№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Адамзат көгінің ақсұңқары

Адамзат көгінің ақсұңқары

Ақиқат әуелі өзіңді танудан басталады. Балапан кеудеге қонған өлең-құстың қанатын өртке шалдырмай, қолына қару алып қан сасыған майдан даласында жүргенде де жүректе әлдилеп, қалт еткенде қаламға жүгінуші еді. Бұл өзі не, талант па? Құр елеске емексіген ертек қиял, ессіз ермек пе? Титтейінен өзіне қатал талап қойып әдеттенген Әбдіжәмилдің соғыс бітіп әскерден босасымен осы аққанат арманын ақ қағазға әдемілеп орап, жүрек тұсына жылытып отырып туған ошақтан бұрын сөз Тәңірісі санайтын сүйікті жазушысы Сәбит Мұқановтың алдынан өтуге белді бекем буғандағы мақсаты да осы еді. Сөз пайғамбарының тамырды ұстап тап басатын білгір тәуіптей «ия» не «жоқ» деген жалғыз ауыз пікірі жас талаптың алғы үмітінің үкімін шығаруы тиіс. Өз жазғанына өз кеудесі пісіп, әбі-тәбі күй кешкен көзсіз талаптың келешегіне адаспас жөн сілтер жалғыз жол осы.
Мехнат шегіп, межелі жеріне жетіп алған соң Жазушылар үйін тауып, Сәбит Мұқановтың есігінің алдына келді. Сұр шинелді жауынгер жігіттің арзуын ықылас қоя тыңдады да, қолына бір жапырақ қағазды ұстатты.
– Ғабиден Мұстафин деген ағаңды білесің ғой, – деді.
– Иә, иә, – деді бұл, – «Шығанақ Берсиевтің» авторы.
– Дұрыс. Сол ағаңа барып мына сәлемімді жеткіз.
Сұрай-сұрай ол кісінің үйін тауып, Сәбеңнің қағазын ұсынды. Жазушы мұның он екі беттік оқушы дәптеріне маржандай тізілген жазуына үңілді. «Бұл не? Әңгіме ме?»
– Роман, – деді бұл өзі айдай сенген арманына жанары жалтылдап.
Жігіттің жүзіне барлай бір қарап алып асықпай оқып шыққан жазушы ағасы орнынан көтерілді.
– Жүр, Сәбеңе барамыз. Барғандағы айтқаны жалғыз ауыз сөз «Бала жаза алады». Бас қолбасшыдан әмір күткен әскердей қалшиып қатып қалған бозымның келешек бүкіл тағдырына таяныш болған дуалы ауыздан шыққан осы бір ауыз сөзді сансыз періште жарыса жеті қанат көкке іліп ала жөнелгендей Аралдың алақандай ауылы – Үшкөлдің ақсұңқарын желеп-жебеп жүріп ақыры адамзат әлеміне самғатып әкетті.

***

Анадан жастай жетім қалды. Ал әкесі 1944 жылы Батыс Украина майданында жан тапсырды. Әкесімен бірге туған екі бауыры және үш немере ағалары Сталинград шайқасында көз жұмды. Ал өзі Курляндия жерінде қан кешті. Соғыстан кейін жазған «Курляндия» романы сол отты күндердің күнделігі.
Тұтас бір халықты әдебиеттегі тұлғаларды тану арқылы біліп, бағалап жатамыз.
Әбдіжәмил Нүрпейістің «Ымырт» романы («Қан мен тердің» алғашқы кітабы) әлем халқының тағдырына тән ақиқатты қарапайым тілмен айшықтап, жүрекке жеткізе білген сұмдық қуатымен Арал тақсыретіне әлемнің жүрегін жылатты. Өйткені ел мен жердің шекарасы бөлек болса да ондағы өмір сүріп жатқан адамдардың жаратылысы, жазмышы, тағдыры, тәуекелі бір, жалпақ жерді аяғымен тең басып тіршілік етіп жатқаны қандай рас болса, жалғыз күнде жалт берер жалған дүниенің опасыздығына қарсы қылар қайратының жоқтығы да сондай ақиқат. Осы ақиқатты айқайламай-ақ, ақыл айтпай-ақ, қарапайым жан иесінің қанындағы құмырсқа тірлікке құдырет дарыта білген құпияның сәулесін танып, саналарға бірдей жеткізе алған талант иесін кім дейміз? Сөздің зергері дейміз бе, көреген дейміз бе, данышпан дейміз бе, әйтеуір адам болмысынан биік тұрған Тәңірдің артық жаратқан туындысы екенінде дау жоқ.

***
Қазақ әдебиетінің классигі жайлы қаламдас достары не дейді?

...Көп жылдан бері Нұрпейісовтің кітабын оқимын, оның талантына, сапалы прозасына ғашықпын, көбіміз одан үйрендік, мол әңгіме-дүкен құрдық, онымен әр кездескен сайын өз әлемімде оны жаңадан ашамын. Адам ретінде, сұхбаттас ретінде ол – әрқашан тереңдігімен, сабырлығымен, даналығымен ерекшеленеді. Ол өз шығармашылығында да осындай. Бай әрі құнарлы қазақ тілі, мықты һәм шынайы бейнелер, жан толғандыратын қоңыр мұңды дала поэзиясы, күрделі психологизм мен шиеленіскен драмалық оқиғалар – мұның бәрі Нұрпейісов романдарында қорытылып, халық өмірінің шебер суреттерімен, автордың үлкен адамгершілігі мен азаматтық ұстанымымен астасып көрініс табады.
Шыңғыс Айтматов (Қырғызстан)

«Меніңше ол қазақ топырағына көшірілген орыс классикалық роман дәстүрін жалғастырушы. Белгілі бір дәрежеде мен Нұрпейісовты Лев Толстоймен салыстырар едім.
Лили Дени (Франция)

«Трилогия классикалық орыс прозасының дәстүрінде жазылған. Эпикалық құрамы, терең суреткерлік, көркемдік шеберлік еріксіз «Тынық Донды» еске түсіреді. Осы ретте Нұрпейісовты қазақ әдебиетінің «Шолоховы» деуге болады.
Аугуст Видал (Испания)

Біз, мына батыс оқырмандары, нағыз қазақ қаламгерлері ретінде Мұхтар Әуезов пен Әбді-Жәмил Нұрпейісовты білеміз. Әуезов жайлы айтқанбыз, енді Нұрпейісовті атап өткім келеді. Ия, Қазақстан мақтана беруіне болады. Өз халқының қасіреті мен ұлылығын паш еткен нағыз жауһар шедеврлер бере білген жазушыларымен мақтана беруіне болады. Осының бәрі бір ұрпақ маңдайына жазылыпты.
Жорж Буион (Бельгия)

Алғашқы нұсқасы осыдан жарты ғасыр бұрын жарық көрген «Қан мен тер» туындысы несімен өзекті, өміршең? «Мен оқиға қуған жоқпын. Халықтың өмірін, ұлттың ерекшелігін көрсетуге тырыстым» дейді автордың өзі.
Жазушы тұлғаны сомдауда суреттеп әлек болмайды, әр кейіпкерді өз ойымен, өз сөзімен беру арқылы қаһарман жан-дүниесін бекемдейді. Пенде мінез-құлқының сан қырын аша отырып, замана қарама-қайшылығын танытуға келгенде тереңнен тұлғаланған характерлердің бәрі бір-бір бас кейіпкер сынды, бәрінің де өзіндік оқшау орны кейіптелген. Адамдық табиғатымен қатар ажар-кескіні де көрініс беріп, бір қимас танысыңдай көңіл түкпіріне ұмытылмастай орнығып, есіңнен шықпай қалатынын қайтерсің? Әрбірінің тағдырына жүрегің езіле, жаның ашып, бірге қуанып, бірге мұңайтатын, туындының ақырына жеткенше байыз таптырмас әсерлі баяндаулар ше? Ес-ақылыңды қапысыз жаулап, бір желінің бойымен жетелей түсер тілінің көркемдігі ол өз алдына тың әсер, тұнық нәрге бай.
Романдағы басты кейіпкер қатарында – Еламанды алайық. Құдайменде байдың жылқышысы. Кейін болыстыққа өтіп, қолы ұзарғалы әмірі асып, әкіреңдеуі үдеген байдың жоғалған бір малы үшін еңбегі адал жігіттің ар-намысын аяқасты таптаған қатыгездікке шыдамай, тізгінді тарс үзіп, теңіз жағасындағы балықшылар ауылына тартып отырған батыр тұлғалы азамат енді сол ауылдың бас көтерері сынды. Бәрі соны қара тұтып, теңіз бетінде де балықшылар үнсіз соның соңынан ереді. Ал ол болса бауырында қайнаған мол байлығын оңаайшылықпен қолға ұстата қоймас қияпат тартыста ой теңізін кезіп жүр. Төбеде көк аспан. Табан асты көк теңіз. Екі дүние арасында түпсіз қиялды жанына серік тұтқан жұмбақ тұлға – Еламан.
Дүниені түбірімен өзгерткен қазақ төңкерісінің қарсаңы. Ақ патшаның әлі де жарлығы жүріп, жарлы-жақыбайды ауыр алым-салықтан бір көз аштырмай аздырып-тоздырып бара жатқаны әр ошақтың басындағы зілмандай қасіреттен анық аңғарылып тұр. Бірақ сонда да арман деген аққанат періштенің пенде өлмей, жерге көмбей, жанынан бір елі ажырамас шер көкіректен шырылы үзілмес шындығын романдағы кейіпкерлер – Дос, Мөңке, Қален, Ақбала, Сүйеу қарт, Судырахмет, жастар шоғыры – Бөбек, Айғанша, Рай, Кенжекей ... осылай тізіліп кете берер тағдыр иелерінің әрбір іс-әрекетінен, алғы күнге жалғаған арман-тілектерінен аңғаруға болады.
Айрықша суреттелген балықшылар тұрмысының жан төзбес тауқыметі екі қолыңды төбеге қойып бездіріп жіберердей. Бірақ безгенді емес, бейнетті белуардан кешіп, күнкөріс кәсібінің берекесіне қауышудан үмітін үзбеген момын жандарға табиғаттың тосын қауіп-қатерінен бұрын адамнан келер зұлымдықтың салмағы ауыр келеріне аза бойың қаза тұрады.
Мына қатарларға назар аударайық: «Бұлар азын-аулақ балығын тапсырып сыртқа шыққанда сыртта иіріліп тұрғандар ішінде промсол ұстайтын бай орыс – Федоровты көрді. Бұл өңір оны «Тентек шодыр» дейді. Бұндайда Еламан оның көзіне түспеуге тырысатын. Көріп тұрып, соқпай кетудің ретін таппай, алдына қорқа-қорқа барды.
– Ну... балық қалай? – деді Шодыр.
– Қырсыққанда мұз... Кісі басына қырық-отыз шабақтан тапсырдық.
– Көріп тұрмын. Аз балықтың жарымын өздерің әкетіп бара жатырсыңдар. Ендігі жерде менен рухсатсыз бір шабақ та алмайсыңдар»
«... Ертесіне Федоров ашумен Курнос Иванды шақырып алды:
–Аналарға бар. Бірі қалмай мұз үстіне шықсын! Егер теңізге шықпаса, айта бар, менен жақсылық күтпесін. Ертең бәрін қуам.
– Мұз әлсіз ғой.
– Ол сенің шаруаң емес.
– Дегеніңіз білсін. Мен тек ау-құралдан айырылып қалмайық деп.
– Жаңасын алып қал, ескісін бер.
Күрнос Иван кете берді...»
«...Теңіз үстінің дауылы тіпті әлемет, толқындар ірілене бастаған. Қаптай соққан қара дауыл Аралдың әупірім айқай желіне ұласты да теңіз үсті түтігіп, уілдеп-шуылдап, үйдей-үйдей толқындар су бетіне ереуілдеп ойнап шыға келді.
...Балықшылар қараңғыда қайдан шыққандарын білмесе де қара дауыл қуған үй аумағындай мұздың басы бір тұйықққа тірелгенін сезіп, аядай жерде иіріліп тұр. Түнде тоқымдай-тоқымдай мұздың бірінен-біріне секіріп жүргенде Итжемес аяғы тайып суға кетті. Қолы, аяғы үсіген Құлтума қозғалуға шама жоқ. Күресін мұздың ығында дір-дір қағып қалшылдап жатыр. Бұл екеуден басқа тағы да үш кісі суға кетті ме, әлде аққан мұзбен ұлы теңізге кетті ме, өлі ме, тірі ме, белгісіз.
Әзір іштеріндегі тыңы – Еламан, Кәлен, Мөңке, Дос. Райдың аяғындағы қайыс етікке су өтіп, таң алдындағы жан төзбестей сары аязда жаурап Еламанға тығыла береді. Содан бір кезде дауыл басылып, бозарып, таң атты да, төңірек көріне бастады.
– Қаратүп!
– Әй, мынау Қаратүп қой!
– Біз Қаратүптен шығыппыз! Балықшылар бір-бірінен шүйінші сұрағандай, дабырлап шулап жатыр. Қазіргі түрінен адам шошығандай. Қасы, кірпігі үсік шалған, беттің әр түгі аппақ, ақ қырау...»
«... Еламан үнсіз. Тымақ астынан атып жіберердей қадала қараған оқты көзді орыс байы енді байқады.
– Ау-құралдарың қайда?
– Сен ит! ... Иттің баласы, адамдарың қайда деп неге сұрамайсың? – деп ақырды Еламан.
Құлаштай сермеген сүймен астында басын қорғап бұғып қалған-ды. Иықтың басына тиген соққыдан есеңгіреп кетті. Екінші рет сілтенген сүймен Федоровтың дәл қара құсына тиді. Құлақшын астынан сау еткен қан бет-аузын жуып кетті. Еламан сүйменді лақтырып жіберді.»
Романдағы тағы бір кейіпкер – Тәңірберген. Құдайменде болыстың інісі. Қулық-сұмдығы өзінен артып, айналасының бәрін бір-біріне айдап салып, болыс ағасына да әр істе теріс ақыл беріп ағайын ішінде араздықты қоздырушы адам. Басты жауы – Еламан кісі өлтіріп, қолы кісенге түсіп, Сібірге айдалып кеткелі қара жер кеңіп, енді өзіне бағына бермейтін өжет ер – Қаленді құртудың амалында жүр. Ояздан келген урядникті айналшықтап, алдына Қаленді алдыртты.
– Тақсыр, бұл баукеспе ұры! Кісі өлтірген. Осы қазір сізге де тілін тигізді.
Мұның бәрін айтып тұрған арадағы пешір бала. Кәленнің орысша түсінбейтінін пайдаланып жанынан бар өтірікті қосып тұр. Айтқызып тұрған Алдаберген. Оның өзі қалаға жіберіп оқытқан Жасағанберген деген інісі ауылда болатын. Жандарына келіп тұрғанын байқамапты. Урядниктің «Ұрлағаны жөнінде акт бар ма? Малын танып арызданушылар көп пе? дегеніне де көндіріп, қол-аяғын матап беруге қарап еді, сөзге Жасағанберген араласып:
– Сені де халқың оқыған, көзі ашық азамат дейді – ау! Орыс тілін өз әлсізіңді талау үшін үйренген екенсің ғой, – деді. Сосын жалған әрекеттің бәрін әшкере етіп, Кәленді арашалап алды.
Әркімге жалған куәлік беріп, өз есебін түгендеу сияқты пыйғылдар қанымыздан бүгін де қалған жоқ. Оған жаны шыдамай әділдігін айтқанды өзін қапқанға теңеп, өкпесі қара қазандай болатын көркеуделікке қылар амалың қайсы. Өйткені мұндайларды әділет, ар, намыс деген ұғым қызықтырмайды. Олардың өз жазылмаған заңы, өз Кодексі бар. Осыны шебер суреттеген автор былай түйіндейді: «Өздері оңаша қалғанында Жасағанберген әлі де болса қыртысы тарқамай қыржиып отырған ағасына әуелі жалтақтап бір – екі рет қарады. Сосын оны ұялтқысы кеп ар, ұят, намыс жөнінде біраз мәслихат айтып еді;
– Сен ар дей – туң... адамгершілік дей – туң. Бұл араның ары да, адамгершілігі де бөлек. Сен әлі шіп – шикі баласың. Түктің мәнісін білмей – туң, – деді де інісі тіл қатам дегенше есікті тарс жауып шығып кетті».
Сұм заманның сүреңсіз көрінісіне көрік беріп, қысқа да болса қиямет атаулыны ұмыттырар, бір сәттер бар. Мұны жазушы былай өрнектейді. «Қара кемпір түрегелді . Келіндеріне ақылын айтып, бір тойымшылыққа әдейі арнап сойған тайдың етін түгелдей екі қазанға бөліп салдырып, ауылдастарға хабар берді. Қонақтар келгенше буулы жатқан теңді шешкізіп, өздерінің әнебір төрт құбыласы түгел , шаршысына кеп шалқып тұрған кезінен қалған көне кілем көне текеметтерді төр алдына жайғанда жаңа ғана жел ызғыған жүдеу үйдің іші жайнап кетті...»
...Қонақасыдан кейін бір топ жас арасынан әнші, домбырашылардың алты ауызына кезек берілген. «Бәтір ау, мынау Айғанша ма – әй? Кемпір өз қызын жаңа көргендей аузы ашылып қалыпты. Балықшы жігіттер қыз әніне іле қосылып, суыққа қарлыққан әлем-тапырақ дауыстарымен дүрілдетіп әкетті.
«Ай қабақ, алтын кірпік, қызыл ерін ...»
Мына ән келіншектердің қайдағы бір жан дүниесінде үнемі сырқырайтын да жүретін ең бір жанды жерін тауып, үзіп алғандай. Баяғы ата-ана үйінде өткен өздерінің қыз дәуренін еске алып, қамығып тұр.»
Күні бойы ашық теңіз үстінде тұла бойын суық алып, тоңып келген кәрі-жас енді қазір бұл жалғанда қандай қиындықты бастан кешсе де өздерінің өміріндегі аз ба, көп пе айтып жеткізгісіз бір ләззатты сезініп, ортақ бесікке бөленген сәби сынды әдемі әлдиге үнсіз маужырайды.
Ия, тақсыретті тарс естен шығарардай осындай да қуанышты сәттер үшін әрбірі тірлікке тәубе етіп, тағдырға мың-мың шүкіршілік айтып, тарқасар еді.
Романдағы сүйіспеншілік сезімге адалдық мәселесі ше? Оның бәрін бір мақалада жеткізіп түгесу мүмкін бе? Ең абзалы , бұл кітапты оқу керек. Әсіресе мынадай, заманымыз әлем-жәлем жаңғырып, жан-дүниеміз жұтаңданып бара жатқан уақытта қайта оқуымыз керек.
Балықшы ауылының сыртында бұлаңдап бой көрсеткен әлем қасіреті бәрімізге ортақ. Әлемдік экологиялық апат – адамзаттың ортақ мәселесі.

ТҮЙІН. «Қан мен тердің» алғашқы нұсқасы 1965 жылы Юрий Казаковтың аудармасымен үш басылымда – «Дружба народов», «Молодая гвардия» және үш млн төрт жүз алпыс бес мың тиражбан тарайтын «Роман – газетада» қатар жарияланды. Ал 1974 жылы жазушы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Бұл атақ қазақ өнерінде үш-ақ кісіге – Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев және Әбдіжәміл Нұрпейісовке бұйырды.
Ғұлама сөз зергерінің 95 жасқа толуына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық жазушысы Әбді-Жәмил Нұрпейісовты қабылдап, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының «Алтын жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісін табыстады.

Баян ҮСЕЙІНОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

02 қараша 2019 ж. 960 0