Бір бесікте тербелген жұртпыз

Қазақтың кең байтақ жерінде этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Әр ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі мен мәдениеті, әдет-ғұрпы мен дүниетанымы бар. Әйтсе де, олар бір шаңырақ астында ынтымағы жарасып, бірлігі бекіп, мемлекеттік мұрат жолында ғұмыр кешуде. Олардың қай-қайсысы болмасын Қазақстанды тарихи отаны санап, өсіп-өніп, ұрпақтарын қазақтың салт-санасымен тәрбиелеп жатыр. Әсіресе, ауданымызда қазақ тілінде еркін сөйлейтін этнос өкілдерінің саны арта бастауы қуантады. Әрине, олардың арасында тілді қажеттілікке байланысты білуге тырысатындар бар. Сондай-ақ, мемлекетті құраушы ұлтты шынайы құрметтеп, тілін терең меңгеруге ұмтылып қана қоймай ұрпағының бойына сіңіретіндер бар. Түрік ұлтының қызы Ахметова Наргиза Сагадинқызын осы топқа жатқызуға болады.
– Наргиза, қазақ тілін өте таза сөйлеуді қалай меңгердіңіз?
– Өзім Тараз қаласының қызымын. Жаңақорған ауданына келін болып түстім. Қазір осында тұрып жатқаныма он бес жылға жуықтады. Әуелгі кезде қазақшаға шорқақтау едім. Айналамдағы дос-жаран, ұжымдағы әріптестерім, көрші қолаңмен туған бауырымыздай араласып тұрамын.
Жалпы, қазақ жұртына айтар алғысым шексіз. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналды. Меніңше, өз елін құрметтейтін, қадірлейтін адам тілді де тез меңгереді. Ал менің қазақ тілін еркін меңгеруіме араласқан ортам көмектесті. Және осы үйренгендерім бүгінде өз қажеттілігіме жарауда. Бүгінде «Заңғар» интеллектуалды мектебінде ұстаздық етемін. Қазақ тілін білгенімнің арқасында Алаштың ақын-жазушыларының шығармаларымен ешқандай аудармасыз таныстым. Мемлекеттік тілді білу әр азаматтың міндеті. Кейде қазақша сөйлеуге ұялатын, қазақ тілін менсінбейтін бауырларымызды көріп жаным ашиды.
Қазақ халқы жаны таза қарапайым, кеңпейілді, жандар екеніне көзім жетті. Осы уақытқа дейін өзім араласқан қазақ бауырларымнан көңілге кек сақтамауды, мейірімділікті, адамдарға түсінушілікпен қарауды үйренгенімді жасырмаймын. Әрдайым өз балаларын үлкенді құрметтеуге, кішіге кішіпейіл болуға үйретеді. Жаңақорған жерінде ұлтаралық татулық туралы мәселе жоқ деп ойлаймын. Жергілікті тұрғындардың дені қазақтар болғандықтан, мұндағы этнос өкілдері де қазақ тілін төл тілінен артық біледі. Мен де осындай киелі топырақта өмір сүріп жатқанымды мақтан етемін. Мұндай өнегені қазақтың болмыс-бітімінен үйрендік. Қазақ халқы қонақты ырысқа теңейді. Бұл жақсы қасиет. Осы елде өсіп-өніп жатқандықтан салт-дәстүрді берік ұстанып, басымнан ақ жаулығымды тастаған емеспін. Жұма сайын бауырсақ пен жеті шелпек пісіріп, жиі ет асамын. Келген қонақтарға әрдайым есігіміз айқара ашық.
«Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демекші, ел басына күн туған замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Ең бастысы, бір-бірімізге деген сыйластықтың бірлік сетінемеуі тиіс.
Өзге этностарға кеңпейілділік танытып, құшақ жая қарсы алған қазақ елінің дарқандығын әкеміз бен анамыз үнемі аузынан тастамайтын. Осындай қамқорлықтың арқасында ешкім далада қалған жоқ. Керісінше, қазақтың кең даласында өсіп-өндік. Мұнда адамды түр-түске бөліп, алалау жоқ. Баршамызға Қазақстанның азаматы ретінде тең құқық берілген.
Бәрімізге де жоғары білім алып, лауазымды қызметке тұруға барынша жағдай жасалған. Сондықтан біз де көп ұлтты еліміздің жан-жақты дамуына өз үлесімізді қосып келеміз. Өйткені біз бейбітшілік бесігінде тербелген Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз
Әсел РЗАЕВА