№37 (8951) 19

19 мамыр 2026 ж.

№36 (8950) 16

16 мамыр 2026 ж.

№35 (8949) 13

13 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » ОТБАСЫ: ЗАҢ ҚАТАЛ, ЗАРДАБЫНА КІМ ЖАУАПТЫ?

ОТБАСЫ: ЗАҢ ҚАТАЛ, ЗАРДАБЫНА КІМ ЖАУАПТЫ?



Фото: IaNews.kz со
Елімізде отбасы заңы қатаңдатылып, зорлық-зомбылыққа қарсы нақты талаптар, қылмыстық кодекске енгізілгелі жанұясына жапа көрсететіндердің жазасы ауырлады. Жаңа конституцияда отбасы заңы қалай қорғалған? Мамандар не дейді? Көпшіліктің сауалына жауап іздеп көрдік.
БҰҰ статистикасына сүйенсек, жыл сайын 400 әйел күйеуінің қолынан қаза тауып, 327 әйел мүгедек болып қалады екен. Шын мәнісінде, бұл – ғаламдық трагедия. Ресми деректерге назар аударсақ, аудан төңірегінде соңғы жылдары зорлық-зомбылыққа қатысты істер артқаны байқалады. Өткен жылы 33 отбасында іс тіркелсе, биылғы жылдың алғашқы үш айында 48 шағым түсті. Шын мәнінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Себебі көптеген әйелдер «ұят болады», «балалар үшін шыдаймын» деген түсінікпен құқық қорғау органдарына жүгінбей, бар ауыртпалықты үнсіз көтереді.
Қоғамда «әйеліне бір рет қол көтерген еркек оны тағы қайталайды» деген сөз бар. Өкінішке қарай, бұл шындыққа айналып отыр. Алғашында жай ғана дау-дамайдан басталған жанжал бірте-бірте психологиялық қысымға, кейін физикалық зорлыққа ұласады. Ең қауіптісі – мұндай жағдайдың қалыпты нәрсе ретінде қабылдана бастауы. Кейбір әйелдер үшін шыдау – міндет, үнсіздік – тәрбие, ал жанұяны сақтау – ана ретіндегі жауапкершілік сияқты көрінеді. Бірақ дәл осы көзқарас зорлықтың жалғасуына жол ашады.
Мәселенің түп-төркініне үңілсек, оның тамыры тәрбиеде жатқанын аңғарамыз. Қыз баланы кішкентайынан «жат жұрттықсың», «бәріне төзуің керек» деп өсірсек, ұл балаға «сен еркексің», «саған бәрі болады» деген түсінік сіңіреміз.
Осындай теңсіздік кейін отбасында құрметтің жоғалуына, ақыр соңында күш көрсетуге әкеледі. «Ер азамат әйелден бір саты жоғары тұрады» деген таптаурын түсінік қоғамда шынайы мазмұнда қабылдануы тиіс. Бұл жерде ер азамат мықты қорған деген ұғым биік. Отбасы – біреудің үстемдік ету алаңы емес, ол – өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделген орта.

Жаңақорған ауданы полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің отбасылық-тұрмыстық, зорлық-зомбылыққа қарсы-күрес тобының аға инспекторы, полиция капитаны Айым Сыздықованың айтуынша, тұрмыстық зорлық көрсететін кейбір адамдардың әрекеті психологиялық ауытқулармен де байланысты болуы мүмкін. Айымгүл Жолдасқызы мұндай адамдардың үнемі агрессияда жүретінін, жақындарының қуанышын қабылдай алмайтынын, кейде өз әрекетін түсіндіре алмайтынын айтады. Кей жағдайда бұл шизофрения секілді дерттердің белгісі болуы ықтимал. Алайда қандай жағдайда зорлық-зомбылықты ақтауға
ешқандай себеп жоқ.
Жаңақорған ауданында да тұрмыстық жанжалдардың негізгі себептері ретінде әлеуметтік қиындықтар, жұмыссыздық, алкогольге тәуелділік және құқықтық сауаттың төмендігі аталады. Әсіресе ауылдық жерлерде мәселе жабық күйінде қалып қояды. Көпшілік «отбасының абыройы» үшін шындықты жасыруды жөн көреді. Бірақ жасырын жара жазылмайды, керісінше асқына түседі.
Зорлық-зомбылық тек физикалық әрекетпен шектелмейді. Ол – психологиялық қысым, қорқыту, экономикалық тәуелділік арқылы да көрініс табады. Мұндай ортада өскен тбалалардың психологиясына орны толмас зиян келеді. Олар агрессияны қалыпты жағдай деп қабылдап, ертең сол әрекетті қайталауы мүмкін. Осылайша, зорлық бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жалғасатын қауіпті тізбекке айналады.
Отбасы – адам баласының түп-тамыры, жер бетіндегі саялы бағы, меншікті мекені, алтын ұясы. Халқымыз ежелден отбасы тәрбиесінде әкенің абыройын ананың аялы алақанын қастер тұтқан. Ислам дінінің қағидаларымен астаса өрілген ұлттық құндылықтарымыз адамның бұл дүниеде де, ақыретте де бақыт табуына ықпал ететін маңызды құрал екені белгілі. Осы ретт ауданның имамы Ержан Сейітжаппаровпен әңгіме дүкен құрған едік.
– Ислам дінінде отбасы ұғымы қаншалықты маңызды?
– Ата-бабамыз өсиет еткендей отбасы – пенденің бақыт табатын ортасы, ұрпақ жалғасуына себеп болатын және түрлі жаман әдет-құлықтан қақпайлайтын, қорғайтын алтын қазығы. Құран Кәрімде әйел мен еркектің жақсы амалдарының нәтижесі – ақыреттегі сый-құрметпен бағаланатыны айтылған. «Сендер үшін Алла өз нәсілдеріңнен әйел затын жаратты. Әйелден бала, баладан немере көрдіңдер. Сендерге ризық етіп алуан түрлі шырынды жеміс өсірді. Сонда да болса олардың өтірікке бой ұрып, Алла берген игілікке күпірлік ететіндері қалай? Сендерге Алла тек өзіне ғана бойұсынуды бұйырды, ата-аналарыңа жақсылық жасауды өсиет етті. Олардың біреуі немесе екеуі бірдей қартайып қалса, «түһ» деуші болмаңдар, зекіп ұрыспаңдар. Екеуіне де ізетті болыңдар. Екеуіне де зор мейіріммен, кішіпейілмен бас иіңдер. Алла, олар мені бала кезімде қалай мәпелеп өсірсе, Сен де оларға сондай рақымшылық ете гөр!», – деп айт». Осы аяттың тәпсірін жасаған Сәйид Кутуб ата-анасын қатты қадірлеген. Атаана турасында Хафыз Әбу Бәкірдің мына бір риуаятын келтіре кетейік: «Бір адам қажылық кезінде анасын арқалап алып Қағбаны тауап етеді. Бір кезде хазіреті Пайғамбардан: «Ана сүтін ақтай алдым ба» деп сұрайды. Сонда Ұлық Пайғамбар: «Анаңның жүкті болған кезінде алған бір тынысының да ақысын өтей алмадың», – деп жауап береді». Міне, ана алдындағы борыштың өтемі қандай? Негізі, ислам дінінде отбасын басқару – әкеге жүктеледі. Бала-шағаны асырау да әкенің мойнында. Сонау заманда-ақ «Әйелдің тапқаны босағада қалады» деп, ер азаматтың тапқанын берекеге балаған қазақ атамыз қай нәрсенің де байыбына бара білген. «Еркек – бас, әйел – мойын» деп, – ерлердің әйел алдында үстемдігі бар екені аятта анық айтылады. Мұны Алла Тағала: «Дегенмен, еркектер әйелдерден бір саты жоғары үстемдікке ие. Осының бәрі Алланың құдіреті, данышпандығы арқылы орындалып жатады», – деп білдірген. Сөйтіп, Раббымыз Құран мен ардақты Пайғамбарымыздың сүннеті арқылы отбасы өмірін сақтау, әйел мен ердің орнын айқындап көрсетіп берді. Соның негізінде адамзат баласы бұрынғыдай жаман әдет пен ғұрыптан тыйылып, жамандық атаулыдан таза, белгілі бір тәртіпке бағынатын абыройлы отбасы түзілді. Тарихта жахилдік кезеңінде әйелдің қоғамда ешбір орны жоқ еді. Оларға тек қана қараңғылық, надақтық аты тән болатын. Хазірет Омар (р.а) бұл туралы: «Алланың атымен ант етейін, біз жаһилият кезеңінде, былайша айтқанда Алланың діні келгенше әйелдерді адам деп санамайтын едік», – деп баяндайды. Содан бері де Ислам діні өркениет жайып, әйелдің қоғамдағы орны мен құқықтары белгіленді. Нәзік жандылардың құқығы мен орнына құрметпен қараған – әлемдердің рақым нұры сүйікті Пайғамбарымыз: «Әйелдеріңіздің сіздерде, сіздердің әйелдеріңізде хақтарыңыз бар», – деп таразы басын теңестіріп, адамзатқа өшпес із қалдырды. Осы жөнінде бір мысал келтіре кетейік. Бір ауылда бір-біріне көрші екі отбасы тұрады екен. Сол ерлі-зайыптылардың бірі күн сайын ұрысып, бастарына түскен қайғыға үнемі бір-бірін кінәлайды екен. Ал екінші отбасы болса, керісінше өте тату-тәтті тұрады екен. Әлгі ұрысқақ әйел көршісінің бақытына қызыға да, қызғана қарайды екен. Бірде күйеуіне: «Осы біздің көршілеріміз неліктен тату тұрады екен? Барып, көріп келші», – деп айтқан екен. Содан әлгі әйелдің күйеуі көршілес үйінің жәйжағдайын жасырын бақылайды. Көршісінің зайыбы қымбат құмыраның шаңын сүртіп тұр еді, баласы жылағаннан кейін әйел соған алаңдап, құмыраны үстелдің дәл шетіне қойып кетеді. Дәл сол сәтте күйеуіне сол бөлмеден бірдеңе қажет болып кіреді де, әлгі құмыраның жанынан өткенде оны іліп кетеді. Құмыра жерге құлап сынып қалады. «Енді не болар екен?» деп ойлайды көршісі. Әйелі жанына келіп, күрсініп күйеуінен кешірім сұрап: «Кешірші, қымбаттым. Бұл менің кінәм. Құмыраны тым ыңғайсыз орынға қойып кетіппін», – дейді. Күйеуі болса: «Ол не дегенің, асығып жүріп құмыраны көрмей мен құлаттым. Өзім кінәлімін! Жарайды енді, болары болды, басымызға бұдан артық сынақ түспесін!» – дейді екен. Осының бәрін сыртынан бақылап тұрған көршісі өзіне үлкен сабақ алады. Үйіне барғанда әйелі: «Иә, көршіміздің бақытты ғұмыр кешуінің сырын білдің бе?» – деп сұрайды. Күйеуі: «Иә, білдім. Оларда екеуі де кінәлі, ал бізде екеуіміздікі де дұрыс екен. Барлық ұрыскерістің себебін енді түсіндім», – деген екен.
– Қазіргі қоғамда ерлі-зайыптының ажырасуы көбейіп бара жатыр. Мұның алдын алу үшін не істеу керек?
– Төле би бабамыз: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық», – деген. Ер мен әйелдің жан дүниесінде осындай асыл қасиеттер болса, ол шаңырақ бақытқа бөленері хақ. Ажырасу бұл өте өзекті мәселе. Ажырасудың себептері көп. Біріншіден, отбасылық жауапкершіліктің азаюы. Екіншіден, сабыр мен кешірімнің жетіспеуі. Исламда ер мен әйелдің бірбіріне деген міндеттері нақты белгіленген. Бір-бірінің қадірін біліп, кешірімді болу — мықты отбасының кепілі. Сонымен қатар, некеге дейін жастарға дұрыс тәлім-тәрбие беру, отбасылық өмірге дайындау – атаана мен қоғамның міндеті. Аллаға шүкір, қазіргі таңда үйленіп, ақ некелерін қиып, шаңырақ көтеріп жатқан жастарымыз көп. Бірақ отбасылық өмірге тиісті дайындық болмағаннан кейін, отбасылық өмірдегі кейбір сынақтарға төзе алмай, ажырасып жатқандары да аз емес. Бақытты отбасын құру ер адамнан да, әйел адамнан да белгілі бір істерді талап етіп, өзара түсіністік пен сабырлықты қажет ететіні мәлім. Бүгінгі жұма уағызымызда отбасылық өмірдің мәнін келтіріп, шаңырақтың тұрақтылығын, бақыты мен берекетіне әсер ететін кейбір себептеріне тоқталмақпыз.
– Баланың тәрбиесінде ата-ананың рөлі туралы не айтар едіңіз?
– Баланың алғашқы ұстазы – ана, алғашқы мектебі – отбасы. Әке – жауапкершіліктің символы, ана – мейірім мен тәрбие көзі. Баланың бойына имандылық, адамгершілік, адалдық сияқты құндылықтарды сіңіру үшін ата-ана ең алдымен өзі соған лайық болуы керек. Осы орайда есіме түсіп отыр. Бір хадисте: «Әрбірің – бақташысыңдар, әрқайсың жауаптысыңдар», – делінген. адамның дүниетанымы мен түсінігі күн сайын құбылған мына заманда бала тәрбиесі өзекті мәселенің біріне айналды. Осы ретте әрбір ата-ана өз ұрпағына мәңгілік мектеп екенін айрықша атап өткім келеді. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген тұжырымды сөз бар. Халық даналығында айтылатын: «Анаға қарап қыз өсер, әкеге қарап ұл өсер» деген мақалдың мағынасы тереңде жатса керек. Кез келген мұсылманның мұраты – иманды, ізгі ұрпақ тәрбиелеу. Ғұламалардың: «Бала тәрбиелеуден бұрын өзіңді тәрбиеле» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Баламызды бес жасқа дейін патшадай күтіп, мәпелеп өсірсек, он бес жасқа дейін өмір тіршілігіне икемдеп, еңбекке баулып, үлкенге қызмет етіп, батасын алуға тәрбиелесек, он бес жастан кейін онымен жеке тұлға, өзіндік ойы бар азамат ретінде пікірлесіп, ақылдасып, жиі сырласып-сұхбаттассақ, Алланың қалауымен үміт еткен ұрпағымыздың жақсылығын көретініміз анық. Біз жас буынды «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген тәрбиелік мағынасы терең түсініктермен жөнге салған халықпыз. Осы үш ұғымды өмір сүру дағдысына айналдырған бозбала мен бойжеткен ата-анасын, одан қалса елі мен жерін ұятқа қалдырмайды.
– Бүгінгі қазақ қоғамында отбасы құндылығын қалай жаңғыртуға болады?
– Бұл баршамыздың – дін қызметкерлерінің, ұстаздардың, ата-аналардың, жалпы қоғамның ортақ міндеті. Біріншіден, ұлттық тәрбиемізді, салтдәстүрімізді дінмен ұштастыра отырып дәріптеу керек. Екіншіден, жас отбасыларға қолдау көрсетіп, отбасылық институттарды күшейту қажет. Үшіншіден, ақпарат құралдары отбасы құндылықтарын насихаттауға көбірек көңіл бөлуі керек. – Құнды ойларыңыз үшін көп рақмет!
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалық шаралар қарастырылған. Құқық қорғау органдары тарапынан қорғану нұсқамалары беріледі, құқықбұзушылар жауапкершілікке тартылады. Алайда заңның бар болуы жеткіліксіз, оны тиімді қолдану және қоғамның санасын өзгерту әлдеқайда маңызды. Заң қатал болуы мүмкін, бірақ сана өзгермесе, залал азаймайды.
Бүгінгі таңда ең маңыздысы – үнсіз қалмау. Тұрмыстық зорлық – жеке мәселе емес, ол қоғамдық қауіп. Әрбір әйел өз өмірінің құндылығын түсінуі керек. «Балалар үшін шыдаймын» деген түсінік кейде сол балалардың болашағына қауіп төндіретінін ұмытпау қажет. Себебі бақытсыз отбасында өскен бала бақытты қоғам құра алмайды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес – тек заңның емес, бүкіл қоғамның міндеті. Еліміздің кез келген өңірінде бұл мәселе ешкімді бей-жай қалдырмауы тиіс. «Ұят болады» деген ескі түсініктің орнына «әділет болуы керек» деген жаңа ұстаным қалыптасқанда ғана біз шын мәнінде қауіпсіз қоғам құра аламыз. Әйел – ана, ал ананың көз жасы – қоғамның
қасіреті. Оны тоқтату – бәріміздің ортақ парызымыз.

                                                                                                                                               Мақпал МАРҚАБАЙ
10 мамыр 2026 ж. 126 0