№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » «БІЗ ҚИЫН ЗАМАНДА ГАЗЕТТІҢ БЕДЕЛІН КӨТЕРДІК»

«БІЗ ҚИЫН ЗАМАНДА ГАЗЕТТІҢ БЕДЕЛІН КӨТЕРДІК»

Кешегі қылышынан қан тамған кеңес кезеңінде қазақтың рухани-мәдениеті өшкен жоқ. Жүрегінде ізгілік нұры тұнған талай ұл-қыз өз ұлтының келешегі үшін күресіп бақты. Сондай қарбаласты біздің газет тарихынан аңғаруға болады. Бұл жөнінде бүгінде зейнеттік демалыста отырған Орынбасар Абдуллаев өткенді еске алып, біршама қызықты мәліметтерімен бөлісті.
– Мен 1969 жылы «Коммунизм жолы» газетіне есепші-бухгалтер болып келдім. Ақын Адырбек Сопыбеков редактор, Қалжан Исмайлов орынбасары, Айдархан Бибасаров жауапты хатшы еді. Ал, Жақсылық Рахматулла бөлім меңгерушісі болса, Әкім Мейірбеков, Пахмадин Айнақожаев пен Файзулла Сахиев газеттің беделді тілшісі еді. Фототілші Сәйдін Қожаев газет өндірісіне еңбек етті. Осындай игі жақсылармен бірге қызметте жүріп, дәмдес болғанымды шексіз бақытқа балаймын, – деді.
Осы кезеңде газетте қоғамдағы келеңсіздіктер туралы сын мақалалар, фельетондар, очерктер көптеп шыққан. Әрбір мақала биік талғамды тезінен өткендіктен халық алдында газеттің беделі артқан. Қаламгерлердің көсіліп жазуы үшін жан-жақты қолдау мен көңіл-күй керектігі түсінікті. Тілшілердің ай сайынғы табысы мен гонорарын есептеп, уақытында алуға қызмет еткен Орынбасар Абдуллаев баспаханада есепші қызметін қоса атқарыпты. Типография басшысы Нәрзілда Қалилаевтың қарамағындағы қызметкерлердің еңбегін жоғары бағалайтынын еске алды.
– Қалам тербеу, мақала жазу оңай шаруа емес. Ойға, жүрекке көп күш салатын әріптестерімнің еңбегін бағалап, айлықсыз қалмауын қадағаладым. Ол кезде айлық алу өте қиын еді. Сол қиындықпен күресе жүріп, қажет кезінде кассаны брондап, әйтеуір айлық жазып беретін едім. Қызметтес қаламгерлер қаржыдан қысылмауы үшін барлық мүмкіндікті жасадым, – деді.
Шығармашылық адамның шабытын сөндірмеу үшін, оларды үнемі қолдап, мықты жазылған мақалаға жоғары сыйақы беріліп тұрған. Бұл қолдаулар Тілеуғали Отарбаев, Мінер Арысбаев, Жақсылық Рахматулла, Айдархан Бибасаров секілді қаламгерлердің қажырлы еңбектеніп, еңбегінің жемісіне қалауынша жол ашты.
Қаламгерлердің қарашаңырағына айналған қасиетті шаңыраққа елдегі беделді азаматтар, белгілі әртістер келіп, рухани қуат алып, ішкі сырымен бөлісіп отырған. Есікті жиі қағатын Манап Көкенов, Есіркеп Қоңқабаев, Мәриям Райшева секілді өнер майталмандары қарымды қаламгерлермен достық, һәм шығармашылық байланыс орнатты. Олар сахнаға шығар алдын газеттегі сыншыларға әндерін бір тыңдатып, кеңес сұрайтын көрінеді. Келген мейманның мерейін үстем етіп, мейірімділік нұрын шаша білген жанды ел қадірлей білген. Осы секілді әр саламен тығыз байланыс орнатқан ұжымның абыройы асқақ, беделі биік болыпты.
– Мені рухани дамытып, адамгершіліктің асқақ үлгісін көрсеткен газет ұжымы деп толық айта аламын. Мұндағы салиқалы, білімді, көрегенді, беделді азаматтардан өмірлік тәжірибе жинадым, – деген кейіпкеріміз әлі де газетті үзбей оқитынын, сәл кешіксе қимас сырласын жоғалтқандай елеңдейтінін шынайы көңілмен жеткізді. Жары Нәзгүл апа екеуі 4 қыз, 2 ұл тәрбиелеп, өмірден өз жолын табуға еңбек етті. Бүгінде немере  мен шөбереқызығына кенеліп отыр. Имандылықты берік ұстанған отбасы берекелілігімен және ауызбіршілігімен көпке үлгі. Үлкен-кішіге сыйын жоғалтпаған қария жас тілшілерге ақ батасын беріп, елдің тыныштығын тілейді.
Мақпал Пәтенова.
24 шілде 2018 ж. 1 247 0