№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ел бірлігін ұштастырған отбасы

Ел бірлігін ұштастырған отбасы



Жары өмірден ертерек өтсе де, қиындыққа мойымай, ұл-қызын ешкімнен кем қылмай жеткізіп, бір-бір шаңырақтың тұтқасын ұстауына жол көрсетті. №163 мектебінде 30 жылдан бері еңбек етіп, өзінің еңбексүйгіштігімен, бауыр­малды­ғы­мен жемісті жұмыс істеп келеді. Ол бүгінгідей бейбіт заманға шүкіршілік етеді.

– Мен де осындай киелі топырақта туғанымды мақтан етемін. Келген қонақтарға әрдайым есігім айқара ашық. Мұндай өнегелі қазақтың болмыс-бітімінен үйрендік. Өйткені қазақ халқы қонақты ырысқа теңейді. Бұл жақсы қасиет қой. Қазақ халқы жаны таза қарапайым халық. Қазақтар ешқашан кек сақтап, өмір бойы өкпе ренішін арқалап жүрмейді. Олар өте ақкөңіл, кеңпейіл, шынайы жандар. Осы уақытқа дейін өзім араласқан адамдарымен әрқашан тату-тәттіміз, жүректері мейірімге толы, қашанда жаныңа жылу сыйлауға, көмектесуге дайын тұрады. Мен шын көңіліммен қазақтардан кек сақтамауды, мейірімділікті, адам­дарға түсінушілікпен қарауды үйренгенімді жасырмаймын. Әрдайым өз балаларын үлкенді құрметтеуге, кішіге кішіпейіл болуға үйретеді, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарыла.
Иә, ақиқатында қоғамның тұтас­тығы қай кезде де ішкі татулық пен берекеден бастау алған. Ынтымағы жарасып, түрлі ұлыстың басын қосқан қастерлі қазақ топырағы бейбітшіліктің қара шаңырағына айналғаны айқын. Бұл жөнінде Бибайым Қаунаева жұртшылыққа мерекелік лебізін былай жеткізеді. Қазақстанда тамыры тереңге кеткен халықтар достығы тақырыбына дәлел-дәйекті өз туған жерімізден де көптеп келтіруге болады. Қазірде Жаңақорған ауданында 17 ұлттың өкілдерін құрайтын 600-ге жуық халық бар. Ата-бабалары ежелден қоныс еткен өңірді тарихи отаны санайтын әрбір ұлт өкілінің кіндік қаны тамған жерге қалтқысыз ықыласын жазбай тануға болады. Қазақтың тілін өз ана тіліндей терең меңгерген өзге ұлт өкілдері тұрғылықты жердің тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүр, жөн-жоралғыларын да жатсынбай өмір мазмұнына айналдыра алғанының өзі татулықтың нығайып, тұрақтылықтың салтанат құруына мықты негіз қалап отыр десек жаңылыспаймыз.
– Өз басым Жаңақорғанды ешқандай жермен салыстырғым келмейді. Әлбетте, қазір Қазақ­станның кез келген жерінде жайлы өмір сүруге болады. Қала мен ауыл теңесіп келеді, жағдайы көп жақсы. Тұрмыстан таршылық көрмеуіміз мүмкін. Бірақ айналаңдағы адамдардың риясыз көңілін сезініп, соның шуағына жылынып жүргеннің қуанышы бөлек. Қазақстан – өте бай, құт қонған ел. Әр ұлттың өз салт-дәстүрі, өздеріне тән тәрбиесі болады. Бірақ та қазақтардың бойындағы бірін-бірі құрметтеуі, ерекше тәрбиеленіп, мені таңқалдырып келеді. Бұл ғажап халықтың өзге де тамаша салт-дәстүрлері бар. Мысалы, сәби дүниеге алғаш келгенде есімін атасы мен әжесі қояды. Бұл да үлкенге құрметтің бір көрінісі. Ас ішуге отырғанда келген қонақ немесе үйдің үлкендері дәм татпай, ешкім ас ішуді бастамайды, – дейді әңгіме барысында.
Иә, он жеті ұлттың өкілі тұратын ауданымызда тұрғылықты халықпен бірдей еңбек етіп, даңққа бөленіп мерейі асқан өзге ұлт өкілдерінің саны көп. Олар ағарту саласында да, руханият саласында да, өндіріс саласында да көптеп саналады. Әсіресе халыққа тұрмыстық қызмет көрсетуде түрік бауырларымыздың бәсекелестік бәсі жоғары екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ол кісілерден тек үйренуіміз керек. Бастысы, елде ынтымақ болғанда берекеміз арта берерін ел ұмытпаса екен. Әдемі кездесу барысында Бибайым Кау­наева бізбен жылы қоштасты. Жүзінен мейірбандықтың шуағы төгілген, кең пішілген тұла бойы мен дархан жүрегінен шаттықтың лебі ескен асыл ана немерелерінің қызығына кенелуден артық бақыт жоқ деп есептейді. Барша анаға тән ақ тілегі – бейбітшілігіміз баянды болса екен дейді.
                                                                                                                  Әсел Рзаева
25 қараша 2022 ж. 223 0