МИГРАЦИЯ МӘСЕЛЕСІ: ҚҰҚЫҚ ПЕН ТӘРТІП

Өңірімізге нәпақа іздеп, басқа да себептермен шекара асып келген шетелдіктердің қарасы қалың. Олардың дені көршілес Өзбекстан азаматтары. Оңтүстікте мигранттардың көбі жалдамалы жұмысшы ретінде құрылыс жұмыстарын жүргізеді, ауыл шаруашылығымен айналысады. Бірақ шекара асып келген шетел азаматтарының көбінің заңды айналып өтіп, тиісті талаптарға бағынғысы келмейтіні жасырын емес. Соңғы кездері құзырлы органдар осы келеңсіздікке қарсы күресті күшейтті.
МИГРАНТ БАР ЖЕРДЕ МӘСЕЛЕ КӨП
Жаңақорған аудандық сотында заңды аттап өтіп, талаптарға мойынұсынғысы келмеген Өзбекстанның 15 азаматына қатысты әкімшілік іс қаралды. Сотта анықталғандай, бұл азаматтар мамыр айында Қазақстан аумағына жеке мақсатпен келіп, тиісті рұқсатты алуды қаперге алмаған, Бірлік ауылында жеке кәсіпкерге жалданып қауын артушы болып еңбек еткен. Сот отырысында олар кінәларын мойындап, Қазақстан аумағына жеке сапармен келгендерін, жүк артушы ретінде еңбек еткендерін және төлем қабілеттерінің жоқ екендіктерін айтқан.
– Мұндай заңсыздықтың ар жағында шетелден келетін арзан жұмыс күшінен жұмысшылар бригадасын құрған өз азаматтарымыздың талапты белден басқан іс-әрекеттері тұрғанын аңғару қиын емес. Тіпті, шетелдіктердің күшін заңсыз пайдаланатын, олардың заңсыз көші-қонын ұйымдастыратын топтардың бары да белгілі. Мәселен, жуырда облыстық Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы заң ережесін бұзып жүрген Өзбекстанның 30 азаматын анықтады. Қазіргі уақытта осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің «заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда, – деді аудандық сотының кеңсе меңгерушісі Бибайым Нәлібаева.
Облыстық Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының тәртіп сақшылары көші-қон заңнамасын бұзу деректерін анықтап, жолын кесуге бағытталған «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізген болатын. Жұмыс жүргізу барысында полицейлер Қазақстанға заңсыз келген адамдарды, заңсыз көші-қон фактілерін және құжаттарсыз еңбек қызметімен айналысатын шетелдіктерді, сондай-ақ заңсыз көші-қонға байланысты өзге де құқыққа қайшы әрекеттерді анықтауға баса назар аударды. Тәртіп сақшылары кешенді жүргізілген 5 күндік рейд барысында көші-қон заңнамасын бұзған 355 адамды анықтады, оның 248-і шетелдік азамат. Заңсыздықтарға жол бермеу, заңсыз көші-қонды болдырмауға бағытталған мұндай іс-шаралар тәртіп сақшылары тарапынан тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
ҚҰРЫЛЫСШЫ МА, ҚЫЛМЫСКЕР МА?
Тоғыз айдың қортындысында ауданда жедел алдын алу шаралары жүргізіліп, көші-қон заңнамасын бұзған 93 мигрант анықталды. Олардың 28-і – Өзбекстан, 11-і – Қырғызстан, 13-і – Тәжікстан, 10-ы – Әзірбайжан, 5-і – Ресей, 1-ы – ҚХР, 1-і – Беларусь, 1-і – Грузия, 1-і – Түркия азаматы. Айта өту қажет, халықаралық іздеу жарияланған 2 тұлға қылмыс барысында ұсталған.
Еске салсақ, өткен жылы шетелдік 2 азамат тұрғын үйге ұрлыққа түскен жерінен жергілікті қырағы полицейлердің қолына түсіп, елдің назарын аударған еді. Сөйтсек, олар құрылысшы болып жүріп, айналасындағы оншақты үйді үптеп үлгеріпті.
Қазірдің өзінде іздеу салынған азаматтар мен бізге беймәлім қылмыстық жайттер баршылық. Қазақстанда пайдаланылатын шетелдік жұмыс күшінің біраз бөлігін заңсыз мигранттар толықтырады. Олардың арасында маусымдық жұмыстарда істейтін, біліктілігі төмен адамдар басым. Іс жүзінде елімізде Түркия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Үндістан, Ауғанстан азаматтарының құқық бұзу фактілері жиі тіркеледі. Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшінің Қазақстандағы үлесінің артуы да криминалдың өршуіне негізгі себеп. Аталған мемлекеттердің үлесіне жұмыс күшінің 60%-70% пайызы тиесілі. Егер заңсыз іс-әрекеттер мен тәртіп бұзушыларға тиесілі шаралар қолданылмаса, ұлттық қауіпсіздік құлдырайды. Ондай жағдайда аса«криминалды ортаның» пайда болмасына кім кепіл?
Қоғам назарын аударатын мәселе жайлы Жаңақорған полиция бөлімінің басшысы Нұрлан Ибраеватың пікірін білдік.
– Аудан көлемінде 176 шетелдіктерге ҚР көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік кодекстің 517-бабымен хаттамалар толтырылып, оның 15 әкімшілік жолмен республика аумағынан шығарылды. Шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың ҚР-ның халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін 48 ҚР азаматына ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабымен және шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 72 ҚР азаматына ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабымен әкімшілік шара көрілді. Өткен жылы ҚР азаматтарды жеке куәлікке және төлқұжатқа құжаттандыру бойынша 93 мың 520 өтініш қабылданды. Оның ішінде ҚР азаматының төлқұжатымен 5 мың, жеке куәлікпен 64 мың 431 адам құжаттандырылды, – деді ол.
Аудан аумағына тұрақты тұруға өтініш білдірген 11 шетел азамат өтініш білдіріп, ықтиярхатпен құжаттанған. Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға өтініш білдірген шетелдік азаматтың іс-құжаттары қабылданып, азаматтығы берілді. Ескі үлгідегі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының паспортымен жүрген 16 адамға құжаттануға көмек көрсетілді.
ТҮЙІН. Миграция мәселесі – қоғамдық сақтықты күшейтуді талап етеді. Арзанқол жұмысшыларды пайдаға жаратамын деп, өзі опық жегендердің қателігіне назар аударып, заңға қайшы әрекеттерді болдырмау бүгінгі күннің басты тақырыбы. Жергілікті халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, көкірек көзін ашпайынша миграция мәселесі тиылмайтыны анық.
Мақпал МАРҚАБАЙ




