№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Тоқсанның төріндегі аға басылым

Тоқсанның төріндегі аға басылым


Журналистика қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші. Қалың оқырман мен құзырлы билік арасындағы алтын арқау. Өз дәуірінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек» деген еді. Расында, қоғамда мерзімдік басылымның алар орны айрықша. Сыр өңіріндегі ойлы оқырманның жүрегіне жол таба білген облыстық «Сыр бойы» газетіне 90 жыл толып отыр. Аға басылымның бүгіні мен кешегісін тақырыпқа арқау етпекпіз. Сенбілік сұхбат төрінде облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов ағамыз.

– Аға, әуелі әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ. 90 жылдық тарихын түйіндеген облыстық «Сыр бойы» газетінің сарғайған беттерін парақтасақ, сан сүрлеулі соқпақтан өткен өткелекті кезеңнің сыр-шежіресіне қанығамыз. Осы бағытта аймақтың бас басылымының ұстанымы не еді?

– Сыр елінің байырғы басылымы – «Сыр бойы» ғасырға жуық уақыттың керуен көшінде елдің сөзін сөйледі, атқарушы билік пен халық арасындағы дәнекер болды. Сан ұрпақты тәрбиелеп, Сыр елінің сенімді рухани серігіне айналды. Талай майталман қаламгерлер, ақын-жазушылар, жампоз журналистер еңбек еткен қара шаңырақ ұстанған бағытынан айныған емес.
Ал енді, аз-кем басылым тарихына тоқталсақ. «Сыр бойы» газеті 1929 жылдың 1 шілдесінде Қызылорда округтік партия, кеңес комитеттері мен кәсіпшілер одағы бюросының газеті делініп, аптасына екі рет жарық көрді. Алғашқы редакторы Жиенғали Тілепбергенов болды. 1930 жылғы 101 санынан бастап газет Қызылорда, Шиелі, Тереңөзек, Аламесек, Қармақшы, Қарсақбай, Қазалы, Арал аудандық партия, кеңес комитеттері мен одақтарының органы саналды. 1932 жылдың қаңтарында газет атауы «Ленин туы» деп өзгертілді. Бұл кезде газет редакторы дарынды журналист, білікті ұйымдастырушы Қайыпназар Қауымбаев еді. 1938 жылы облыс құрылғаннан кейін 22 наурыздан бастап басылым облыстық «Ленин жолы» газеті деп аталды. Ал 1941-1945 жылдары газет жұртшылықты «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген жалпыхалықтық ұранға жұмылдырды. Қызылордалық жауынгерлердің ерлік үлгісін, туған жерге жолдаған сағынышты сәлемін, тыл еңбеккерлерінің жұдырықтай жұмылған бірлігін үзбей насихаттады. Қамкөңіл жұртшылықты бір идеяның маңына шоғырландырып, рух-жігерін жаныды.
– Кеңестік кезеңде кез-келген басылым насихат құралы ретінде жауынгер салаға айналды. Компартия көсемі – Лениннің есімін иемденген газет алғашқы тарихи атауымен қашан қауышты?
– Арада 60 жылдай уақыт өткен соң, 1991 жылдың 24 қыркүйегінде газет өзінің «Сыр бойы» деген тарихи атауын қайта иеленді. Егемендіктің таңы туғанда «Қазақстан енді тәуелсіз мемлекет болды» деп бүкіл елге сүйіншіледі. Азаттықтың ақ таңы атқаннан бері оқырманды баға жетпес байлығымыз – тәуелсіздікті қадір тұтуға, халықтың бірлігі мен ынтымағын сақтауға, қоғамды демократияландыруға, нарықтық экономиканың талаптарына бой үйретуге үндеп келеді. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани тақырыптардағы қадау-қадау проблемалардың шешім табуына жанашырлықпен үн қосты. Газет өндірісінде Жақсылық Рахматулла, Құттыбай Сыдықов, Асқар Кіребаев, Жолдасбек Ақсақалов, Жолтай Әлмашұлы, Оразбек Мақсұтұлы, Қази Данабаев, Несібелі Рахмет, Сәрсенкүл Бихожа, Мұхамеджан Нұрханов, Айғали Қарабалаев т.б. белгілі журналистер жұмыс істеді.
Ал, 1996 жылдың 20 ақпанынан бастап бас редакторлықты белгілі журналист-жазушы Жақсылық Рахматулла қолға алды. Баспахана офсеттік жүйеге көшіріліп, жаппай компьютерлендірілді. 1998 жылы газет офсеттік тәсілмен жарық көре бастады. Газет жанынан қосымшалар шығарылып, оқырманның әртүрлі деңгейі қамтылды. Газетке Мейрамбек Шілдебаев, Нұрмахан Елтай, Жұмабек Табынбаев, Айнұр Тұңғышбаева, Жұмакүл Оралбаева, Ыдырыс Тұрлығұлов, Дүйсенбек Аяшұлы, Гүлжазира Жалғасова, Әділжан Үмбет, Айнұр Батталова сынды жаңа толқын келді. Олардың арасында өзім де бармын. Кейінгі жылдары газетті Серік Пірназар, Жолдасбек Ақсақалов, Нұрболат Аманжол, Жұматәли Әбдіраман басқарды.
– «Сыр бойы» газетінің тарихы, бүгінгі тынысы мен бағыт-бағдары қандай? Оқырманмен қарым-қатынасты нығайтуда тақырып таңдау, газет мазмұнын жаңарту бағытында нендей бетбұрыстар бар?
– 2010 жылы басылым аймақтың белді бұқаралық ақпарат құралдарын біріктірген «Сыр медиа» ЖШС құрамына кірді. Т.Жүргенов атындағы Шығармашалық үйінің жаңа ғимаратына көшіріліп, өз баспаханасына ие болды. Типография мен редакция заманауи құрал-жабдықтармен жасақталып, журнал­­истер қатары жас мамандармен толықты.
Газет сайты жұмыс жасай бастады. Күнделікті хабарлар мен мақалаларды электронды жүйемен тарату газет пен оқырман арасын жақындата түсті. Сонымен бірге өзге облыс газеттерімен, журналистерімен тәжірибе алмасу ісі жолға қойылды. Газет журналистері Қытай, Азербайжан, Өзбекстан секілді көрші елдерге іссапарларға жіберіліп, жан-жақты танымын кеңейтті. Редакция жанынан «Сыр медиа» академиясы ашылып, белгілі ғалымдар баспасөз мәселелері, латын әліпбиі жөнінде лекциялар оқыды.
Өздеріңізге белгілі, «Сыр медиа» серіктестігі құрылғалы бері оған белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Оңғарбаев жетекшілік жасап отыр.
«Сыр бойы» газеті де туған жерде 90 жылдан бергі қатпар-қатпар тарихын қаттап, Сырдан түлеп ұшып, қазақ әдебиетінің классигіне айналған қаламгерлердің тырнақалды туындыларын жариялап, бағыт-бағдар берген ұстахана болды. Қабырғалы елдің ынтымағы мен келешегі үшін сөз өнерінің құдірет-қуатымен қызмет етіп келеді.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1977 жылы «Ленин жолы» КСРО Журналистер Одағының Құрмет дипломы мен қаржылай сыйлығын иеленген. 1979 жылы шыға бастағанына 50 жыл толуына орай басылым КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен «Құрмет Белгісі» орденін алған. Сол жылы социалистік жарысты үздік ақпараттандырғаны үшін газет пен оның қызметкерлері КСРО Журналистер Одағы конкурсының жеңімпаздары атанған.
1983 жылы социалистік жарысты ақпараттандыру үздігін анықтайтын бүкілодақтық конкурсының жеңімпазы ретінде «Ленин жолы» газеті Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің (ВДНХ) «Советская печать» павильонына қойылды. 1987 жылы газет таралымы 53 мыңға жетті. 1989 жылы газет 65 мың 450 данамен тарады.
Ал Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан жылдардан бастап, елімен етене аға басылым марапаттан кенде қалған емес. 2004 жылы «Сыр бойы» газеті «Ауылды қолдау жылы» аясында өткен республикалық конкурста жүлдегер атанды. 2005 жылы Қазақстан Журналистер академиясының ең мәртебелі жалпыұлттық журналистік сыйлығы – «Алтын жұлдызды» «Үздік аймақтық газет» номинациясы бойынша иеленді. Ал 2006 жылы ҚР Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы грантын мемлекеттік бағдарламалардың өңірде жүзеге асырылу барысын терең әрі жан-жақты көрсеткені үшін алды.
Бір сөзбен айтқанда, уақыт пен ақпараттық дәуір газет өндірісіне өзіндік талаптарын әкелді. Бірақ сенсацияға бой алдырмайтын, хабарды тек нақты әрі сенімді дерек көзінен тарататын ақпарат құралына артылар сенім жүгі жеңілдеген жоқ. Ескі мен жаңаның алтын ортасын тауып, заман сұранысы мен оқырман ойындағыны дөп басу – басылымның бүгінгі бағдары.
– Рақмет! Аға басымның бәсі биіктей берсін!

Әбдісамат ӘБДІШ

30 қараша 2019 ж. 914 0