№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қаламгерлік газеттен басталған еді

Қаламгерлік газеттен басталған еді


Адамның тіршілік-тынысының жаршысы, «Жаңақорған тынысы» (бұрынғы «Коммунизм жолы» газеті) газетінің шыққанына да биыл 85 жыл толғалы тұр. Бұл айтуға оңай болғанмен, арғы жағында қаншама тарих, қаншама өмір жатыр. Өткен ғасыр мен XXI ғасырдың арасын жалғап жатқан өмірдің ізі, тарихи сабақтастық. Біз соның біразының куәсі болдық. Кеңестік дәуірдің газетін шығаруға бір кісідей атсалыстық. Қаламгерлікті сонда қалыптастырып, аудандық газеттің шекпенінде шыңдалдық. Талай-талай қаламы жүйрік журналистермен қызметтес болдық. Үйрендік, кәсіптік жолға машықтандық. Сондықтан болар аудандық газет менің алғашқы мектебім, журналистік қадамымның бастауы екені айқын.
Сәл шегініс жасасақ, 1966 жылы он бірінші сыныпты аудан орталығындағы №51 орта мектепте бітірдім. Үйіміз Қауық елді мекенінде болғандықтан №51-дің интернатында жатып оқитынмын. Содан сол жылы Жаңақорған Шиелі ауданынан бөлініп, өз алдына аудан болып шықты. Барлық құрылымдар құрыла бастады. Аудандық «Коммунизм жолы» газеті де сол жылы ашылды.
Ол кезде редакция «Казселхоз­техниканың» жанындағы есігі екі жаққа қараған екі пәтерлі үйде болатын. Баспахана сол кездегі кәсіптік училищенің темір жол жағасындағы ұзынша сарайында еді. Мектептен соң бір күні редакцияға соқтым. Ондағы ойым жұмысқа тұру. Ол кезде газеттің редакторы Мырқы Исаев болатын. Редактор мені баласынбай жылы қабылдады. «Жазатын ба едің? Жазғандарың бар ма? Қане көрейік», – деп сұрақты жаудырды. Мен болсам мектепте жүргенде жазып жүрген дүниелерімді Мәкеңе ұсындым. Ондағыларым «Қазақстан пионері», «Өскен өңір», «Ленин жолы» газеттерінде жарияланған майда-шүйде менің мақала, өлеңдерім еді. Менің ұсынған дүниелерімді ақтарып көрді де. Бара бер. Ертең бір хабар аларсың, – деді.
Мен екі ойлы, күдік пен үмітті арқалап шығып кеттім. Содан араға екі күн салып Мәкеңнің қабылдауында болдым. Мынаны өзің жаздың ба? Дұрыс екен. Бүгіннен бастап қабылдандың,-деді.
Мен күдікпен кіріп, қуана шықтым. Мырқының «қабылдандың» деген бір ауыз сөзі жанымды жадыратып, төбемді көкке жеткізгендей әсерде едім. Осылайша редакция мен баспахананың жұмбақ өміріне араластық та кеттік.
Бүгіндері өткен кезіме көз салсам сондағы Мырқының азаматтығының жоғары екенін сездім. Қолыма қарамай, адал, ақтығына риза болдым. Адамды тіршілігіне, ісіне, болашағына қарап, бағалай білетінін түсіндім. Қазіргі кезеңнің тізгінін ұстаған ірілі-кішілі ақ жағалылардың қолға қарайтын әдеттен мүлде жұрдайлығын көретін едік. Менің редакторым Мырқы жайлы кезінде «Социалистік Қазақстан», «Ленин жолы» газетінің редакторы болған, қарымды қаламгер Ұзақ Бағаев «Мырқың бір төбе-қырқың бір төбе» деген бағасының мәнін бірге қызметтес болғанда ғана білдік. Неге десеңіз Мырқы журналистиканы жетік меңгерген, оған қоса өте тез жазатын,оның ішінде сыни тақырыпта, әсіресе фельетон десе көсіле шабатын қаламгер еді. Сол жылдары «Мәкең жол сапармен кеңшарларға келеді» дегенді есітсе, шаруашылық басшылары сыналып қалмасақ екен деп, етек-жеңін жинап, сабыры қашады екен. Меніңше, бұлда болса Мырқының қаламының үшкіріне ілінбесек деген ойдан шықса керек.
Редактордың тағы бір қасиеті апта сайын лездеме өткізіп отыратын. Ондағы газеттің апталық санындағы материалдардың мәнімен маңызына, ненің көтерілмей жатқанына шолу жасап, жақсы мақалаларға, оның авторына орынды бағасын беретін.
Сол жылдары редакцияда Мырқыдан бөлек Әбділда Жаңабеков, Қалжан Исмайлов, Үмітай Өміртаева, Әкім Мейірбеков, Жақсылық Рахматуллаев, Төлеуғали Отарбаев, Бақтыбай Айнабеков, Үсен Әбшенов, Ыдырыс Дәрібаев, Айдархан Бибасаров, Қуат Оразбаев, Адырбек Сопыбеков, Жұмабай Әбілов, Оңалбек Садықов, Мінер Арысбаев, Құдабай Ертаев, Құдіреттіла Рахматуллаевтар еңбек етсе, баспаханада Нәрзілда Қалилаев, Қазақбай Әлібеков сынды басшылар қызмет жасады. Әріп теріп, бет құрастырғандар Марфуға, Бибайша, Гүлсара, Сұлухан, Жарқын, Жамила, Бибайымдармен бірге Қалымбет, Сапар т.б азаматтар күн-түн қатып тер төгіп еңбек еткен еді. Ол кезде газет аптасына үш рет шығады. Барлық жұмыс қолмен атқарылады. Қырық екі ұядан қырық екі әріптер бір-бірлеп қолмен теріліп, қолмен беттеледі. Қазіргідей компьютер жетілген баспахана жоқ. Менің еңбек жолым сол 1966 жылдың шілдесінен басталды. Алғаш корректор, әдеби қызметкер, еңбекші хаттары бөлімінің меңгерушісі деген жолдардан өттім. Жұмысқа тұрғаннан кейін араға бір жыл салып 1967 жылы ҚазМУ-ге бардым. Сырттай оқуға түсіп 1973 жылы журналист мамандығы бойынша университетті бітіріп шықтым. Оқу мен еңбектің арқасында шеберлікті шыңдап, кәсіби журналисттікке қол жеткіздік.1973 жылы СССР Журналистер Одағына мүше болып қабылдандым.
Ол кезде Одаққа мүшелікке қабылдау мүлде бөлек еді, талап, талғамы жоғары болатын. Қазіргідей бірлі-екілі мақала жазып мүше болу қайда. Жеделдемеде жақсы баға алсақ қуанып, кемшін жағын айтса нәтиже шығаруға талпынып жататынбыз. Өйткені газеттегі қаламдастардың дені дерлік журналисттікке енді ғана бет бұрағандар болатын. Осылармен қатар газет жанырына ерекше назар аударатынбыз. Тұрақты түрде номер сайын суреттеме, сұхбат, сын, очерк, жол жазба жанырын қамту қажеттігін талап ететін. «Газеттің көзі мен құлағы» болып табылатын штаттан тыс тілшілердің әр ауылдарда болуына ықпал жасап, қабілет қарымы бар тілшілерге куәлікпен бірге тапсырмалар беріп отыратын. Мұның өзі байланыс кем заманда, шалғай ауылдардағы жаңалық хабарлардың оқырмандарға тез жетуіне жағдай жасайтын. Біздер газетте авторлар мен тілішілердің материалдарына көп орын беретінбіз.
Жалпы айтқанда, Мырқының журналисттік шеберлігі жазатын обьектісін жан-жақты зерттеуінен, тілінің өткірлігінен, оған қоса жылдам жазып, тыным таппайтын қасиеттерінен қарамағындағы әріптестер үлгі алып, көп үйрендік. Осыған қарап жаңақорғандық қаламгерлердің алғашқы ұстазы Мырқы десек артық болмас.
Ол жылдары аудандық газет партия комитетінің органы болып танылатын. Коммунистік партияның саясаты газеттің негізгі арқауы, идеология да сол бағытта болатын. Сол тұста аудандық партия комитетінің үгіт насихат бөлімін Олжабай Сапарбаев басқарды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ахметжан Жанпейісов болатын.Мен Олжекеңнің шақыруымен 1976 жылы редакциядағы хат бөлімін тастап, «Білім» қоғамының аудандық ұйымына хатшы болып кеттім. Онда 1981 жылға дейін істеп, сол жылдан 1986 жылдың аралығында партия комитетінде үгіт және насихат бөлімінде нұсқаушы болып еңбек еттім. Содан 1986 жылы қара шаңырақ аудандық газетке райкомның ұйғарымымен редактордың орынбасары болып қайта келдім. Бұл кезде газеттің редакторы Айдархан Бибасаров болатын. Мұнда табаны күректей он жыл қызмет етіп, он жыл газеттің қазанында қайнадық. Сол жылдары редакцияға Құдайберген Ертасов, Оразәлі Мұса­беков, Баян Үсейінова секілді жас журналистер келіп, аудан өміріне араласты. Шығармашылық топтың қарасы көбейіп, газет шығарудағы қиындық жүгі жеңілдей түскен еді. Бұл кезеңдерде редкция мен баспахана жаңа ғимаратқа көшіп (қазіргі Ақпалас), линотиптер келіп біршама нығайған болатын.
Он жылды артқа тастап аудан әкімінің ұйғаруымен 1996 жылдан бастап әкімшілікте қоғамдық саясат бөлімінің бастығы болып тоғыз жыл қызмет жасадым. Әйтсе де, жазудан қол үзгенім жоқ. Редакциямен, шығармашылық топпен байланыс үзілген жоқ. Оның ішінде ауданмен құрдас өз газетіміздің өскені, материалдық жағынан нығая түскені көңілге қуаныш әкелді. Өзімнің сонда істеп, талай жылдарымның газетте өткеніне қуанбасам өкінбеймін.
Құдайға шүкір, бүгінде журналистік мамандығымды қашанда биік қоямын. Газеттен басталған осы кезге дейінгі өмірімде үлкенді-кішілі 13 жинағым шығыпты. Мұның өзі мен үшін қара шаңырақтың киесі, тағдырдың тартқан сыйы болар деп ойлаймын. Соған қуанамын мақтаныш етіп, өзімді биік қоямын.

Файзулла Сахиев,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, ақын, 1986-1996 жылдардағы аудандық «Коммунизм жолы» газеті редакторының орынбасары, ауданның Құрметті азаматы.
27 ақпан 2018 ж. 1 624 0