АДАЛ ЕҢБЕК – ЖАНҒА ДӘРУ
30 жыл ұстаздық салада қызмет еткен Перуза Мамытханқызы бүгінде тұрмыс-тіршілігін тігіншілікпен түзеп келеді. Әжесінен қалған өнерді бойына сіңірген кәсіпкердің жұмысына нарықта сұраныс артқан. Екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі ананың табандылығы мен табысқа деген талпынысы жастарға үлгі-өнеге. Біз берекелі кәсіпті көзбен көру үшін Перуза Реметованың шаңырағына арнайы бардық.
Кәсіпкерлік бағыттан бұрын алдымен кейіпкеріміздің ұстаздық жолына зер салсақ. Бала кезінен мехнаты көп, жауапкершілігі зор ұстаз болуды мұрат тұтады. Сосын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универститетінде білім алады. Оқу бітіріп, туған өлкеге оралып, кенттегі №51 М.Қаратаев атындағы және №169 Н.Илялетдинов атындағы білім ошағында математикадан сабақ береді. Перуза апайдың ұстаздық қызметіне сұраныс артып, Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжіне жұмысқа қабылданады. Дегенмен, өмірін жаңа арнаға бұрудан жүрексінбеген білімді, білікті маман кәсіпкерлік саласынан несібе теруді мақсат етеді.
Ол кәсіпкерлік саланың тізгінін 2014 жылы қолға алады. Бүгінде сапасы артқан кәсіп иесінің тауарына сұраныс жоғары. Әсіресе, қыз жасауына арнайы тапсырыс беретіндер көп.
– Шыны керек, қазақтың әрбір қызының қолынан кесте тігу, ою-өрнек салу келеді. Дегенмен, Батыстың құндылығына қызығып, өзіміздің құндылығымызды ұмыт қыла бастадық. Сондықтан, осыдан бес жыл бұрын осы кәсіпке бет бұрып, тұрғындар қажетіне көрпе-көрпеше, ши құрақ немесе бота құрақ, сегіз жапырақ құрақ пен бесіктің жасауын және т.б. жасаймын, – деді кәсіпкер.
Иә, қолынан тігіншіліктің қасиеті дарыған Перуза апай енді шағын кәсібін кеңейтпек. Былтыр «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы оқып, «Сертификат» алса, енді қаржы мәселесін шешуге кіріскен...
Жалпы, аудан бойынша былтыр «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында «Бастау-Бизнес» жобасын оқығандардың саны – 258-ге жеткен. Оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандардың да үлесі бар. Олардың арасында қажетті қаржысына қол жеткізгендер бар. Перуза Реметова бір айлық курсты қараша айында бітіргендіктен, несиені енді алмақ.
«Алты пайыздық несиеге қолым жетсе ең бірінші көрпе тігетін арнайы құрал-жабдықтар аламын» дейді ол.
Тағдыр тауқыметін тәубәсіне сыйдырып, асыл өнерге жан бітірген Перуза Мамытханқызының ендігі мақсаты аудандағы шағын бизнестің өрісін кеңейтуге атсалысу. Әрі, қазақы дәстүрді дәріптеп, жастарды осы жолда тәрбиелеуді мұрат тұтыпты.
Әли ТЕМІРБЕК.