№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ – САУАПТЫ ІС

АҒАШ ОТЫРҒЫЗУ – САУАПТЫ ІС

   Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді. Бұл бағытта Жаңақорған орман шаруашылығы мекемесі ұзақ жылдан бері ағаш отырғызу, күтіп-баптау жұмысымен тұрақты түрде айналысып келеді. Оған қоса, жаңа аудандастырылған сорттарға айрықша назар аударуда.

  Көктем шығысымен кентішілік аумақты көкжелекке айналдыруға көңіл бөліп, балабақшалар мен мекемелерге, мешіттерге тегін жас көшеттер босатады. Бұл игі іс биылда жалғасын таппақ. Жалпы, Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарасты «Ордакент» тұқым бағында өрік, үйеңкі, қара ағаш, жиде, катальфа, сексеуіл, шаған, алма, туя көшеттері меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға тұрғындарға босатылып келеді. Көгалдандыру бағытында көшеттер қажет болған жағдайда Орман шаруашылығы мекемесімен келісімшартқа отырып, қолма-қол не банктік аудару жолымен төлем қабылдау қарастырылған.
Ендігі кезекте, тақырып ауанын экологиялық тәрбиеге бұрсақ. «Бағбан болсаң, бақ өсір, балама деп тағы өсір» демекші, аулаға ағаш отырғызудың қаншалықты сауапты амал екенін тарқатып көрейік.
Мұхаммед (с.а.с) Пайғамбардың мұсылмандар қауымын тал отырғызуға үндеген мынадай хадисі бар. «Қандайда бір мұсылман ағаш егіп не егін ексе, одан адамдар, құрт-құмырсқа мен құстар жеп азықтанса, міндетті түрде өзіне сауап ретінде кері қайтады». Тағы бір өсиетінде: «Бір адам бір ағаш отырғызса, дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады» делінген. Тереңінен түсінгенге тәлімді тәмсіл жатыр. Тақырыпқа тұздық болсын. Тарихтан ғибратты әңгіме өрбітсек.
Бірде Аббаси халифаласы Һарун Рашид бір қарт адамның кішкентай жеміс ағашының көшетін отырғызып жатқан байқап қалады. Халифа оған: «Иа, ақсақал сіз қартайдыңыз. Отырғызып жатқан шыбығыңның жемісін көре алмайсың. Осыны біле тұра, неге бейнетттеніп жатырсың?»-дейді. Сыр бермеген қарт: «Бізден бұрынғылар ағаш отырғызды. Біздер жемісін жедік. Енді біз де тал отырғызайық. Жемісін кейінгілер жесін»,–деп жауап қатады. Мұндай жауапты күтпеген Һарун Рашид әлгі қартқа риза болып, қартқа бір уыз алтын береді. Сонда қарт: «Көрдің бе, балам. Бұл тал шыбықтың жемісін міне, мен де көрдім»,–дейді. Қарияның сөзіне одан сайын риза болған халифа тағы алтын ұстатады. Қарт Һарунның жүзіне күлімсірей қарап: «Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі мәрте жеміс береді» деген екен.
Жасыратыны жоқ, біздің елде көктем, күз айларында көгалдандыру айлығына байланысты ағаш отырғызу науқаны жүреді. Бұқара халық жаппай атсалысады. Осы орайда, бірқатар шет мемлекеттердің тәжірибесін сөз етсек. Көрші Қытай мен Тайвань елінде ағаш егу мерекесі мемлекеттік мәртебеге ие. Яғни, 12 наурыз жаппай тал отырғызу күні. Ал, алып мұхиттың ар жағындағы АҚШ-та 1872 жылдан бастау алған. Сол тұстағы АҚШ-тың ауыл шаруашылық министрі, белгілі саясаткер Стерлинг Мортон ағаш отырғызу акциясына мемлекеттік мәртебе берген.
Түйін. Ақиқатында мемлекеттік мәртебе бергеннен гөрі, саналы түрде қалыптастыру игі іс. Бұл тақырыпта бізге қарағанда бабалардың сөзі өтімді. Олай болса, тыңдаңыз. «Бабалар еккен шынарды балалар саялайды», «Дарақ бір жерде көгереді», «Бау-бақшаның қараусыз қалғаны–көк ағаштың отын болғаны», «Миуалы ағашқа бәрі де қарайды». Ал, ағайын көктем келді. Ағаш отырғызуға асығайық...

Бағдат СӘРСЕНБАЕВ,
орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің орман шебері.
13 наурыз 2019 ж. 10 483 0