№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Ел бірлігі – ең асыл қасиет

Ел бірлігі – ең асыл қасиет


1 мамыр – бірліктің, татулықтың мерекесі. Бүгінде кең байтақ жерімізде түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Әр ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі мен мәдениеті, әдет-ғұрпы мен дүниетанымы бар. Әйтсе де, олар бір шаңырақ астында ынтымағы жарасып, бірлігі бекіп, мемлекеттік мұрат жолында ғұмыр кешуде. Олардың қай-қайсысы болсын Қазақстанды тарихи отаны санап, өсіп-өніп, ұрпақтарын қазақтың салт-санасымен тәрбиелеп келеді. Осы ретте Жаңақорған жерінен бақыт тапқан, қиын кезеңде қазақтың жанашырлығы мен бауырмалдығын сезінген орыс ұлтының өкілі Людмила Сивковамен тілдескен едік.


– Мен осы ауданда өмірге келдім, өндім-өстім, білім алдым. Қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Құда-жекжаттарым да қазақтар. Жалпы қазақ халқына дән ризамын. Әсіресе көрші-қолаң­ға рақмет айтқым келеді. Олар мен күл­сем, қуанышыма ортақтасады, мұңай­сам, сырыммен бөліседі. Бір сөзбен айтқанда, жан-дүнием, кескін-келбетім орыс болғанымен, жүрегім қазақ. Мен де осындай киелі топырақта өмір сү­ріп жатқанымды мақтан етемін. Мұн­дай өнегені қазақтың болмыс-бітімінен үйрендік. Өйткені қазақ халқы қо­нақты ырысқа теңейді. Бұл жақсы қасиет. Біздің отбасымызда бірлік пен ынтымақты берік ұстау бірінші қағида. Өзге ұлт өкілі болсақ та жанымыз, жүрегіміз қазақ халқымен бірге. Қазақи салт-дәстүрді берік ұстанып, басымнан ақ жаулығымды тастаған емеспін. Жұма сайын бауырсақ пен жеті шелпек пісі­ріп, жиі ет асамын. Келген қонақтарға әрдайым есігіміз айқара ашық, – дейді Людмила ханым ағынан жарыла.
Иә, бір шаңырақ астында 130-дан астам этнос өкілдері өздерінің діні мен тілін, салтын сақтап қазақ елінде ынтымақтастықты арттырып келеді. «Бірлігімізді сақтай білсек талай биіктен көрінеміз» дейтін бүгінгі кейіпкеріміз де жаңақорғандықтарды бірлік күнімен құттықтады.
– Біздің ата-бабаларымыз өткен ға­сырдың 30-40-шы жылдары қиын-қыстау кезеңде тағдырдың жазуымен қазақ жеріне жер аударылды. Өзге этностарға кеңпейілділік танытып, құ­шақ жая қарсы алған қазақ елінің дархандығын атам мен әжем үнемі аузынан тастамайтын. Жанынан орын беріп, соңғы асымен бөліскенін де ай­тып отыратын. Осындай қамқорлықтың арқасында ешкім далада қалған жоқ. Керісінше, қазақтың кең даласында өсіп-өркендеп, оқып жетілдік. Анам да, өзім де өмірлік жарымызды осы Жаңақорған жерінен кездестірдік. Қазақ отбасына келін болып, бір ұл, екі қызды тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отырған жайым бар. Қолымдағы келінім де қазақ ұлтынан, кіші қызымды да қазақ отбасына ұзаттым. Қазақ халқы жаны таза қарапайым халық. Қазақтар ешқашан кек сақтап, өкпе-ренішін арқалап жүрмейді. Олар өте ақкөңіл, кеңпейіл, шынайы жандар. Осы уақытқа дейін өзім араласқан адамда­рмен әрқашан тату-тәтті тұрып келеміз. Әрбірінің жүректері мейірімге толы, қашанда жаныңа жылу сыйлауға, көмектесуге дайын тұрады. Мен шын көңіліммен қазақтардан кек сақтамау­ды, мейірімділікті, адамдарға түсінуші­лікпен қарауды үйренгенімді жасырмай­мын. Әрдайым өз балаларын үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға үйретеді,– деп қуанышымен бөлісті.
Бүгінде ауданымызда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері жергілікті тұрғын­дардың ыстық мейірімін сезініп, осы мекенді қасиет­ті шаңырағы санайды. Ау­данда өтетін әрбір қоғамдық маңызы бар шараларға атсалысып, өздерінің белсенділігін танытып келеді. Осындай шаралардан қалыс қалмай өз үлесін қосып жүретін Людмила апамыз да ел ортасынан өз орнын тапқанына қуанады. Тіпті, қазіргі жағдайға жету де оңай болмағанын жасырмады.
– «Бірлік түбі – береке» деген халық даналығы бар. Осы күнді ерекше ықыласпен, ыстық махаббатпен қарсы аламын. Достарым, бұрыннан келе жатқан аралас-құралас жолдастарым құттықтап келіп жатады. Мұның бәрі мен үшін үлкен қуаныш!
Мемлекет болғаннан кейін оның мемлекеттік тілі бірінші орында тұруы керек. Әрбір адам басқа тілдерді де білуі керек. Қазақстанда қазақ тілі баршамызға ортақ тіл. Қазақ тілін білу біздің азаматтық борышымыз. Осы ретте барша қазақстандықтарды мерекелерімен шын жүректен құттық­таймын. Әрбір қазақтың шаңырағын­да тек қана қуанышты күндер көп болсын!
Жалпы қазақ жұртына айтар алғы­сым шексіз. «Қиындық атаулыны жеңе­тін бір-ақ күш бар, ол – бірлік» демек­ші, ел басына күн туған замандарда халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған ынтымағы мен бірлігі. Ұлттың түрлі бо­луы татулыққа еш кедергі келтірмейді. Ең бастысы, бір-бірімізге деген сыйластық болса болғаны, – деді апамыз.
Иә, он жеті ұлттың өкілі тұратын ауданымызда тұрғылықты халықпен бірдей еңбек етіп, даңққа бөленіп, мерейі асқан өзге ұлт өкілдерінің саны көп. Олар ағарту саласында да, руханият саласында да, өндіріс саласында да көптеп саналады. Бүгінгі біздің кейіпкерімізден үйренеріміз көп. Әдемі кездесу барысында Людмила апай бізбен жылы қоштасты. Жүзі­нен мейірбандықтың шуағы төгілген, кең пішілген тұла бойы мен дархан жүрегінен шаттықтың лебі ескен асыл ана немерелерінің қызығына кенелуден артық бақыт жоқ деп есептейді. Барша анаға тән ақ тілегі – бейбітшілігіміз баянды болса екен дейді.

Әсел РЗАЕВА

30 сәуір 2024 ж. 369 0