№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » » КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ: КҮТІП-БАПТАУҒА МӘН БЕРУ МАҢЫЗДЫ

КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ: КҮТІП-БАПТАУҒА МӘН БЕРУ МАҢЫЗДЫ

Көктем келе саялы ағаштар мен жеміс-жидектің көшетін отырғызу науқаны жүргізіледі. Жылда осы дәстүрден жаңылған емеспіз. Иә, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері көшет отырғызып, туған жерім көктесін деген ниет танытады. Бірақ көгеріп, көктеп кеткеніміз шамалы. Неге? Біз осының себебі мен салдарын
іздеп көрдік.
Әлем елдерінің тәжірибесіне қарағанда, құмды, тасты, құнарсыз жерлерді орман алқабына айналдырып отырғанын көруге болады. Тек жүйелі жұмыс керек. Мәселен, ХХ ғасырдың 50 жылдары Кореяда жаппай көшет отырғызу науқаны жүргізілді. Онда қоғамдық ұйымдардың рейтингісі көшет отырғызу және күтіп-баптау ісімен өлшенді. 5 сәуір – ағаш егу күні болып белгіленіп, 1960-2005 жылдар аралығында мемлекеттік мерекенің бірі ретінде демалыс жарияланды. Нәтижесінде, мегаполис пен елді мекендердің аумағында орманды алқаптар пайда болды.
Жапондықтар табиғаттың бір бөлшегі екенін сезінетін халық. Ұрпақ тәрбиесінен осыны көруге болады. Әлеуметтік желіде жапон жасөспірімі асфальт жолда қалың тасты қақ жарып шыққан көк балаусаға күнде өзі ішетін судың бір бөлігін құятыны, осындай күтімнен кейін әлгі өскіннің жайқала өсіп, әдемі гүлге айналғаны жөніндегі видоеролигі шарлап, мыңдаған қолданушыны тәнті етті. Міне, жапондықтарда табиғатқа жанашырлық осылай мемлекеттік деңгейде әспеттеледі.
Еуропа елдерінде де көшет отырғызып, оны күтіп ұстаудың жақсы тәжірибесі бар. Әлемде халқының тұрмыстық деңгейі жөнінен Финляндия алдынғы қатарда тұр. Осы Фин елі экономикалық қуатты елге айналуда орман шаруашылығын ұтымды пайдаланып отыр. Онда орман алқабын қалыптастыру заманауи биотехнология арқылы жүргізіліп, ағаш өнімін жиһаз жасау, қағаз өндірісіне және т.б қолданады.
Қаламгер Қайнар Олжай «Жер мен аспан арасындағы дастан» атты кітабында: «Қазақ даласы қаншалықты далиып жатса да, қалалардағы оймақтай парктер мен балалар оңай жүгіріп өте алады. Ал жері шағын Англия мен Бельгияның, Дания мен Австрияның және басқа елдердің саябақтарын атпен шауып өтуге уақыт керек. Біздің шағын бақтарда қурап қалған, сынып жатқан, тіпті өсіп тұрғаны дауыл соғып, жай ойнаса жүргіншіге тосын қатер төндіретін ағаш көп. Ал мына елдер әрбір ағашты аялап, күзеп-түзеп өсіреді», – деп көзбен көргенін баян етеді.
Әрі автор біздегідей саябақтың жерін тегістеп тастамайды, ағылшындар ойлы-қырлы, әу-бастағы табиғи бедерін сақтайды және ағаштарды бір-біріне иін тірестіріп екпейді дегенді алға тартады.
Мысалды ұзақтан іздеудің қажеті де жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын үлгі етуге болады. Нұр-Сұлтан қаласының төңірегінен «Жасыл белдеу» жасап, облыс әкімдеріне жол бастады. Расында ол жақтың топырағы ағаш егуге қолайсыз. Соған қарамастан орман алқаптары пайда болды. Оның себебі не? Көшетті отырғызу бір іс, оның күтіп-баптау бір іс. Біз осының парқын түсінбей келеміз, не көктемгі ағаш отырғызу, аумақты тазартуды бір күндік шара ретінде қабылдаймыз.
Бұл сұрақты әлеуметтік желінің қолданушыларына қойдық. Кәрім Жаппасов есімді әлеуметтік желінің белсендісі: «Көшет күтіміне, суаруға қаражат қаралмай, көгалдандыру жұмысы құр-бекершілік», дейді. Елшібек Сатершинов «Көшет отырғызуға кеткен қаражаттың оннан бірін көшет алуға, оннан тоғызын суарып, күтіп-баптауға жұмсалса игі болар еді», дегенді алға тартады. Ақдәулет Нұртазаев «Маусым-тамыз айында аптасына 3-4 рет суарылса, (əркім өзінің үйінің сыртындағы көшеттерін) көшеге бос жіберетін сиырлар қадағаланса, қара талға көп күтімнің кере жоқ. Облыстағы ең жасыл ауданға айналуға болады», депті. Мұратбек Рыспанбетов «Бәрі «показуха». Жанашырлық жоқ» дейді.
Иә, әркімнің пікірін құрметтейміз. Көрген-білгенін, санаға түйгенін айтады. Олай болса, әлеуметтік желі белсенділерінің пікірі орынды тұсы басым Оны мойындаймыз. Бізге көшет отырғызудан бөлек, оның күтіп-ұстаудың амалын қарастыруды қолға алу керек. Болмаса тұрғындар арасында «показуха» деп бағалайтындар саны көбейе беретіні анық.
КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСЫ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛЕДІ?
Аудан әкімінің тапсырмасына сай кент және ауылдық округтерде көшелерді тазалау, көшет отырғызу науқаны басталды. Мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен жастардың арасынан ерікті топтар көшелер мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартуда. Әр сенбілік сайын осы үрдіспен межелі орындарда адам қарасы көбейіп, тазалық жұмысының қарқыны күшейді.
Жаңақорған кентінде үйінің ауласы мен көшесінің көктеуіне ниетті азаматтар аз емес. Мәселен, С.Сапарбеков, Н.Түршеков, Т.Тотаев көшесінің тұрғындары тазалықпен бірге көгалдандыру жұмыстарына мән беріп, игілікті іске ұйытқы болып келеді. Көше тұрғындарын берекелі жұмысқа ұйытып жүрген ел ағаларының ісі көпке үлгі екенін айту керек.
Тотаев көшесінің көше комитетінің төрағасы Жақсылық Тасболатов: «Біз кенттің ауасын тазарту, көлеңкелеу үшін ағаш өсіруді қолға аламыз. Көшенің тұрғындары мұны жақсы түсінеді. Жалпы көгалдандыру жұмыстары көшеге әсем көрініс береді, шудан, күннен, шаңнан қорғайды, санитарлық-гигиеналық рөл атқарады. Осыны ойға алып, ұрпағымыз көлеңкеде саялап, алаңсыз ойнау үшін және көрікті көшенің бірі болуы үшін бір ауық қолға күрек алып, көшет отырғызып, оның түбін қопсытып, уақыттылы суын құйып, көктеп өсе беруіне көңіл бөлеміз», – деді.
Ғылыми деректер бойынша, белгілі бір аймақтың 15 проценті көгалдандырылса, шаң-тозаңның мөлшері 20 процентке кемиді, 35 процентіне өсімдік өсірілсе, шаң-тозаң 50 процентке азаяды. Ал 65 процентке өсірілсе, шаң 95 процентке кемиді. Жол жағалауына және парктерге отырғызылған ағаштар мен гүлдер ауадағы көмір қышқыл газды сіңіріп, ауаны оттегімен байытады, шуды азайтып, мекенжайды желден, күннен және шаңнан қорғайды.
Мұны терең түсінетін азаматтар арамызда бар. Дегенмен олардың еткен еңбегін бір сәтте жоққа шығаратын жайлар да аз емес. Мал ұстап отырғандардың  төрт түлікті көшеге қоя беріп, жөнсіз жіберуі де ағаштың көктеп кетуіне қиянат етуде. Осы тағлеттес жағдайлар талай рет әкімдер қатысуында жиында да айтылса да, тұрғындардың нәтиже шығармайтыны өкінішті.
Көшенің көркіне және тазалығына керағар мәселерімен қанық болып, туындаған сауалдарды кент әкімдігінің жауапты мамандарына жолдадық. Кент әкімдігінің маманы Алма Мамирова тұрғындардың өз үйінің аумағында тазалықты сақтау және көгалдандыру жұмысын жүргізуге міндетті екенін айтты. Оның сөзінше, «Жасыл желек» бағдарламасы бойынша белгіленген аймақтарға көктемгі тазалық жұмысы басталды. Осы бағдарламаға 7 млн. 834 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Тазалау және көгалдандыруға жұмыссыз жастар тартылып, қоғамдық негізде еңбек етеді.
Тәуелсіздік көшесінің бойындағы және Шалқия кентінен кіре берістегі көшенің екі жағын бойлай қоршалған көшеттер бірнеше жылдың ішінде әжептәуір көгеріп, жайқалып өсуде. Осындай көріністі Бірлік және Бесарық ауылдық округінен де байқауға болады.
ҚҰР ҚОРШАУМЕН
ЖҰМЫС БІТЕ МЕ?
Тау беткейінде қоныс тепкен Бірлік пен Бесарық ауылдық округінің көгалдандыру жұмысы көпке үлгі етерлік. Мұндағы ағайынның ауызбіршілігі мен іскерлігі нәтижелі жұмыстың алға озуына сеп болып тұр. Мәселен, Бесарық ауылдық округінде әкімдіктің маусымдық жұмысынан өзге де тұрғындардың туған жерге деген ерекше құрметін сөз еткіміз келеді. Әр жылы туылған жастар арасында ерекше эстафета өткізіліп, жыл өткен сайын ауыл көркі ажарлана бастады. Биылғы жылы ұйымдастырған жастар өзінен кейінгі жас буынға жүзден аса көшетті жыл бойы өсіріп, баптап, табыстайды. Нәтижесінде елді мекен көктеп, көгеріп келеді. Осы үрдісті өзге де ауыл жалғастырса, ағайынгершіліктің арасы нығая түспей ме? Бұл енді әр ауылдың абыройына сын.
Ауылдық округтерге іс-сапармен барып, елдің жағдайымен таныспыз. Бәрінде байқалатын ортақ көрініс – бюджеттен бөлінген қаржыға қара темірлі қоршаумен қоршап қойған. Бірақ не суару жүйесі шешілмеген, не отырғызылған көшет жоқ. Мұны қалай түсінуге болады?
Көптеген елді мекендерде аяқ су тапшылығы бар. Көктөбе ауылдық округін сол қатарға жатқызуға болады. Мұнда қоршау да, көгерген желектер де байқала бермейді. Мұның себебін ауыл әкімі Боран Абуов аяқ су мәселесінің өзектілігімен түсіндірді. Ауылды көгалдандырудан бұрын ауыз су тапшылығын шешу үшін аудандық бюджеттен қаражат қаралған. Ендігі уақытта каналды қазып, тазалау жұмысы жүргізіледі.
Ал аяқ суы шешілген ауылдар неге көшетін көктете алмай отыр? Біз осы сауалды Қожамберді ауылдық округінің әкімі Молдахмет Нәлібаевқа жолдадық.
– Қожамберді ауылдық округі аяқ сумен біржақты шешілді дей алмаймын. Бірақ тұрғындар ауласына дақыл және көкөніс түрлерін егуге болады. Жеміс-жидек бағына айналдыруға кедергі жоқ. Бәрі тұрғындардың ниетіне, ісіне байланысты. Былтыр Төменарық ауылына шығатын тұстағы жерді қоршадық. Арықтар қазылып, судың ағымын жақсарттық. Биыл 400 түп ағаш отырғызып, күтіп-баптауға мән береміз, – деді ол.
Әкімнің айтуынша, мешіттің маңында көгалдандыру ісі жүргізіледі. Мұның бәрі тұрғындардың асар әдісімен жүзеге асады. Жұмыла жасалған жұмыс жеңіл келетінін ескерсек, әлі-ақ, бұл ауыл да көгі жайқалған ауылдар санатынан көрінетіне сенеміз.
ТҮЙІН. ХХІ ғасырда адамзаттың алдында үлкен екі мәселені шешу міндет. Біріншісі, ауыз суды мейлінше мақсатты пайдалану, екіншісі, экологиялық тазалыққа мән беру. Екіншісін шешуде орманды алқаптарды көбейтіп, тұрғын­дардың тазалық мәдениет арттыру керек. Бізде бұған талпыныс жоқ емес. Бірақ көгалдандыру жұмыстарында жас өскінді күтіп-баптаудың маңызына мән бермей келеміз. Біздің айтқымыз келгені осы...
Мақпал МАРҚАБАЙ
15 наурыз 2020 ж. 1 776 0