№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тұрғын үй бағасы – түйткілді мәселе

Тұрғын үй бағасы – түйткілді мәселе


Елімізде биыл жыл басынан бері тұрғын үй бағасы 25 пайызға қымбаттады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы ашық мәлімдеді. Біз осы тұста Жаңақорған кентіндегі тұрғын үйлердің бағасын бағамдап, халықтың пікірін білген едік.


Алдымен, еліміздегі тұрғын үйлердің бағасына зер салсақ, бір жылда қол­даныстағы пәтерлерді қайта сату бағасы – 26,4%, жаңа тұрғын үйлерді сату 19,6%-ға өсті. Тұрғын үйді жалға алу төлемі 2022 жылғы шілдеде 20,8% артты. Өңірлер бойынша жаңа салынған тұрғын үйлер нарығында Қызылорда облысы көш бастайды. Одан кейінгі сатыда Ақтөбе қаласында – 32,5%, Астанада – 27,6%, Өскеменде 26,1% қымбаттаған. Осы тұста өз өңіріміздің көрсеткішін үдетіп тұрған Жаңақорған ауданы деуге негіз бар. Соңғы жылдарда «ОЛХ Жаңақорған» жарнамасында заманауи үлгіде салынған үйдің құны 150 млн. теңгеге дейін бағалануда. Ал «Krisha.kz» платформасында Жаңақорған кентінде орналасқан 3 үйдің құны 180 млн. теңге деп көрсетілген. «Жаңақорған жарнама» фейсбук парақшасында 3 бөлмелі баспана 25-30 млн, 4 бөлмелі баспана 40 млн, жаңа үйлер 55-75 млн. теңге көлемінде бағалануда.
Ал, көршілес жатқан Шиелі ауда­нындағы үйлердің бағасын сөз етсек, «Шиелі ОЛХ» парақшасында 10 соттық жер 1 млн. теңгеден аспайды. Ал, шағын отбасыларға 5 млн. қаржының төңірегінде баспана алуға болады. Бүкіл жағдайы жасалған жаңа үйлерді 15 млн. теңге көлемінде қаржыға алуға болады. Сонда біздің Жаңақорғанның үйлері неге қымбат? Мұны қадағалауға болмай ма? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.
Әлеуметтік желі қолданушысы Ай­герім Асыл «Жаңақорғандағы үйімді 15 млн теңгеге сатып, Түркиядағы Анталия қаласы Бебек ауданынан 3 бөлмелі үй алдым. Үйдің аумағы кең әрі заманауи жабдықталған» деп көпшілікті таңқалдырды. Осы тұста Жаңақорған­ның үй нарығын халық күнкөрісіне сай қалай ретке келтіре аламыз? Біз осы тақырыпқа жауап іздеп көрдік.

ЖАНАР-ЖАҒАР МАЙ ҚЫМБАТТАУЫ БАСПАНА ҚҰНЫНА ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

Расында, соңғы бес жылда ауданда үйлердің бағасы тұрақталмай тұр. Пандемия кезінде де үй бағасы түспеген. Қымбаттату қарқын алып, мегақалалардағы үйдің құнына жетті. Үй жарнамалаған жандар жанар-жағар майдың қымбаттағаны бағаға әсер етіп отырғанын сылтау етеді. Ал, Krisha.kz жылжымайтын мүлік агентінің пайымдауынша, баспана құнын қолдан қымбаттатып отыр деп есептейді. Себеп – зейнетақы қорындағы қаржыны кәдеге жарату. Оған қоса жас мамандарға арналған бағдарлама аясында шағын үйлердің бағасы өскен. Айта кетейік, баспана іздеген қауымнан өз үлесін көретін делдалдар да бағаның шарықтап кетуіне себепші. Осы мәселені сөз еткен кент тұрғыны Ербол Сыдықов: «Үй бағасын мемлекет тарапынан қадағалаудың тиімді жолын табу керек. Себебі, ең біріншіден қарапайым халықтың орташа айлығы жергілікті жерде 100 мыңнан аспайды. Бұл айлықпен жер алудың өзі мұн. Екіншіден, салынған үйдің құ­нын бағалау мекемелерінің талаптарын нақты көрсету керек» – дейді.
Ал, Jer.kz жылжымайтын агенттігінің мәліметінше, жаңа жылдан бастап пәтер бағасының үстіне 7-10%-ға дейін ақша қосу басталған. Мысалы, үйін 30 млн теңгеге бағалағандар қазір 33 млн теңгеге сатып жатыр. Айта кетерлігі, қойған бағаға сай үйді сатып алатындар аз. Себебі нарықтағы бағаны белгілейтін – сатып алушы. Ал бірінші нарықтағы үйдің бағалары доллар бағамына сай көтеріліп жатыр. Десе де, бірінші тұрғын үй нарығында 2018 жылдан бастап қымбаттау байқалады. 2018 жылы бір бөлмелі 40 шаршы метрлік үй 7,2-7,5 млн болса, қазір 10-18 млн теңгенің арасында.
Осының салдарынан Жаңақорғанда мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алу мұңға айналды. Оған қоса үйді бағалау талабына сай үй жоқтың қасы. Мемлекеттік бағдарлама талабына сай үйлерді иесі арзан бағаға сатуға құлықсыз. Неге? Себебі, құрылыс материалдарының қымбаттауы шығы­нын өтемейді. Шағын үйлерді салып, оны жас мамандарға ұсынып жүрген кәсіп­кер Арман Жаңабай: «Жаңақорғанда 2018 жылға дейін бірнеше баспананы мемлекет бағдарламасына сай бағада сатып, одан едәуір табыс таптық. Ал, қазір ол бағаға орталықтан жер ала алмайсыз. Сондықтан кәсіп түрін өзгертуіме тура келді. Қазір баспаналарды жалға беріп жүрмін», – дейді.
Баспана салып жүрген жерлестер құрылыс материалдарының қымбат­тауымен қатар жанар-жағар майдың да тапшылығы баспана нарығына әсер ететінін айтады. Тәжірибелі кәсіпкерлер алдағы уақытта баспана бағасы одан әрі қымбаттай беретінін жасырмады.

Түйін. Тоқетерін айтқанда, баспа­на нарығына тоқтау салатындай жаңа бетбұрыс қажет. Бұл бағытта осы саланың қазанында қайнап жүрген агенттік мамандарының ұсынысын тыңдаған артық етпейді. Бағаның аспандап бара жатқаны жанымызға батады. Бұлай жалғаса берсе, халықтың баспаналы болуы қолжетпес арманға айналмақ. Тығырыққа тірелген жұрттың аузынан «Түркияда үй арзан екен, сонда көшеміз» дегенді жиі естиміз. Меніңше,жайлы өмір сүру үшін ең алдымен ұлтарақтай жерің мен кең сарайдай болмаса да өз үйің болғанына не жетсін.

Мақпал МАРҚАБАЙ


11 сәуір 2023 ж. 341 0