үйдің төрінің сәні болудан гөрі көрмелердің жәдігеріне айналып бара жатқандай ма деген ой мазалайды. Осы ретте ақиық ақын, сал-серілердің күш қуаты, қаруы болған алтын домбыраны қолына алып, әуезді әуенді асқақтататындардың да саны азайып бара жатқандай. Батыстың даңғазасына елтіп, фонограмма арқылы ән айтатын орындаушылардың күні туғандай. Дегенмен тұңғыш Елбасының бастамасымен 2018 жылдан бастап шілде айының алғашқы жексенбісі «Ұлттық домбыра» күні деп жарияланып, еліміз бойынша ұлттық төл аспабымыздың мәртебесі бекемделіп қалды. Ендігі үміт жыл сайынғы дәстүрге айналған айтулы мереке рухани қазынамыздың мерейін жоғарылатуда зор үлес қосады деген сенімдеміз.
Осы жөнінде тағылымды ойымен бөліскен өнер жанашыры, аудандық мәдениет үйінің М.Көкенов атындағы шығармашылық мектебінің директоры Уәли Ибрагимов:
– Қазақтың ұлттық аспабы саналатын домбыра әр қазақ шаңырағынан табылса ұрпағымыздың ұлттық болмысы жоғалмайды. Ендеше, домбыраны үйрене отырып, күйді тыңдай жүріп, өз халқымыздың мәдениетін әлемге паш етейік, ұл-қыздарымызды домбыра үні арқылы тәрбиелейік. Бағзы заманнан өнер десе ішкен асын жерге қойған рухани терең, әнді сүйген, жырды сүйген халықпыз ғой. Кеңпейіл қазақтың той-томалағы, мерекесі қос ішегінен құт-береке төгілген киелі домбырасыз әсте өтпеген. Сондықтан болар, қасиетті домбыра қай заманда да қазақылықтың қаймағы болған асыл мұрамыз, – дейді.
Қазақ басқа дүниесінің құнын дауламаса да домбыраға келгенде оны бар байлығынан артық көріп, киесін ұлықтап, төрінен орын берген халық. Осы бір асыл құндылығымыз да аяқасты болып бара ма, қалай? Бұлай деуге себеп те жоқ емес. Жақында ғана қасиетті қара домбыраны сындырып, қор қылған өзге ұлт жігітінің бейнежазбасы барлық әлеуметтік желілерді шулатты.
Жартылай жалаңаш орыс ұлтының өкілі ұлттық жәдігерді жерге ұрып, күл-паршасын шығарғаны туралы бейнекөрініс жерден желек тапқандай әлдекімдердің демеуімен таратылып үлгеріпті. Міне, бұл көрініс домбыраны қадір тұтқан барша қазақты ызыландарғаны анық. Өйткені осы бір әлдекімдердің қарабайыр әрекетінен әп сәтте қара домбырамыз қор, ал әлгі тентектердің көңілі зор болғаны өкінішті. Тіпті ашынған жұрт қарымта қарекеттерге бару туралы да сөз еткен болатын. Олай болған жағдайда екі ұлт арасына араздық түсіп, алауыздықтың туындауы да ғажап емес еді. Артынша халық арасында үлкен резонанс тудырған бұл оқиғаға сол «басты кейіпкердің» кешірім сұрап, ақталған бейжазбасымен нүкте қойылды. Шын өкінді ме, жоқ па, қайдам, бірақ ұлттық құндылықты таптаған жігітті әлеуметке кешіре салу жеңіл болмай тұр. Тіпті заң аясында жауап беруді талап еткендер көп. Алайда ол жігітке заң талабымен тиісінше шаралар көрсетілгенінен хабардар болдық. Осы ретте заң аясы әлі де болса солқылдақтау сынды.
Бұған дейін де талай ұлттық құндылықтарымызды таптаған ойсыз әрекеттер көптеп кездесті. Мәселен, қазақтың күйін мазақ етіп түнгі клубта арсыз қылыққа барған жағдай орын алды. Төсіне ұлттық әшекей тағып, жалаңаш денесіне шапан кигенді де көз көрді. Керек десеңіз арақтың қаптамасына Құран сүрелерін, Абайдың қара сөздерін жазып, ел жұрттың ашуына тигендер де бар. Мұндайда еріксіз оңтүстіктегі көршіміздің тәртібі еске түседі. Оларда ұлттық құндылықты қорлау былай тұрсын, жаман пікір айту дегеннің өзі атымен жоқ. Өйткені ұлттық мүдде заңмен қорғалады. Ал бізде мұндай мәселенің жеңіл жазамен құтылуы оны қайта қайталайтындарға сабақ болмай отыр.
ТҮЙІН. Жаратқан иеміздің қазақтың ғана бағына бұйыртқан асыл мұрасы – киелі домбыраға қиянат етпей құрметтеу, мерейін асырып, үлгі ету ендігі кезекте біздің қасиетті парызымыз. Қазақтың қазақтығын танытатын күмбірлеген асыл домбырамыздың асқақтауына үлес қоспау алдымен қазақтың өзіне сын!
Лаура БИБАСАРОВА