Құрылыс материалы неге қымбат?
Газетіміздің №65 санында «Жаңақорғанда баспана бағасы қанша?» деген тақырыпта мақала жазып, жан-жақты ізденіп көрген болатынбыз. Енді, сол мақаланың жалғасы ретінде құрылыс материалының бағасын да саралап көргенді жөн көрдік. Расымен де, елімізде баспанамен қоса құрылыс материалының бағасы да шарықтап кетті. Барлық жерде тұрғын үй, мектеп, балабақша, тағы басқа әлеуметтік нысандар көптен салынып жатыр. Жаңа тұрғын үйлер қатары артты. Материал бағасы жыл сайын көтерілсе де сұраныс түспей тұр. Биыл үй салып бастаған ағайындар жоспарланған қаражаттан екі есе шығындалып жатырмыз дейді. Осыған орай ой қорытып, баспанаң болса, соны сылап-сипап отыра тұруға кеңес берсек те артық емес. Өйтпегенде ше, биыл сәуір айында құрылыс бағасы 70 пайызға көтерілген.
Бұл мәселеге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алаңдаушылық білдіріп, жауаптыларға тапсырма жүктеген еді. Басты мақсат – құрылыс материалдары мен тұрғын үй бағасының өсуін тежеу. Құрылыс материалдарының қымбаттауына әсер еткен бірден бір фактор – импорт. Яғни, нарықтағы бағаға шетелдік компаниялар мен жекелеген делдалдардың әрекеті әсер еткен.
Ал, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиевтің айтуынша, құрылыс материалдары 30-190 пайыз мөлшерінде қымбаттаған. Құрылыс материалының қымбаттауымен қоймай, жұмыс механизмі мен көрсетілетін қызметтердің де құны әжептәуір өскен. Құрылысшылар жыл сайынғы 10-15 пайыздық қымбаттауға үйреніп те қалды.
Бірақ 2021 жылғы қымбатшылық ерекше болды. Дәл мұндай баға өсімі соңғы 10 жылда болмаған дейді.
– Біріншіден, девальвация болып, теңге 31 пайызға құнсызданды. Біз материалдардың 60 пайызын шетелден алып келетіндіктен, теңге мен шетел валютасы арасындағы айырмашылық материал құнына әсерін тигізеді. Екіншіден, рубль де қымбаттады. Соған сай Ресейден әкелінетін материалдар да қымбаттап кетті. Рубльдің құнсыздануынан Ресейде де баға өсті, алайда ресейлік өндірушілер үшін өз өнімін Қазақстанға емес, Қытай мен Еуропаға сатқан қолайлы. Өйткені ол елдерде баға әлдеқайда жоғары. Сондықтан тауарлардың басым бөлігі сол елдерге кетті де, нарықта тапшылық пайда болды, ал тапшылық бағаны өсіріп жіберді. Осылайша, сұраныс пен ұсыныстан құралатын нарық заңы жұмыс істеді: ұсыныс аз, сұраныс бар – баға өсе бастады, – деді Ерғалиев.
Егер құрылыс базарына бас сұғып, қажетті затттардың бағасын қарасаңыз, күні кеше арзан тұрған заттардың бағасы едәуір қымбаттағанын анық байқауға болады. Кент азаматы Айдар Құрманбеков үлкен үйдің құрылысын осы көктемде бастаған екен. Қажетті материалдарды алғашында басқа бағамен алса, кейіннен әлдеқайда қымбатқа сатып алыпты. Айтуынша, жоспарлаған сома еселеніп барады.
– Сәуір айының басында біраз материал алдық, мысалы, 16 арматураны 450 теңгеден алғанбыз. Соның жетпегенін мамырда 650 теңгеден алдық. Сол бір айдың ішінде 200 теңгеге қымбаттап кеткен. М350 маркалы бетон – 12 230 теңгеден бастап 21 120 теңгеге дейін өсті. Цемент те қымбат. Ауданда бірнеше сауда нүктелерін аралап шықсаңыз, бұған көзіңіз жетеді. Айталық, көктемде құрылыста жиі пайдаланылатын 1 OSB тақтасының бағасы 3 мың теңгенің ар жақ – бер жағында тұрса, бүгінде ондай баға түгілі, материалдың өзін табу қиын. Бірақ олардың да бағасы аспандап кеткен. Оңтайлы бағаға тұрмақ, керек затыңыз табылса қуанасыз. Үлкен ағамның айтуымен үйдің төбесін жабатын қаңылтырды Шиеліден әкелдім. Несін жасырайын, бізге қарағанда ол жақтың базарында қанағат бар екен. Дейтұрғанмен қазірде сада орындарында нарықты бақылайтын ешқандай бір мониторинг жоқ секілді. Содан соң базардағы бағаға тәртіп бола ма? – дейді қынжыла.
Иә, біз тілдескен қарапайым халықтың пікірі осылай өрбіген соң, Жаңақорған ауданындағы «Ақ жол», «Ержан», «Талды су», «Шаңырақ», «АI Madi» және бірнеше ағаш базарына бас сұқтық. Саудагерлердің сөзінше, құрылыс материалдары карантин енгізілгеннен бастап қымбаттаған. Мәселен, темірдің құны бірден 70 пайызға шарықтаған. Цемент екі есеге өскен. Қызыл кірпіштің құны да қырық құбылып тұр. «Бағаның өсуі бізге байланысты емес» дейді сатушылар.
– Бізге келушілер тауардың бағасын ести салысымен, бірден реніштерін білдіріп, «қанағат етпейсіңдер ме?» деп жатады. Біздің қолымызда тұрған ештеңе жоқ қой. Құрылысқа қажетті заттарды өзіміз өндіріп жатқан жоқпыз. Бізге сырттан камазбен келеді. Шыны керек, үстіне көп қосуға да ыңғайсыз. Өйткені, келу бағасының өзі айтарлықтай қымбат. Биыл қатты көтерілді. Екі есе көтерілді ғой. Былтыр 6 мың теңгеден сатылған шипрларың биыл 14-15 мың. Бізге құрылыс материалдары барлық мемлекеттен келеді. Соның ішінде ең көбі Ресей, Түркия, Қытай, Иран, Араб елдерінен тасымалданады. Пандемияның салдарынан олардың бағасы артты. Есесіне бізде де, қымбатқа сатылып жатыр. Ол әрине құрылысқа, соның ішінде үй бағасына да әсер етеді. Биыл өзі өте ауыр жыл болып тұр ғой, – дейді сатушы Қанат Баймұратов.
Шынымен де, бізге келетін құрылыс материалының негізгі түрлері Ресейден келеді. Соның бірі ағаш. Онсыз үй салу мүмкін емес. Іргетасынан бастап шатырына дейін пайдаланатын құрылыс материалының бұл түрінің қалдығы да кез келген жерде пайдаға асады. Ең ақыры ұсақ жаңқасынан ДВП, ДСП жасалып, төбеге де жылулық ретінде қолданылады. Кент орталығындағы базарда бір текше метр ағаш – 55-60 мың теңге. Өзге заттарды несиеге немесе қарызға келістіруге болатын болса, ағашты тек нақтылай ақшаға саудалайтынын айтып отыр ағаш базардағы сатушы Бақыт Әлменов.
– Байқасаңыздар, басқа тауарлардың бағасы қыста аздап түсуі мүмкін. Бірақ ағаштың бағасының тұрақтылығына кепілдік бере алмаймыз. Өйткені ол жақта рубльмен есептелінеді. Біздің теңгеге шаққанда 4-5 есе құнды. Ағаштың құны енді арзандамайды. Жыл сайын өсуі де заңды. Біз текше метрлеп сатпаймыз. Бәрібір сол баға шығады. Екінші жағынан уақытты алады. Сатып алушылар ағаштың көлемі мен санын айтады. Сол бойынша есептеп береміз. Қыс бойы тапсырыс беріп, ауламызға жинай береміз. Осындай кезеңде таусылып қалмауын ескереміз. Ағаш өз құнын еш уақытта жоғалтпайды, – дейді сатушы.
Көп қолданылатын құрылыс материалдарының тағы бір негізгі түрі – қаңылтыр шатырлар. Бұл да қалдықсыз материал. Оның түсінің оннан астам түрі бар. Ал түссіз қаңылтыр шатырлар арзан болады. Сапасына келсек үш түрі бар. Жұқа, орташа, қалың. Сіз қалтаңыздағы қаражаттың көлеміне қарай таңдайсыз. Ұзындығы 6, ені 1,20 метр түрлі түсті профлистің бағасы – 15 мың теңге. Мұнымен шатырды жабу ыңғайлы әрі тез. Сонымен қатар заман талабына сай үйіңіз бен қақпаңызға сән береді. Ал түссіз қаңылтырларды шаруа қожалықтары қораның төбесін жабуға, мал ауласын қоршауға көп алады екен.
Сонымен қатар, пластикалық терезелерді жасаушылар да көктемнен бері есік-терезені өндіру бағасын көтеріп жіберген. Осыдан біршама уақыт бұрын бір терезені 25 мыңға жасатсаңыз, енді 40-45 мың теңгенің айналасында. Біздің ауданымызда пластик есік-терезе жасайтын ұсталар аз емес. Солардың бірі Самат Қамбаровтың сөзінше есік, терезені өздері жасағанымен, қажетті заттарды сырттан алдырғасын, баға үнемі өзгеріп отырады дейді.
– Шыны керек, біз пластиктен жасалатын бұйымдарды өзіміз құрастырып жасағанымызбен, оған қажетті заттарды өзіміз өндірмейміз ғой. Басқа жақтан алдыртамыз. Әр алдыртқан кезде әртүрлі бағада келеді. Ол зауыттан «неге қымбат» деп сұрасақ, доллар өсті дегенді алға тартады. Біз барынша халыққа тиімді бағада жұмыс жасап жатырмыз. Осыдан екі-үш жыл бұрын орташа размердегі терезені 20-25 мыңға жасауға болатын. Қазір, кем дегенде 40 мыңға жасап береміз, – дейді пластик құрастырушы.
Байқағанымыздай, құрылыс материалдарын сөз еткенде, бізде көбіне сыртқа тәуелділік басым. Жылдан-жылға жағдайдың жақсарғанымен қымбатшылық қиыншылығы қыспақтап тұр. Сәулетті үй тұрғызғымыз келеді, несиеге ұрынамыз. Банкке бір қарыз, құрылысшыға тағы тәуелділік туындайды. Бүйте берсе күрке тұрғызу да күрделеніп кететін түрі бар. Бұдан қарапайым халық қана қағажу көреді.
Әсел РЗАЕВА