ӘКІМДЕР ЕСЕБІ: ҚАРАТӨБЕДЕГІ ҚАРЕКЕТ
Негізгі еңбек көзі егін мен мал шаруашылығы саналатын қаратөбеліктердің басты мәселесі неге шешімін таппай келеді? Жылдағы есеп беруде көтеретін сауалдарына, әсіресе, ауыл жастары жауап ала алмай жүр. Бұл жөнінде сәл кейінірек, алдымен ауыл әкімінің 2018 жылы атқарған жұмысына тоқталсақ. Айта кетейік, округтегі ауылшаруашылық саласы, оның ішінде, мал шаруасы мен егін жайы былтыр да жақсы көрсеткіш көрсеткен. Оны әкім есебінен аңғардық.
Ауылдық округтер арасынан Қаратөбе салық түсімдері жағынан төмен көрсеткішті көрсетті. Мәселен, мүлік салығы – 42 пайыз ғана болса, жер салығы – 78,7 пайыз. Көлік салығы – 79-ға орындалды. Одан кейін жарықтандыру бойынша, елді мекенде үш көше жарықтандырылған. Тозығы жеткен спорт алаңқайлары «Жас Проджект» жобасы аясында қайта жөнделіп, қалпына келтірілді. Екінші жоба тігін шеберханасы арқылы тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетілуде екен.
Кәсіпкерлік саласы бойынша, ауылдың төрт тұрғыны «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған» бағдарламасының 2-ші бағыты бойынша несие алған. Қаратөбеге былтыр 80 454 400 теңге қаржы бөлініп, оның игерілуі 99 пайызды көрсетті. Демек, жұмыс жүйелі. Айта кету керек, шалғайдағы ауылдардың жастары Ресейге жұмысқа көптеп тартылуда екен. Сондықтан, Қаратөбе жастарынан былтыр 3 жас Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған.
Енді 2018 жылғы есеп беруде көтерілген мәселелерінің шешілуіне тоқталсақ. Былтыр 7 мәселе көтерілген болатын. Соның екеуі шешімін тапқан. Шешімін таппай тұрған қандай мәселе? Бірінші, интернет желісінің жылдамдығы ауылда өте нашар, екінші, ауылда электрик пен монтер қызметкері тапшы, әрі қаратөбеліктер жарықтандыру мен дәрігерлік амбулаторияны күтеді. Бұл ауылда да канал мен аяқ су мәселе болғанымен, жастар мен ұстаздар интернеттің келуін тағатсыздана күтуде.
Пікір 2