№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » ДОМБЫРАМ– СҮЙЕНІШІМ

ДОМБЫРАМ– СҮЙЕНІШІМ

   Бұ қазақтың шаңырағынан Құран, қамшы, домбыраны оңай табасыз. Құранды оқи алмаса да әспеттеп биікке қояды. Расында әрбір қазақтың Құранға құрметі жоғары. Сосын әкесінен қалған мұрадай қамшысын сақтайды. Мейлі күнде жылқы мінбесе де төрде тұрады. Домбыраны шерте алмаса да, мейманның көзі түсетін жерге қояды. Мұны мойындайсыз ба? Енді Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында ұлттық код, генетикалық жады дегенді жиі-жиі еститін болдық. Міне, қос ішекті домбырадан күй төгілгенде ұлттың мыңжылдық тарихы көз алдыңызға келіп, алпыс екі тамырын буырқанып, бұрқанғанын байқайсыз. Неге? Себебі ұлттың мың жылдық генетикалық жады домбыраның үнінде, дыбыс иірімдерінде сақталып тұр. Оны тек домбыра тартқанда немесе тыңдағанда ғана ұға аласың!




Дерек көздеріне қарағанда, ІV ғасырда Арал теңізінің батысы мен Жамбыл өңіріндегі археологиялық қазбалардан тасқа қашалған екі ішекті аспаптың суреті табылған. Ғалымдардың болжамынша, домбыра тас дәуірлерде пайда болуы мүмкін. Иә, домбыра ата-бабамыздың оқыса – кітабы, қуанса – досы, сырласы болған. Домбырада адамның дертіне дауа болатын сыршыл үні бар деседі. Әл-Фарабидің еңбектерінде «қос ішек адамның денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады, күш-қуатын арттырып, батылдыққа баулиды» деп жазылған. Домбыра не себептен екі ішекті, он екі пернелі? Бұл жөнінде ойланып көрдіңіз бе? Зерттеушілер домбыраға екі ішек тегіннен-тегін тартылмағанын, оның үстіңгі ішегі – аспанмен, астыңғы ішек Жер-анамен тілдеседі деседі.
Менің үйімнің төрінде де қолдан жасалған қара домбыра ілулі тұр. 1986 жылы «Оралдың облыс ақыны» атағын алған кезімде, Ұлықпан Есенов деген айтыскер досым «дауысы қоңыр саған терме айтуға жақсы келеді екен» деп сыйлаған еді. 33 жылдан бері мұңайғанда жаныма серік етіп келеді екенмін.
Менің терме, толғауларымды әйелім, бала-шағам түсіне бермейді. Себебі тілдері орысша шыққан. Олардың көзінше домбыра шертіп, терме айтпаймын. Өйткені әйелім: Басыңа көрінгір. Домбыра қолыңа тисе, сұңқылдап, зарлайды да отырады екенсің, адамның зәресін ұшырып!», – деп алыстау түкпірдегі бөлмеге қояды. Үйде ешкім жоқта бірер сағат сырласып, шерім тарқап, қайтадан төрге іліп қоямын. Қайтейін, менің әйелімнің репертуарымдағы Мәдидің «Қаракесегі, «Қарқаралысы», Иманжүсіптің «Ерейментауы», Құныскерейдің термесі, Естайдың «Қорлығайыны», Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы», Біржан салдың «Жанботасы», «Дүние өтеріңді біліп едім», Кененнің «Базар-Назары», Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпірі, «Қара шалы», «Қара баласысын» қайдан түсінсін?!
Домбыра, сенде мін бар ма?
Мінсіз болсаң тіл бар ма?
Тілсіз деуге бола ма,
Тілден артық үн барда.
Домбыраның күші мол
Көмейінде күй барда, – дейді қара өлеңнің құлагері Ілияс Жансүгіров.
«Күй – қазақтың ұрпақ сүйген ұраны, ол жүректен қайнап шыққан қыр әні», – дейді Кәкімбек Салықов. Бұл ұлт ұлдарының бұлайша тебіренуінің өзіндік себебі де бар. Өйткені домбыраның қоңыр үні жаныңа ләззат сыйлап, делебеңді қоздырады, жабырқаған сәттеріңде көңіліңді көтеріп, сергітеді. Түнерген қара бұлтты бір мезетте қара басыңа үйіріп, жүрегіңе мұң ұялататын да – домбыраның үні. Түсінгенге ұлттық брэндімізге айналып отырған бұл аспап қатпар-қатпар тарихтан асылдарымызды аршып беріп, дархан даланың төсінде дала қырандары мен ұлт ұландарының бастан кешкенін еш бояусыз кескіндейді. Оның көмейінен төгілген кез келген күй туған тарихымыздан ақпар беріп, өскелең ұрпақты тарихынан, мәдениетінен, әдебиетінен, ұлттық салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан хабардар етеді.
Міне, осындай өткеніміз бен өшкенімізден өнеге берер ұлттық құндылығымыз домбыраның қадірін қазіргі өскелең ұрпақтың дені түсіне бермейді.
Одан гөрі мән-мағынасы жоқ, сананы улайтын даңғырлаған дыбыстарға жақын. Рас, заманның көшінен қалмау да керек. Бірақ ұлттың ұлт болуы үшін ең басты қажеттілік – оның ұлттық, мәдени мұрасы. Сондықтан жер-жаһанды жаулаған жаһандану заманында жас бүлдіршінді ұлттық болмысқа сай тәрбиелеуде домбыра үнінің маңызы зор.
Күмбірлеген қоңыр үн болашақ ұрпақтың бойына ұлттық қасиеттерді молынан сіңіреді. Домбыраның қоңыр үніне құлағының құрышы қанған ұрпақтан ұлтты ұлықтар азамат шығары сөзсіз. Себебі домбыраны қазақ жанының ғасырлар көшінде шаң баспаған сырлы айнасы, халық рухының ықылым заманнан тіл қатқан тірі куәгері десе де болады. Қазақ ән-жырмен, домбыраның күмбірімен тыныстаған. Бесіктен-ақ бесік жырымен тербетілген. Абай: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп тал бесіктен жер-бесікке дейінгі қазақтың өмірі өлең мен жырға көмкерілетінін толғайды. Бабадан балаға мирас болған домбыраның күмбірі бүгінгі қазақ баласын тәрбиелейтін басты құрал болмақ.
Домбыра ойлы жанға ләззат, махаббат сыйлайды, көңіліне шипа болады. Қазақтың қоңыр үнді домбырасының менталитеті көшпейтін көшпенділер дискурсы, мәдени мұра нысаны, сарыны. Ендеше, қасиеті мол қос ішекті домбыраны ұлттық тәрбие беру мәселесінде тиімді пайдалану керек емес пе?
Мен жақында Бірлік ауылындағы «Нұрасыл» балабақшасындағы алтыға толмаған балалардың айтысынан керемет ләззат алдым. Оны «Жаңақорған тынысы» газетінің сайтына да салып, интернет арқылы да тараттық. Хит болып кетті. «Айнұрдың сіңілісі шықты» деп шуласты желідегі жұрт. Сол Айнұр мен Нұрасыл ертең домбыраны серік ететіні сөзсіз
Бүгінгі бүлдіршіндеріміздің тәрбие алған ортасы балабақшадан бастап сәбилерімізге осы құнды дүниенің қыр-сырын түсіндіріп, саналарына сіңіре беруіміз керек. Тәрбиенің негізі сәби шақта қаланады. Қай кезде де іргетасы мықты дүниенің сапасы мықты болары сөзсіз. Сондықтан балаға жастан ұлттық тәрбиенің дәнін сеуіп, домбыраның қоңыр үнімен сусындату керек. Бала кезде алған тәрбиенің өмір бойы серік болатыны дәлелденген де.
Психоаналитиктер қауымдастығының мүшесі, психолог Әбдуәлі Мәмеділ: «Бесікте жатқан сәби ананың сөзін түсінбейді, бірақ оған ананың үні – «Ананың әлдиі» музыка тембрі арқылы жетіп, психологиясына әсер етеді. Бесік жырындағы уайым-қайғы, бесік жырындағы үміт, бесік жырындағы қуаныш тек дыбыс толқындары арқылы баланың санасына жетеді. Жөргектегі нәресте ол әуенді ешқашан ұмытпайды. Өсе келе ол бала бесікте жатқанда құлағы қанық болған, құлағының құрышы қанған әуенді еске алып, анаға деген ыстық махаббаты мен іңкәр сезімі арта түседі», – дейді.
Балабақшадағы естіген үн ерте ме, кеш пе, өз нәтижесін береді. Домбыраның әуеніне елтіп өскен ұрпақ өз ұлтының ертеңіне елегізитін болады.
2016 жылы «Егемен Қазақстан» газеті төрағасының орынбасары Еркін Қыдыр домбырадан коллекция жинауды хобби еткен екен. Менің домбырама да қолқа салды. Сонда келіншегім Мария тоқтатып: «Бұл домбыра қаншама жылдан бері өзіңе серік болып келе жатыр. Қаншама тойларды асаба ретінде атқарысып, қиын кезде отбасын асырауыңа көмектесті. Өзін-өзі толық өтеді. Мұны мұражайға қоюға болады» дегені бар ма? Төбем көкке екі елі жетпей қалды.
Қара домбырам төрімде ілулі тұр. Анда-санда оңашада шертіп, бабалар рухымен сырласқандай боламын. Рухани рахаттанып, ерекше күйге түсемін. Өйткені домбыра менің ет жақыным, сырлас досым ретінде құнды.
«Ұлттық домбыра күні» қарсаңында домбыраны қолыма алып, өткенді еске алып, ұлттық аспаптың қасиеті жайлы толғанып, қағазға түсірдім...
Түйгенім қазақ домбырадан ажырамаса ұлттық рухынан, ұлттық менінен ажырамайды. Домбыра – қазақтың жаны.

Иса БЕРКІМБАЙ
07 шілде 2019 ж. 1 090 0