Елді ер көркейтеді
Сағат тілі түскі бірге жақындап қалған кез. Қожакент ауылына келіп, ауыл әкімінің ұйғарымымен Изатулла Үсенов басқаратын кәсіпорынға маңдай тіредік. Қырманы, диірмені, қоймасы, бүкіл техникасы орналасқан екі гектардай аумақта кісі қарасы көрінбеген соң түскі үзіліске жорып болмадық, ішке ене сала Изатулла Үсенов бастаған ұжым мүшелерін түп-түгел жұмыс орнынан таптық.
Мұнда ежелден тәртіп солай екен. Жұмыстан бір минут кешігу, бұрын кету деген үрдіс жоқ.Естігеніміз, таңғы сағат сегізде төрт көзі түгел қам-қарекетіне кірісер еңбек адамдарына күн сайын араларында жасы үлкені бата береді екен, содан соң ғана нанталаппен сол күннің ырзығы, несібесі одан әрі тарқатылып кете бермек. Бұл бұлар ойлап тапқан жаңалық емес, ата-бабамыздан келе жатқан ізгі дәстүр, әр күннің сауғасын Алладан күткен тәубекер тілектің айнымас ақ жолы ғой. Осындай ізгі амалдардан соң алақандай ұжымда қайтіп бір-бірімен алакөз қиянатқа орын қалсын? Әрине, құр аяққа бата жүрмейді. Бата берген адамға басшының бөлекше ілтипатына қанық үлкендер жағының ақжарқын лебізге жарысуы әбден-ақ жарасымды.
Хош. Іс тетігі – ұйымдастыруда. Ұжым басшы¬сы Изатулла Ергешұлының есімі бүгінде Сыр жұртшылығына етене таныс. Ендігі айтпағымыз, елу жылдық ғұмырында ер азаматты ел алдына шығарған ерекшеліктің қыры мен сыры. Мұның тереңіне бойлау үшін көптің пікіріне құлақ қоюға тура келеді. Өйткені, «халық – құдайдың бір аты» деген тәмсіл бар. Осы орайда Қожакент ауылының әкімдігі қызметін көп жылдар атқарған Асылбек Айтжанов былай дейді:
– Изатулланың бір бұлжымас қасиеті – елдегі тұрмысы кембағалдау жандарға, жетім-жесір, көмекті қажет ететін отбасыларға үнемі қарайласып, демеушілік жасап отырады. Қолындағы малының зекетін үзбейді. Елде әлдебір төтенше жағдай орын алғанда азаматтық қолдауы әзір, үйі өртеніп кеткен жанұяға қамқорлығы, тосыннан қазалы болған ағайынның әл-ауқаты төменіне туғанындай жанашырлық танытуы, тіпті жоқ-жұқана отбасына баспана салып беруі, мұндай жомарттық енді кез келгеннің қолынан келе бермейтіні анық.
Бұл азаматтың іскерлік қасиетімен қоса бөлекше ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында қоғам тынысына тың серпінмен үлес қосып, ауылдың мәртебесін асырып келе жатқан қайраткерлігіне толық куәлік бере аламын. Елдің абыройына сын болар қоғамдық жұмыстарда оны әрдайым арқа тұтып келген жайымыз бар. Жыл сайын облыс орталығы, астана төрінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өз күшімен ұйымдастырып апарып, қала тұрғындарының алғысына бөленіп жүр. Ел халқының күнделікті күнкөрісіне негіз қалайтын үйіргелік бақшалықтарына су жеткізетін арықтарды тазалатуды тегін атқарып келеді. Қоғамдық шаралардың басы-қасынан табылып, мереке сайын ауылдастардың мерейін көтеруге бағытталған түрлі іс-шаралардан нақты демеуін аяп қалған емес. Елді мекеннің елу жылдық мерейтойының биік дәрежеде өтуіне де осы Изатулла сынды елжанды азаматтар айрықша қамқорлығын аянып қалмады, – дейді ол.
Қазақта «Әкеге қарап ұл өсер» деген нақыл бар. Әкелері Ергеш Үсенұлы алпысыншы жылдардан бастап шаруашлықтың аяқтан тұрып, тұрмысының тіктеліп кетуіне бүкіл ғұмырын сарп еткен жан. Кім болсын қолынан келсе көмектесуге дайын тұратын ақпейіл азаматтың жақсылықтары туралы қожакенттіктердің кез келгені айта жөнелетінін көріп жүрміз. Ергеш Үсенов алғашында «Бірлік», «Политотдел», одан соң «Октябрь» колхозында егіс бригадирі болып, жүгері өсіруден одақ бойынша озат атанып, Мәскеуге Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне (ВДНХ) барып қатысып қайтқан. Өмірінің соңына дейін мемлекет мүддесі жолында адал еңбек еткен жан. Қазір ол кісінің атында ауылда көше бар.
Отбасының сегізінші перзенті Изатулла қайран әкесі қайтпас сапарға аттанғанда он жеті жаста екен. Әке мейіріміне қанбаса да болмысын бойына бекітіп үлгерген жеткіншектің аумай-төкпей сырлы сүрлеуді жалғап келе жатқанына қарап сананың көзі ашылса сәуле түспей қоймасын еріксіз мойындайтын тәріздіміз. Сыныптастары қатарында Сәдірбайұлы Бауыржан деген азамат Изатулланың мектепте де тәртіпті, мығым, өзі ешкімге соқтықпайтын, бірақ тиіскенді оңдырмайтын мінезділігін еске алып, бүгінде бүкілі алдыға тұтатын беделді құрдасты өздері де бел тұтатынын жасырмады.
Одан бері арада отыз бес жыл уақыт зымырап өте шығыпты. Сыныптастарын ұмытпай, әр күзде кеусен таратудан жаңылмайтын бауырлық пейілі өз алдына, биыл бірге мектеп бітірген әр қиырда жүрген дос-жаранның басын қосып, төркіндеген қыздарды төрге шығарып, баршасының жағдайын жасауды өз мойнына алған жомарттығымен бәрін де риза етіпті.
Сонымен, қадір-қасиетіне сырттай қанық замандаспен сұхбатымыздың біссмілласын еңбек жолын айтып беруден бастадық.
– 1987 жылы ауылдағы №168 мектептіі тәмамдап, Орынбор қаласындағы Ауыл шаруашылық техникумның зоо-ветеринариялық фа¬культетіне оқуға түстім. Бір жылдан соң кеңес әскері қатарына шақырылып, екі жыл әскери міндетімді өтеп оралып, қайтадан оқуымды жалғадым, – дейді ол бізбен әңгімесінде. Нағыз нарықтық қатынастар өмірге келген кезең. Стипендия алған уақытта жанымдағы студенттердің ақшасын қосып, жалғыз өзім Орынбордан екі күнде Қырғызстанға өтіп, қат тауарлар әкеп саттым. Менің арқамда жолдастарым да киініп, әрі ақшасы еселеп қайтып сауданың көзін біраз біліп қалдық. Ауылға келгеннен соң ағайындардың өтінішімен Алматыға ет апарып сатып, осы кәсіпті бір жылдай атқарғаным бар. Ол кездері ауылдағы менмін деген кісілердің біразы саудаға ден қойып, солармен иық тірестіріп бірге жүрдік.
1995 жылдары Төлеген Рүстемов ағамыздың демеушілігімен баба басына қойылған сағананы кайта жөндеуге үлкен жұмыс басталып, соған ақысыз үлесімді қосайын деп кірісіп кеттім. Құрылыс басында табандап жатып аяғына дейін қызметімді аямадым.
– «Өлі разы болмай тірі байымайды» деген. Кейін «Өмір ата» зиратының да қоршауын салып, қақпасын әрлеп, шырақшысына үй салып бергеніңізді де естідік. Мүмкін, мына маңдайға біткен нығметтің бәрі бабаға еткен еңбектің еселеп қайтуы шығар?
– Ол да мүмкін.
– Жеке кәсіпкерлікке қашан ден қойдыңыз?
– Тоқсан жетінші жылдары кеңшар¬да механик болып жұмыс атқардым. Ұжымдар бет-бетімен бөлініп, мекемелер қысқарып, жұмыстың мәнісі қаша бастаған кез. Ауыл шетінде жыңғыл басып жатқан бос жерді иелігіме алып, тазалап, өзімше жоспар құрып, үлкен іске бел будым. Ойша схема сызып, мына жерде алып цех жұмыс жасап тұрады, мына жерде ақша қабылдап отырамыз деген балаша қиялымыз іс жүзінде расқа айналып, ісіміз жылдам аяққа тұрып, табыс еселеп артып, сол таршылық кезеңде қаражаттан қысылып тұрған талай ауылдастың әжетін шығара білгенімді көңілге тоқ санаймын, – дейді ол.
Изатулла Ергешұлы кәсібін екі бағытта қатар үйлестіре білуімен ерекшеленеді екен. Қарауындағы 300-400 гектар жерінде егін егіп, жыл сайын өнімін жинап алумен қатар мал ұстайтын комплексінде ірі қара өсірумен де айналысады екен. Бұдан бөлек ауыл сыртында екі жерде фазендасында қысы-жазы 500-ге жуық мал бағылуда. Ал диірмен цехын ашу идеясын 2006 жылдан бастап қолға алған. Алғашында темір-терсекті өзі қолдан құрап көріп, әдіс-тәсілін меңгеріп, қарапайым құрылғыны ақыры іске қосқанын айтады. Осылайша кәсіп қырын әбден меңгеріп, бүгінде өзі орнатқан заманауи үлгідегі екі диірмен цехтың көмейінен көлемді мөлшерде ел ырзығы еселенуде. Осының барлығы таудай талап, қана емес, елге болсын деген ықыласты еңбектің нәтижесі болса керек.
Біздің ойымызға қазақ даласына алғаш диірменді әкелген Иосиф Броз Тито түсті. Омбының «Қойшыбай» деген қазақ ауылында Иса деген жеті атасынан бай шонжардың осында бой тасалап жүрген үш хорват жігітті таптырып, тамырын басып көріп, жанары шоқтай жанған Иосифті өзіне өкіл бала етіп алғаны жөнінде тарихи деректі он жыл бұрын «Егемен Қазақстаннан» оқып едік. Сол диірменнің орны әлі де тұр екен. Жеті атасынан дәулетті Иса байдың диірменін салып беріп, үмітін ақтаған бұл іскер жігіттің сүйегін танып, бетінен қақпай, мол дәулетінен еншілетіп, еліне шығарып салғанда бұл жақта Жүсіп атанған сол Иосифіңіз сенімді ақтап, Балқан түбегіндегі туған халқының алдына шығып көсем болғанын, Югославияны отыз бес жыл басқарғанын ойға түйіп қойыңыз. Алдына қойған талабына жетпей тынбайтын мақсаткерлігі мен елге шын берілген адалдығына келгенде Броз Титодан бір де кем соқпайтын бұл бауырымыздың ғажайып болмысын танып, батасын беріп отырған көре¬ген көңіл аға толқын қатары аз емес. Кәсіпорын алғаш жұмысқа кіріскенде ақ маржан төгілген алаңқайдың ортасында тұрып, жұмысына сәт-сапар тілеген сол кездегі облыс басшысы Қырымбек Көшербаевтың оң жағына қойып, арқасынан қаққан қолдауы, ауданға әкім болып келген Мұрат ағасының кәсіпкердің тірлігіне риза болып, «алдағы уақытта депутаттыққа түс» деп саяси өмірге тартуы осындай таудай жүректі азаматтарды таяныш көруінің белгісі, әрі әлеуетті эрудициясын нықтай түсуге шынайы қамқорлығы деп түсіну ләзім.
Өндірістік-шаруашылықтың мүмкіндігіне келсек, аумақ базасында Жаңақорған ауданын тұқыммен қамтамасыз ететін тәжірибелік алаң жасақтауға не¬гіз бар екенін айтады жергілікті басшылық.
Өндіріс алаңында 80 тонналық электронды таразы жұмыс істеп тұр. Қабатында қаңылтыр жасайтын технология да орналастырылып жатыр. Бұл қыстыңкүні жұмыс қолының қысқармауына сеп.
Кейіпкерімізге «Отбасында жолыңызды жалғаған перзенттеріңіз бар ма?» деген сауалымызды қойдық.
– Жанұямда жан жарым екеуміз бес перзент тәрбиелеп отырмыз, – деді ол. Өмірлік қосағы Нұрсұлумен Орынборда оқып жүрген кезінде танысыпты. Қарақалпақстандық, өзі адайдың қызы екен. Тәрбие солай, бөтен жақтың қызына ауылдағылар рұқсат бермесе махаббат дегенмен амалы жоқ-тын. Бірақ тірі жанның көңілін жығып көрмеген анасы алдынан өткенінде «қалауың білсін, балам, өмір сүретін өзің ғой» деп шешімді өзіне қалдырыпты. Сонымен отыз жыл бір отбасында өркен жайған қосақтардың тұңғышы Мейірбек мамандығы экономист, одан кейінгі ұлы Қазбек стоматолог, Қызылорда қаласында жеке клиникасы бар, осы күндері соның филиалын туған ауылы Қожакентте ашу үшін жай алып, қажетті құрал-жабдықтарды әкеп орналастырып, талаптану үстінде екен. Нұрболы өзінің қарауында жұмыс істейді. Екі қызының бірі студент, бірі оқушы екен.
Қожакенттен қайтар жолда Изатулланың әкесі Ергеш Үсенов атындағы көшемен бағыт түзедік. Маңдай тұсы мектепке тірелетін бұл көшенің жарықтануын, сән түзеген сәмбі талдарының көрік-келбетінің күтімін өзіне міндет санаған адал перзенттің көшеге бағбан бекітіп, ай сайын қомақты жалақы бекітуі айнымас жауапкершілігінің белгісі. Аяулы жанның құшағына басын қойып, сағынышын басқысы келгенде әке атындағы көше бойымен асықпай жүрудің өзі дәтке қуат. Мүмкін, сағынған жанның жұмсақ алақаны самал жел болып маңдайынан сипайтын болар. Ал әр үйеңкі басындағы шоқ жамылғы анасының желбіреген жаулығын көз алдына әкелмес пе?
Атадан ұрпаққа жалғасар сабақтастық деген осы!
Баян ҮСЕЙІНОВА