№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

О, Махаббат!


«Абай жолымен» келе жатқанмын. Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпанын» кездестіріп қалдым. Бұрыннан танимын ғой, жөн сұрасам, эпостық жырдағы – «Баян сұлу» сауда орталығында Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны» (Менеджер дегенім ғой..) болып жұмыс істеп жатыр екен. Өзімше «движение» жасағым келіп кетті. Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатын» басымнан өткеріп тұрмын. Баяғыда Тынымбай Нұрмағанбетовтің «Ата қонысына» барғанымда, бір рет көргенмін. Бойжетіп қалыпты. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ білегіндей білегі аппақ екен...


Спандияр Көбеевтің «Қалың малын» төлеп, үйленіп алсам ба екен? Әй, бірақ қу кедейшілік-ай, Бейімбет Майлиннің «Сексен сомы» жетпейді ғой. Мейлі, Мағжанның «Батыр Баяны» сияқты өліп кетсем де шіреніп тұруым керек қой. Өлгені құрысын, Бердібек Соқпақбаев жазып кеткен: «Өлгендер қайтып келмейді»... Шынымды айтсам, Әбдіжәміл Нұрпейсовтің «Қан мен теріндей» терлеп кеттім. Қыз да үндемейді. Тұтқабай Иманбековтің «Тұт ағашының көлеңкесінде» әлі тұрмыз. Бұл қыз маған Мұқағали Мақатаевтің «Арманы» сияқты ма? Жоқ әлде, Шыңғыс Айтматовтың «Жан пидасы» дегендей, алып қашсам ба? Сотталып кетемін-ау! Рымғали Нұрғалидың «Аяқталмаған трагедиясы» болып жүрсем ше? Не деп кеттім? Сәкен Иманасов сияқты «Айтар едім», бірақ тілім күрмеліп...
– Кешіріңіз, Теодор Драйзердің «Аяулы Керриіне» ұқсайды екенсіз...– дедім мен.
– Ағай, Халлдор Лакснесстің «Арманын аңсаған жандар» күйін кешкен жалғыз сіз емес... – деді бойжеткен назданып.
– Кешіріңіз, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық, мол жылдарын» бастасақ қайтеді? – деп әзілдедім мен де.
– Мұстафиннің «Миллионері» болсаңыз, көреміз...
– Хамит Ерғалиевше «Біздің ауылдың қызы» ғой, қарапайым қарындасты жолықтырдым деп ойлап тұрсам... Ақшаны ғана ойлағанша, Бекхожиннің «Мәриям Жагор қызынан» үлгі алсаңыз еді!
– Ағай деймін, әзілді көтере алмайсыз ба, жүдә Тахауи Ақтановтың «Қаһарлы күндеріне» ұқсап барасыз...
– Ілияс Есенберлиннің «Жанталасындай» жармасып жатқаным ғой, қарындас...
– Немене, Сәкен Жүнісовтің «Ақан серісі» ме едіңіз?
– Айтпақшы, қолыңыз бос па? Кафеге барып, Роллан Сейсенбаевтің «Түнгі диалогын» бастасақ?
– Мұратбековтің «Ай туар алдында» ма?
– Ия. Ғабит Мүсіреповтің «Кезеспей кеткен бір бейнесіндей» ах ұрып қалмайын деп...
– Жарайды... Шексипирдің «Корль Лиріндей» қоймадыңыз ғой.
О, «Мөлдір махаббат!» «О, Махаббат қызық мол жылдар»! Мақатаевтің «Аққулары ұйықтағанда» «Ұлпанның» қыпша белінен қапсыра құшақтап, Қали Сәрсенбайдың «Тұлға – тағдырындай» болмасам да, кеудемді кере ұстап, «Оянған Өлке» – Шымқаланың шырайлы көшелерінде «Алмас қылыштай» жарқырап келе жаттым... О, Махаббат!

Мұхтар ШЕРІМ
Facebook-тегі парақшасынан.


19 мамыр 2019 ж. 882 0