№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМ: КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ

МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМ: КЕШЕ, БҮГІН, ЕРТЕҢ


Журналистика қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші. Қалың халық пен асалы билік арасындағы алтын арқау. Өз дәуірінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек» деген еді. Расында қоғамда мерзімдік басылымның алар орны айрықша. Осы тұста, ойлы оқырманның жүрегіне жол таба білген аудандық «Жаңақорған тынысы» газетіне биыл 85 жыл.
Мерзімді төл басылымның шежірелі тарихы мен жалпы қазақ қоғамындағы қалам ұстаған қауымның кешегісіне көз жүгіртсек. Тәуменді тарихтың қатпар-қатпар бедерін қозғасақ, қазақ журналистикасы мерзімді баспасөз ретінде 19 ғасырдың аяғынан қалыптасты. 1870 жылдан Ташкентте шыға бастаған «Түркістан уалаятының газеті» мен 1888 жылы Омбыда жарық көрген «Дала уалаятының газеті» қазақ журналистикасының алғашқы беттерін ашқанына тарих куә. Одан әрі 20 ғасырдың басында М.Дулатов «Серке» газетін, М.Сералин «Айқап» журналын, Е.Бұйрин «Қазақстан» газетін, А.Байтұрсынов «Қазақ» газетін жарыққа шығарды. Алаш зиялыларының публицистикалық еңбектері сол замандағы қалың бұқараның мәдени-рухани мәселелерін көтеріп, ұлттық сана-сезімнің оянуына даңғыл жол ашты. Әсіресе бұл кезеңде журналистиканың барлық жанрлары тақырыптық, идеялық жағынан өріс алды. Ал 1934 жылы кәсіби маман даярлауға кірісіп, Қазақ журналистика институтының негізі қаланды.
Міне, дәл осы жылдары Жаңақорған жерінде аудандық басылымның тұңғыш редакторы Әбдірейім Рыскелдиев бастаған редакция ұжымы «Қызылмақташы» деген атпен жұртшылыққа жаңалық таратуды бастады. Бұл 1933 жылдың 1-қыркүйегі болатын. Сексен бес жылдық асуды артта қалдырған аудандық газет талай сындарлы сәттен сүрінбей өтті. Алғашқыда 1933-1935 жылы «Қызылмақташы», кейіннен 1935 жылдан 1963 жылға дейін елге екпін берер «Екпінді» атауына ауысты. Жаңалықтың жаршысы атанып, оқырманның сүйікті басылымына айналды. Уақыт тезіне төтеп берген төл басылым бір кездері көршілес Шиелі ауданынан шықты. Себебі, Жаңақорған мен Шиелі ауданының бірігуіне байланысты 1963-1966 жылы «Өскен өңір» деп аталып, қос аймақтың айнасы атанды. Қашанда елдің ықыласына бөленген басылымның ұжымы үш жыл бойы көрші ауданға қатынап қызмет етті. Ал 1966 жылдан бастап газет ұжымы жазиралы Жаңақорған жеріне қайта қоныс аударып, азаттықтың ақ таңы атқанша «Коммунизм жолы» деген атаумен елге таралды һәм танылды.
Тәуелсіздік алған тұстан бастап, елде қазақ журналистикасының жаңа парағы ашылды. Яғни, бүгіні басталды. Көптеген тәуелсіз газет-журналдар, телеарналар мен радиостансалар пайда болып, бұқаралық ақпарат тарату нарығы қалыптасты. Шүкір, БАҚ-тың бүгінге дейін жеткен жетістігі, бағындырған белесі зор. Өйткені, 27 жылдың ішінде қалыптасу кезеңінен даму үдерісіне көшті.
Ал 1991 жылы төл басылым атауы аудандық «Жаңақорған тынысы» газеті деп аталды. Міне, сол кезеңнен бастап, ел тәуелсіздігінің жарқын жетістіктерін сүйіншілеп, аудан жұртына азаттық жылдардағы толайым табыстарының шежіресін жасап келеді. Сондай-ақ газет тарихына қатысты тағы бір шежіренің бірі ол – таралым саны. Әрине жарық көрген тұста аз таралыммен таралғаны белгілі. Сенесіз бе, ең алғаш 1933 жылы «Қызылмақташы» газеті халыққа 200 данамен таралды. Ал бүгінде 2018 жылдың І-жартыжылдығында 6711 данаға жетті. Бұл да болса талғампаз оқырманның төл басылымға берген бағасы деп білеміз.
2014 жылға дейін газет аудандық басылымның өз баспаханасында басылды. Баспагерлер әрбір әріпті қорғасынмен басып, машақаты мол техниканың тілін меңгерді. Кейіннен офсеттік басылымға көшіп, заман ырғағына икемделе бастады. Ал, 2014 жылы Аманжол Оңғарбаев басшылық ететін «Сыр медиа» ЖШС-нің құрамына ендік. Сол кезден бастап газет серіктестіктің өз баспаханасында басылып келеді. 2015 жылы «Жаңақорған тынысына» бас редактор болып қаламы қарымды қаламгер Қаныбек Әбдуов келіп, газет өндірісіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Әсіресе газеттің дизайнерлік көркемделуі кеңейіп, мақалалардың жанрлық сипатына серпін берілді. Бұл өз кезегінде көп ұзамай өзінің жемісін берді. Яғни, облыстық «Қанатты қалам-2015» байқауының нәтижесінде «Жаңақорған тынысы» газеті аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолынан «Үздік газет» номинациясына ие болды. Бұған дейін бұл номинацияға Алмас Бекжігітов редакторлық еткен жылдары қол жеткізген болатын.
Бүгінгі таңда Нұрлат Байгенже басшылық ететін газеттің шығармашылық ұжымы оқырман талғамына сай тартымды мақалалар легін тоқтатпақ емес. Керісінше ізденісін арттырып, ілгері қарай дами бермек.
Ендігі кезекте мерзімді басылымның ертеңіне келсек. Қазіргі таңда қазақ журналистикасы саласында жаңа медиа технология дәуірі басталды. Яғни, ақпараттық салаға интернет-журналистика толқыны келді. Қоғам үшін интернет, әлеуметтік желі – жедел ақпарат тарату ресурсына айналды. Замана үдерісінен қалыс қалмаған аудандық басылым интернетті игілігіне икемдеп, «Жаңақорған тынысы» газетінің сайтын ашты. Және де әлеуметтік желіде парақшалар ашылып, өзіндік аудиториясын жинақтап үлгерді. Ғаламтордың ғаламат мүмкіндігін пайдаланған порталдың өзіндік ұстанымы бар. Ол – әрбір жаңалықтың байыбына бармай байбалам салу һәм сенсация қуудан бойын аулақ ұстайды. Жалпы газет пен сайттың басты мақсаты – журналистика саласындағы сексен бес жыл жорықта қашанда ойлы оқырманның көңілінен шығып, елдік мүдде аясындағы ауқымды істерді ақпараттандыра бермек.
Түйіндей айтқанда, заман ыңғайына сай аудандық төл басылымның дизайны жаңарып, мазмұны байып келеді. Жаңа айдарлар ашылып, ойлы оқырманның талғамына сай танымдық мақала жарық көруде. Мұның қатарында қаламы қарымды тілшілердің журналистік зерттеуі мен аудандағы қоғамдық-саяси, мәдени-рухани бағыттағы жаңалықтарды толық қамтып келеді. Сәтін салса, 85 жылдық тарихы бар шежірелі қарашаңырақ «Жаңақорған тынысы» газетінің ұжымы әлі талай биік белестерді бағындырып, ойлы оқырманның жүрегінен жол таба бермек.

Әбдісамат ӘБДІШ.
30 маусым 2018 ж. 1 535 0