ЕЛДІ ЕР КӨРКЕЙТЕДІ

Сағат тілі түскі бірге жақындап қалған кез. Қожакент ауылына келіп, ауыл әкімінің ұйғарымымен Изатулла Үсенов басқаратын кәсіпорынға маңдай тіредік. Қырманы, диірмені, қоймасы, бүкіл техникасы орналасқан екі гектардай аумақта Изатулла Үсенов бастаған ұжым мүшелерін түп-түгел жұмыс орнынан таптық.
Іс тетігі – ұйымдастыруда. Ұжым басшысы Изатулла Ергешұлының есімі бүгінде Сыр жұртшылығына етене таныс. Ендігі айтпағымыз, елу жылдық ғұмырында ер азаматты ел алдына шығарған ерекшеліктің қыры мен сыры. Мұның тереңіне бойлау үшін көптің пікіріне құлақ қоюға тура келеді. Өйткені, «халық – құдайдың бір аты» деген тәмсіл бар. Осы орайда Қожакент ауылының әкімі Елеу Жиенқожаев былай дейді:
– Еңбекқорлықты ардақ тұтқан ауылымыздың азаматы бүгінде халықтың қалаулысы ретінде елдік мәселелердің басы-қасынан табылып келеді. Изатулланың бір бұлжымас қасиеті – елдегі тұрмысы кембағалдау жандарға, жетім-жесір, көмекті қажет ететін отбасыларға үнемі қарайласып, демеушілік жасап отырады. Елде әлдебір төтенше жағдай орын алғанда азаматтық қолдауы әзір, үйі өртеніп кеткен жанұяға қамқорлығы, тосыннан қазалы болған ағайынның әл-ауқаты төменіне туғанындай жанашырлық танытуы, тіпті жоқ-жұқана отбасына баспана салып беруі, мұндай жомарттық енді кез келгеннің қолынан келе бермейтіні анық.
Бұл азаматтың іскерлік қасиетімен қоса бөлекше ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қоғам тынысына тың серпінмен үлес қосып, ауылдың мәртебесін асырып келе жатқан қайраткерлігіне толық куәлік бере аламын. Елдің абыройына сын болар қоғамдық жұмыстарда жұртшылық оны әрдайым арқа тұтып келеді, – дейді ол.
Қазақта «Әкеге қарап ұл өсер» деген нақыл бар. Әкелері Ергеш Үсенұлы алпысыншы жылдардан бастап шаруашлықтың аяқтан тұрып, тұрмысының тіктеліп кетуіне бүкіл ғұмырын сарп еткен жан. Ергеш Үсенов алғашында «Бірлік», «Политотдел», одан соң «Октябрь» колхозында егіс бригадирі болып, жүгері өсіруден одақ бойынша озат атанып, Мәскеуге Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне (ВДНХ) барып қатысып қайтқан. Өмірінің соңына дейін мемлекет мүддесі жолында адал еңбек еткен жан.
Отбасының сегізінші перзенті Изатулла қайран әкесі қайтпас сапарға аттанғанда он жеті жаста екен. Әке мейіріміне қанбаса да болмысын бойына бекітіп үлгерген жеткіншектің аумай-төкпей сырлы сүрлеуді жалғап келе жатқанына қарап сананың көзі ашылса сәуле түспей қоймасын еріксіз мойындайтын тәріздіміз.
Одан бері арада отыз бес жыл уақыт зымырап өте шығыпты. Сонымен, қадір-қасиетіне сырттай қанық замандаспен сұхбатымыздың біссмілласы еңбек жолын айтып беруден өрілді.
– 1987 жылы ауылдағы №168 мектептіі тәмамдап, Орынбор қаласындағы Ауыл шаруашылық техникумның зоо-ветеринариялық факультетіне оқуға түстім. Бір жылдан соң кеңес әскері қатарына шақырылып, екі жыл әскери міндетімді өтеп оралып, қайтадан оқуымды жалғадым.
Алғашқы жылдары кеңшарда механик болып жұмыс атқардым. Ұжымдар бет-бетімен бөлініп, мекемелер қысқарып, жұмыстың мәнісі қаша бастаған кез. Ауыл шетінде жыңғыл басып жатқан бос жерді иелігіме алып, тазалап, өзімше жоспар құрып, үлкен іске бел будым. Ойша схема сызып, мына жерде алып цех жұмыс жасап тұрады деген балаша қиялымыз іс жүзінде расқа айналып, шаруамыз жылдам аяққа тұрып, табыс еселеп артып, сол таршылық кезеңде қаражаттан қысылып тұрған талай ауылдастың әжетін шығара білгенімді көңілге тоқ санаймын, – дейді ол.
Изатулла Ергешұлы кәсібін екі бағытта қатар үйлестіре білуімен ерекшеленеді екен. Қарауындағы 300-400 гектар жерінде егін егіп, жыл сайын өнімін жинап алумен қатар мал ұстайтын комплексінде ірі қара өсірумен де айналысады екен. Ал диірмен цехын ашу идеясын 2006 жылдан бастап қолға алған. Алғашында темір-терсекті өзі қолдан құрап көріп, әдіс-тәсілін меңгеріп, қарапайым құрылғыны ақыры іске қосқанын айтады. Осылайша кәсіп қырын әбден меңгеріп, бүгінде өзі орнатқан заманауи үлгідегі үш диірмен цехтың көмейінен көлемді мөлшерде ел ырзығы еселенуде. Осының барлығы таудай талап, қана емес, елге болсын деген ықыласты еңбектің нәтижесі болса керек.
Осы еңбектері ескеріліп, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Өзі туып-өскен атамекеннің ахуалын күндіз-түні ойлап, жүрекке жүк түсірген азамат депутаттық мандатын пайдаланып, биік мінберлерден жиі көрінеді. Ауыл көшелері түгелімен жарықтанса, жаңа мектеп үйі салынса деген мәселені көтеріп жүр. Бүгінде бар арманы – ауыл келбетін жаңа деңгейге көтеру. Бұл жолда өзінің де жарқын жобалары бар.
Баян Үсейінова




