№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жақсылық Рахматулла еңбек жолын "Жаңақорған тынысынан" бастаған

Жақсылық Рахматулла еңбек жолын "Жаңақорған тынысынан" бастаған


Туған өңіріміздегі тоқсанға толған төл басылым бүгінге дейінгі тарихында сөз өнерінің талай темірқанат саңлақтарын тәрбиелеп шығарды. Солардың қатарында қарасөздің қаранары атанған, қоғам қайраткері – Жақсылық Рахматулла ағамыздың шоқтығы бір төбе.


Жақсылық Рахматулла еңбек жо­лын Жаңақорған аудандық газеті – «Коммунизм жолында» алпысыншы жыл­дары бастайды. Ол кезде газет редакторы Мырқы Исаев болатын. Облыстық «Ленин жолынан» бастап респу­бликалық «Социалистік Қазақстан» одақтың «Правда» газетіне дейін өткір мақалаларын, уытты фельетондарын жариялап, сайыпқыран журналист атанған Мырқы Исаев жас журналисті баулып, қоғамдағы кемшіліктерді қаймықпай сын тезіне алып, шындықты биік қоятын турашылдыққа тәрбиелейді.
Әрине, түкірігі жерге түспейтін бастықтар орынсыз қылықтары әшкереленген сын-сықаққа жайбарақат қарай алсын ба, қым-қуыт шайқас басталып кететін. Ондайда газет редакторының мықтылығы талай мардымсыған қаратаяқты қалам иесінің қарасынан ықтырардай нақты деректерге сүйенген фактілермен түйреп түсетін.
Мырқы ағасы «Ленин жолына” қызметке кеткен соң, партия мектебін таяуда бітіріп келген Адырбек Сопыбеков газет редакторлығына тағайындалды. Аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы Ғафур Мұхамеджанов болатын.
Жас тілші Жақсылық Рахматулланың қаламының ұшқырлығын танып, об­лыстық газеттің сол кездегі редак­торы Қалқабай Әбенов өз қарамағына қызметке шақырған екен. Бұған аудан­ның 1-ші хатшысы келісімін бермепті.
– Әрине, облыстық газеттің орны үлкен, бірақ аудандық газетте нағыз қайнаған өмірдің ішінде ысылғаның жөн емес пе? Жұмыс та көп, – деп қадамын тұсаған екен.
Кейін ойлап қараса, ол қадамын тұсау емес, бағын байлағандық емес, жергілікті басылымның да, ондағы жастардың да ең әуелі тірлігі қыж-қыж қайнаған ауданға керектігін тереңнен ойлаған көрегендігі екен. Аудандық газеттердегі журналистердің жағдайына жаны алаңдап, жаңа мазмұндағы жарқын қоғамға күн санап қадам басуда саясаттың нағыз сардарлары – қалам ұстаған қаламгер қауымының қажыр-қайратын, кәсіби құзыреттілігін кәдеге асыруға ұмтылатын әрбір басшыға Мұхамеджановтың осы парасатты ұстанымы үлгі болса керек.
Жақсылық аға аудандық газетте он жыл шыңдалып, облыстық газетке партия тұрмысы бөліміне әдеби қызметкер болып келіпті. Ол өзіне қымбат ұстаз санаған Қалқабай Әбенов ағасын осы кезеңдері жақынырақ таныды. Партия тұрмысы бөлімі Мәскеу мен Алматыда, облыста өтіп жатқан түрлі жиындардың есебін, қаулы-қарарын күнбе-күн газеттің кезекті санына беретін де отыратын. Осыдан-ақ, газеттің толық саясаттанғаны, мұның өзі бас редактордың міндетін қаншалық ауырлатып жібергенін түсіну қиын емес. Бұл жөнінде Жақсылық аға былай дейді: "Редакцияға партиялық тезистер келе бастағаннан қашан ол басылымға шығып, бақылаушылардың көзінен өткенше байыз таппайтын. Қалекеңнің санасындағы сол аласапыран мазасыздықтың бір мысқалы өз басыма түскен сәттерде редакторлық қызметтің жауапкершілігін анық сезіндім".
"Газет – бейнебір адам тәрізді, – деп толғанады Жақсылық Рахматулла. Ол бір кезеңдерде гүлденіп, өркендейді, енді бірде табан-жолынан сүрініп, жүрісінен жаңылады, не болмаса бойын дерт меңдеп, жасиды. Артында қиындыққа қарсы тұрар қайсар мінез тауып, қайта ширайды, от пен оқтың арасынан аман-сау өтіп, қайнаған тіршілікке қызу араласып кете барады.
Газет – адамзат қатынасын ортақтастыру құралы, ақыл мен ойдың қағаз бетіндегі әдіптемесі. Бірақ ол мемлекеттің, белгілі ұйымның, не жекенің меншігі болса да бәрібір әр кезде үстемдік етуші қоғамның бейнесін кескіндейді. Соның діттеген бағыт-бағдары мен мақсаты өз иесінің мүддесімен сәйкес келе ме, жоқ па, арадағы көзқарас қайшылығы неден шығады деген мәселені көтереді. Ендеше оның шежіресін сол кездегі қоғамдық ахуалдан бөліп қарай алмайсың”.
Жақсылық Рахматуллаев Алматы жоғары партия мектебін тәмамдап келген соң 1985-96 жылдар аралығында Тасбөгеттегі аудандық "Сырдария" газетінде бас редактор болып қызмет атқарды. Одан соң 1996-жылдан бастап "Сыр бойы" газетінде бас редакторы болды.
Қаламгердің 1984-2002 жылдар аралығында әдеби-көркем шығар­малары, деректі хиқаяттары мен әңгімелері республикалық баспалардан 10-нан астам дербес кітап болып басылып шықты.
"Меңсұлу", "Алыстай берген аяулым", "Жанымның жарығы", "Қолшатыр" сынды көркем дүниелері мен "Жібек жолындағы жұлдыздар", "Ғұмырдария", "Өмір самалы", "Болашаққа сенім", "Тәуелсіздік толғауы" тағы басқа деректі хикаяттары бүгінге дейін ұрпақ игілігінде "Егемен Қазақстан, "Қазақ әдебиеті" және "Сыр бойы" газетінде жарық көрген материалдарын түгелдей жинақтар болсақ том-том кітап қатарын толықтырары кәміл.
Білімі заңғар, ойы ұшқыр қалам иесінің тәрбиелеген шәкірттері қаншама. Солардың қатарында дүниетанымы бөлек, қарым-қабілеті ерек Дүйсенбек Аяшов, Қаныбек Абдуов, Айнұр Тұңғышбаева сынды журналистер Жақсылық ағаның қатал мектебінен өткендер. Өзіне зор талап қоя білетін Айнұрдың осыдан он бес жыл бұрын қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов туралы жазған очеркінен осынау заңғар тұлғамен деңгейлес журналист ой-өрісінің кім-кімді де таңқалдырғаны анық.
“Сыр бойының” Жақсылық аға қол қойған кездердегі бет-бедері бізге осылай сыр шертеді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
30 қараша 2019 ж. 1 377 0