№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жақсы ұстаз – шәкірттің бақыты

Жақсы ұстаз – шәкірттің бақыты


«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі» д­еген сөз қалыпты Ушинскийден. Ұстазға қатысты осы өлшемнен артық пәтуа жоқтай. Расында, мұғалім – мектептің жүрегі. Мемлекетті өрге сүйреуші күшке ие. Оны білім саласын реформалап, дамытқан елдер – озық елге айналғанынан көруге болады. Яғни, білім саласына нақты көңіл бөлген елдер ғана жарқын жетістіктерге жетеді.
Осындайда ұстаздарға артылар жүктің қаншалықты ауыр екенін аңғарамыз. 37 жыл ұстаздық салада тер төгіп, шәкірттерінің жүрегінен жол тапқан Ақжайқын Мұратбайқызы сондай жүкті көтере білген педагог. №167 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін мұғалім түлектерді ұлттық бірыңғай тестке дайындаудағы біліктілігімен көпке өнеге. Оның айқын дәлелі, 2013-2014, 2014-2015 оқу жылында төрт шәкірті ҰБТ-да қазақ тілінен 25 балл жинады. Бұл сол жылдардағы үздік көрсеткіш. Оған дейін әр жылдар тестілеуден оқушылар орташа балды еңсеріп жүрді. Осындай ерен еңбектің арқасында білікті маман 2007 жылы Қызылорда облысының білім басқармасының «Құрмет грамотасына» ие болды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Қысқаша айтқанда, еңбегі бағаланып, жұмыс үлгі етілді.
– Менің негізгі бағытым оқушыларды ҰБТ-ға дайындау. Себебі, қазір білім сапасы тестілеудің қорытындысымен сараланады. Шүкір нәтиже көңіл қуантарлық, оқушылардың зеректігі, оқуға деген ынтасының ояу болуынан жақсы көрсеткіш көрсетудеміз. Осы бағытта жаңа формат бойынша әлі де жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген сенім бар, – деді пән мұғалімі.
Қазақ тілі пәнінен грамматикалық ережелерді жете түсіндіріп, балаларды шығармашылық бағытта тәрбиелеуде терең білім нәрімен сусындатқан Ақжайқын Көккөзованың шәкірттерінің бағындырған биігі бір төбе. Пәндік олимпиада және қоғамдық шаралардың алдыңғы қатарында жүрген оқушылары мектеп мерейін асырып келеді. Кейінгі жылдары қазақ тілі мен әдебиет пәніне білім ошақтарында жіті көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында пәннің маңыздылығын, оның ішінде орыс тілді мектептер үшін жаңа әдістеме әзірленіп жатқанын ескертті. Бұл педагогтарға артылар салмақтың еселенгенін көрсетеді. Сондықтан, қазір саннан сапаға жұмыс жасаудың тиімділігі арта түсті. Бұл бағытта Гүлжан Айменова басшылық етіп отырған мектеп жақсы нәтижелермен қуантуда.
Жалпы, Ақжайқын апай ұстаздық салаға табиғатынан жақын жан. Бала кезінен мұғалім болуды мақсат тұтқан ол әдеби кітаптарды, қазақ тілінің ережелерін жетік меңгереді.
– Бала арманым орындалды. Абай Құнанбаевтың: «Адамның адамшылдығы – жақсы ұстаздан» деген ұлағаты өміршең екен. Мектепте оқып жүргенде орыс тілі пәнінің мұғалімі Орынкүл Мисенбаеваның тәлімі өмірлік өнеге болды. Сол ұстаздың тәлімін алып, мұғалімдік саланың ізінен ердік. Алғашқы еңбек жолын Жаңарық ауылдық округіндегі №167 орта мектепте бастадым. Міне, сол жылдан бастап ұстаздың жолында келемін, – деді ол. Оқушыларды ізденуге, шығармашылыққа баулуда өнегелік танытқан мұғалім қызметте де жас мамандарға үнемі ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп отырады.
– Қазіргі уақытта жас мамандарға қойылатын талап көп. Теориялық білімі мен іскерлік қасиеттерін ұштастыра білген ғана ұтады. Мен осыны жастарға жиі түсіндіріп отырамын. Себебі, өз ісін сүйген жан ғана білімнің шыңына жетеді. Мұны да ұмытпаған жөн, – деді мерейлі мұғалім. Мектепте ұстаз, үйде жар, аяулы ана, өмірде бес ұл-қызды тәрбиелеп, қанатын қақтырды. Бүгінде екі қызы анасының жолымен ұстаздық етіп, шәкірттер тәрбиелеуде.
Түйіндей айтқанда, «Жақсы ұстаз – шәкірттің бақыты». Себебі, ұстазы ұлағатты шәкірттің өмірлік ұстанымы ұлы болады. Мұны бүгінгі кейіпкеріміздің өмір жолынан байқадық.

Әлібек ТЕМІРБЕК.
10 ақпан 2018 ж. 2 303 0