№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

РУХАНИ ШЫРАҚШЫ


Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері. Халықтың үкілеген үмітін табыстайтын сенімді өкілі. Осы тұста, ұстаздық міндетке сызат түсірмей, болмысымен, бітімімен көптен ерекшеленген Балқия Байділдаева жайлы сөз етсек.
Біздің кейіпкеріміз №53 мектепте білім алады. Сонда балалық арман-мұраты бекиді. Кескін-келбеті кесек, болмыс-бітімі биік ұстаздарына қарап, педагог болуды мұрат етеді. Алдымен төрт жыл пионер-вожатый болады. Сосын Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде «биология-география» мамандығы бойынша білім алады. Ұстаздық еңбек жолын Байкенже ауылындағы мектепте бастайды. Кейіннен №223 мектепке ауысып, тәрбие және білім беру ісін сәтті үйлестіреді. Жалпы, еңбек өтілі 35 жылдан асады.
Ұстаздық тәжірибесі мол Балқия Байділдаева жастар тәрбиесін еңбекпен ұштастырудың артықшылығы көп дейді.
– Кез-келген баланы алдымен еңбекке баулу керек. Өйткені, еңбекпен әбден піскен бала бойындағы білімін міндетті түрде өмірде пайдаланады. Яғни, білімі мен еңбегі ұштасқанда ғана адам жеңіске жетеді. Жастарды білім нәрімен сусындатып, саналы тәрбиеге баулып, адамгершілігі мол тұлға қалыптастыру ұстаздық мамандығын арқалап жүрген әр мұғалімнің мойнындағы міндеті. Сондықтан, білімнің тәрбиеге ұштасқаны абзал, – дейді ол.
Әр шәкіртінің бағындырған белесін сарқылмас жақұтына балап, олардың өмірден өз орнын тапқанына жас баладай марқаятын оқытушының білім саласында жеткен жетістігі бір төбе. Ол директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызмет атқарған соңғы 15 жылда 8 «Алтын белгі» иесі мен 20-ға жуық «Үздік аттестат» алған талапкер шықты. Олар елдің әр аймағында жоғарғы білім алып, түрлі салада беделді қызмет атқарып жүр.
Әрине, мұндай биікті тынымсыз еңбекпен ғана бағындыра аласың. Осы ретте, Балқия Байділдаева еңбекқор, іздемпаз, талапшыл ұстаз, ұйымдастырушы екенін ұғасыз.
Оның ағарту саласындағы еңбегі ескеріліп, Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ комитетінің, аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасы», аудан әкімінің «Алғыс хаты» тапсырылды.
Ең жақсы мұғалім – шәкіртінің жанын түсінетін, оны өз перзентіндей сүйе алатын, оқушы үшін бойындағы барын беретін, шәкіртін өздігінен білім алуға жетелейтін мұғалім. «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қоғамда мықты, білігі жоғары, жаңашыл ұстаздардың болуы – өмір талабы. Жас ұрпақты оқытуда, оқушының тұлғалық деңгейін қалыптастыруда түрлі инновациялық әдіс-тәсілдерді кең қолдануды қажет етеді. Мұндай талап-міндетті орындауда ұстаздың жаңашыл, іздемпаз болғаны дұрыс.
– Жаңартылған оқу бағдарламасы жастардың бәсекеге қабілетті ететін реформа. Бағдарлама – баланың өзіндік көзқарасын қалыптастыруда, іздене білуде шешуші рөл атқарады. Оқушы дәстүрлі сабақта теориялық білім алатын болса, қазір ойын ашық айтуға, тәжірибемен ұштастыруға жол ашылды, – дейді Балқия Мәжитқызы.
Ұстаз жастардың келешегіне алаңдайтынын жасырмады. Оның сөзінше, жастар уақытын тиімді пайдаланып, спорттық секцияларға қатысқаны жөн. Бірақ, ауылда мұндай мүмкіндік жоқ екен.
– Ауылда шағын футбол алаңы ғана бар. Жастардың барлығы күні-түні сол алаңда жүреді. Олардың барлығы бір мезгілде ол жерде спортпен айналыса алмайтыны белгілі. Сондықтан, мүмкіндік болса ауылға спорт кешені салынса, жастар сонда спорт түрлерімен айналысса, – дейді ұстаз.
Қорыта айтқанда, Балқия апайдың бойынан адамдықтың, адалдықтың қайнарын таныдық...

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
09 қазан 2018 ж. 1 150 0