Баға қайда барады?

Соңғы жылдары құрылыс нарығындағы бағаның тұрақсыздығы халықты да, кәсіпкерлерді де алаңдатып отыр. Үй салуға, жөндеу жүргізуге немесе әлеуметтік нысандар тұрғызуға қажет материалдардың құны күрт қымбаттап, қарапайым халықтың қалтасына салмақ болып тұр. Мұның басты себебі неде? Әлеуметтік сарапшылардың пікірін тыңдап, аудан төңірегіндегі бірнеше құрылыс аймақтарында болып, елдің ой-пікірін білген едік.
ТҰТЫНУШЫ ТАЛАБЫ ҚАНДАЙ?
Аудан орталығында құрылыс заттарын сататын бірнеше сауда орындарында адам қарасы азайғанын байқадық. Сөрелер құрылыс материалдарына толып тұр, бірақ сатып алушылар жоқтың қасы. Себебі, материал құны тым қымбат. Тарқатып айтсақ, өткен жылы жазда болат жайманың тоннасы 190-230 мың теңге болса, желтоқсанда 300-ге, қаңтарда 350-ге, мамырда 400-ге көтерілген. Маусым айындағы бағасы 480 мың болса, қыркүйекте 500 мың теңгеге тоқтапты.
Ресми дерекке сүйенсек, Ұлттық статистика бюросы мынадай деректер келтіреді: қалыңдығы 4 мм-ге дейінгі қаңылтыр болат 65 пайызға, диаметрі 12-14 мм болатын, А-I класындағы ыстық илектелген арматура 58,3 пайызға, биіктігі 80 мм-ге дейінгі швеллер 35 пайызға қымбаттаған. Жыл басталғалы құны өскен материалдар қатарында бетон 12%, цемент 5%, полиэтилен құбырлары 10% және силикат кірпіші 6% өскенін мәлімдеді.
Кент тұрғыны Азат Сырымбет «Бір жыл ішінде профлист бағасы бірнеше есе өсіп шыға келді, қымбатшылық қос бүйірден қысып барады, баға неге қадағаланбайды?» дейді. «Дәл бір жыл бұрын аула қоршадым. Ол кезде 53 метр аумаққа 546 мың теңгеге профлист алған едім. Шаршы метрі 7800-дан еді. Көктемде көршім ауласын қоршауға профлист іздеген, былтырғыдан едәуір қымбаттап, 9000 теңге болыпты. Ертерек қоршап алғаныма шүкіршілік қылдым» деді ол.
Кент тұрғыны Мақсат Рамазанның айтуынша, орталық базарда OSB материалының бағасы екі есе шарықтап кеткен. Оның құны бір ай бұрын 3700 теңге болған екен, бүгін 8500 теңгеге сатылып жатқанын айтты. Базардағылардың көбі «сатуға шығарып жатқан жоқпыз. Ажиотаж боп кетті, көбісі бізді кінәлайды, бірақ қымбаттатып отырған біз емес. Абыр-сабыр басылғасын шығарамыз», дейтін көрінеді.
Шатыр жабуға кіріскен жерлесіміз Асылхан Әбдірашұлы: «Қазақстанда профлистке қажетті қаңылтыр бар. Бірақ өзіміздің өнімді шетелге сатамыз. Ал керісінше, еліміздің кәсіпкерлері қажетін Ресейден алады. Жергілікті жерде 3 кәсіпкер қаңылтыр зауытын ашқан еді, алайда бір жылдан соң өнім шығармай тұр. Тым құрығанда 1000 беңге арзан бағада алар едік», – деді.
ҮКІМЕТ НЕ ДЕЙДІ?
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бұл көрсеткіш 82%-ды құрайды.
«Көптеген ел экономикалық дағдарыстан енді ғана шығып жатыр. Сол себепті, бізде де, көршілерде де құрылыс металдарының, арматуралардың бағасы қатты өсуде»,– дейді министр журналистерге берген сұхбатында.
Ведомство басшысының сөзінше, биылға жоспарланған тұрғын үй көлемі де бағаға өз әсерін тигізіп отыр.
«Бізде Ресеймен баға айырмашылығы шамамен 5 пайыздай. Арматураны негізінен Ресейден сатып аламыз. Өзімізде де өндіріс бар. Бірақ ол жеткіліксіз. Құрылыс қарқынды жүруде. Биыл 17 млн шаршы метр тұрғын үй салуымыз керек. Бұл да баға параметріне әсер етеді. Ал цемент өндірісі өзімізде жеткілікті деңгейде. 12 зауытта 15 млн тонна цемент өндіріп отырмыз. Ал құрылыс саласының сұранысы – 9,3 млн тоннадай ғана. Биыл төрт айда былтырмен салыстырғанда 30 пайызға көп цемент шығарып үлгердік. Ал қазір қолдан жасалған ажиотаж жүріп жатыр. Сол жағдай баға өсіміне алып келді» дейді Б.Атамқұлов.
Құрылыс жасау үшін халыққа ең қажетті материал цементтің қымбаттауы жайында ауданға белгілі «ДДА» бетон зауытының директоры Данияр Досантаевтың пікірін білдік.
– Елімізде жылына 9,6 млн тонна цемент тұтынады. Яғни нарықта тағы 7 миллиондай цемент қажеттілігі бар. Оның үстіне өткен жылы еліміздің алып алпауыт зауыты Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облысындағы екі цехтың жабылуы бағаның күрт өсуіне себеп болды. Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден келетін цемент импортына 6 айға сұраныс арттыруда. Қысқасы, келесі жылы мемлекет тарапынан жүйелі жобалар жасалмаса, баға бағасының реттелуі екіталай, – дейді.
Экономикалық сарапшы Марина Грушинаның байламынша, бағаның өсуіне Ресейге салынған санкциялардың әсері байқалады. Оның «Құрылыс материалдарының бағасы 30-дан 80 пайызға дейін өсіп кетті. Басым бөлігі Ресейден келеді. Тауар санкциясы және сұраныстың артуынан баға шарықтап сала берді» деген мәліметінен-ақ, елімізде құрылыс заттарының сұранысы шетелдік тауарларға тәуелді екенін байқадық.
ТҰРҒЫН ҮЙ НАРЫҒЫНЫҢ КҮЙІ НЕ БОЛМАҚ?
Құрылыс материалы мен тұрғын үй нарығы бір-бірімен селбесіп жатқан сала, ол сәйкесінше, үйдің әр шаршы метр бағасының шарықтауына ықпал етеді. Сондықтан нарықтағы үйлердің арзандауы мүмкін емес. 2021-дің қаңтар-мамырында бірінші нарық баспаналары 8 пайызға қымбаттаған. Екінші нарық үйлері 13 пайызға шарықтады. Ал отандық құрылыс материалдарының бағасы 16 пайызға артқан.
Ауданда көп жылдар құрылыс саласында қызмет еткен Ерғали Оразбековтің айтуынша, цемент бағасы жыл сайын 12-13 пайызға қымбаттауының бірнеше себебі бар. «Оңтүстік өңірлерге цемент Ираннан тасымалданады. Әрі Иран цементі біздің цементтен арзан. Жалпы, үй құнындағы құрылыс материалдарының үлесі – 60 пайыз. 2020 жылмен салыстырғанда кейбір материалдар бағасы 60 пайызға өскен. Арматура 64 пайызға өскен. Бір жылда теңге 31 пайызға құнсызданды. Бұл отандық өнімдердің қымбаттауына әсер етеді» дейді ол.
«Жаңақорған жарнама» фейсбук парақшасында тұрғын үй сату жарнамасын жарялап жүрген Әбдісамат Әбдіштің пікірінше, үй бағасы құрылысқа жұмсаған қаржыны ақтай бермейді.
– Аудан орталығында сатылымға шыққан үлкен үйлер 35 миллион теңгеден басталады. Шағын баспаналар 15-20 млн. теңгеге сатылады. Әр үйге кеткен шығынды санасақ, үйдің құнынан асып түседі. Үйін сатуға шығарған тұлғалардың көбі қаржылық мәселеге тап келіп, еңбекті ақтамайтын бағаға сатуда, – дейді ол.
Мақпал МАРҚАБАЙ



