№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » МЕРЕЙІ ТАСЫҒАН МҰҒАЛІМ

МЕРЕЙІ ТАСЫҒАН МҰҒАЛІМ


Соңғы жылдары аудандағы білім беру ошақтары ҰБТ-ден жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Оның ішінде, №196 мектебін де айтуға болады. Былтыр бітірген 14 түлек те тестке қатысып, оның 13-і грант иегері атанған болатын. Осындай нәтижеге қол жеткізуде ұстаздардың қашанда еңбегі елеулі екені рас. Олардың алдыңғы қатарында Тұйғын Увашева сынды педагогтардың тұрғаны қуантады. Сондықтан, ұлағатты ұстазды әңгімеге тарттық.
Жалпы, зейнеткерлікке шыққанына екі жыл болса да білікті ұстаз әлі де ат үстінде, шәкірттеріне саналы білім беріп келеді. Бізге мұның себебін мектеп директоры Талғат Есқабылов былай түсіндірді:
– Шыны керек, қазіргі жас мамандардың білімі, жаңа жүйені меңгеруі өте жоғары. Дегенмен, Тұйғын апайдың тәжірибесі толысқан, өзіндік орны бар. Сапалы білім берумен қатар балаларға тәлімді тәрбие беруде апайдың орны ерекше. Сондықтан, ол кісіні зейнеткерлікке шықса да, келісім-шарт арқылы жұмыс жасауды айтып, ортамызға алып отырмыз, – деді.
Жалпы, Тұйғын Увайдақызы Төменарық ауылында дүниеге келіп, №170 мектепті бітіреді. М.Нәлібаев ауылына келін болып түсіп, осында ұстаздық жолы басталады. 1981 жылдан бүгінге дейін бірнеше шәкірт тәрбиеледі. Оның алдыңғы қатары елге танымал тұлғалар.
– Қашанда мерейімді тасытып жүретін шәкірттерім барын мақтан етемін. Бұл әрбір ұстаз үшін үлкен мәртебе. Әрі, менің ұстаз болып қалыптасуыма дәнекер болған жандарға бас иемін. Есімдерін ерекше атауға тұрарлық ұстаздар қатарында – Әмірбек Бөлеков, Тілеухан Байсынов, Теңгеш Барақбаева және тағы бар. Мен осы үлкендерден өнеге алып, тәрбиелендім, – деді мұғалім. Осы уақытқа дейін екі сыныпқа жетекшілік еткен апайдың ізін жалғап, орыс тілінен дәріс беріп жүрген оқушылары аз емес. Бірі Ақтөбеде, енді бірі Елордада жүргенін білдік.
Мектепте ұстаз, үйде аяулы ана бір қыз төрт ұлды өсіріп, перзенттерін тұғырына қондыра білген жан. Немере сүйіп отырған Тұйғын апайдың жолын қызы жалғапты. Ұлдары әскери сала мен медицина саласында ілім алуда. Медицина демекші, кейіпкеріміздің алғашқы дипломы дәрігерлік сала екен. Алайда, бойдағы талант ұстаздық жолға итермеледі. Бастауыш сыныпта тәлім беретін әкесі Батырша Мақұлбеков болашақ педагогқа ақылын айтып, өмірлік тәжірбиесімен бөлісіп отырады. Келешегін осы салада көргісі келген ол 1981 жылы қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне түсіп, 1985 жылы бітіріп шығады.
– «Дүниені өзгерткің келсе өзіңнен баста» демекші, әрбір ұстаз өз саласының шыңына жетемін десе өзінен бастауы керек. Алдымен, иман жүзді, мейірімді болғаны ләйім. Содан кейін, білімді, ізденімпаз болуы шарт, себебі технологияның қарыштаған заманында қолданысқа енгізіліп жатқан бағдарламаларды еңсеру тиісті. Уақыт соны талап етеді. Сондықтан, педагог жан-жақты болуы керек, – дейді ұстаз.
Зейнет жасында жүрсе де апайдың талапшылдығын ұжымдастары жоғары бағалайды. Әсіресе, оқушыларды кітап оқуға үндеуі, ізденімпаздығы өзіне тән қасиеті деп қарағанымыз жөн. 37 жыл ұстаздық қызметте еңбек етіп келе жатқан Тұйғын апай марапаттан кенде емес. Аудан, облыстан бірнеше рет марапатталды. Бұл да ерен еңбектің бағаланғаны деп білеміз.
Түйіндей айтқанда, Тұйғын Увашеваның білім берудегі өзіндік сабақ беру үлгісі қалыптасқан, білікті маман ретінде таныдық. Ең бастысы, «ұстаз» деп аталатын ұлы есімнің жүгін абыроймен көтеріп жүрген апайдың еңбегінің зор екеніне мақтанышпен айта аламыз.

Әли ТЕМІРБЕК.
17 сәуір 2018 ж. 1 469 0