№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Халық бірлігін ұштастырған отбасы

Халық бірлігін ұштастырған отбасы


1 мамыр – бірліктің, татулықтың мерекесі. Бүгінде кең байтақ жерімізде түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Әр ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі мен мәдениеті, әдет-ғұрпы мен дүниетанымы бар. Әйтсе де, олар бір шаңырақ астында ынтымағы жарасып, бірлігі бекіп, мемлекеттік мұрат жолында ғұмыр кешуде. Олардың қай-қайсысы болмасын Қазақстанды тарихи отаны санап, өсіп-өніп, ұрпақтарын қазақтың салт-санасымен тәрбиелеп жатыр. Осы ретте біз ауданымызда осындай өнеге жолында бақыт тапқан түрік ұлтының отбасына арнайы барып, өз көзімізбен көргіміз келді.


Ауласына енгеніміз сол еді, біздің келетінімізден хабардар Керман ақсақал өзі күтіп алып, жасымыздың кішілігіне қарамастан қос қолдап амандасып, қал-жағдайымызды сұра­сып, үйге кіргізді. Босағадан аттап, дастархан төрінен бір-ақ шықтық. Осыншама құрметке ыңғайсызданып әрі марқайып қалдық. Біздің осы күйімізді сезгендей отағасы қазақ халқының қонақжайлығы мен кеңпейілдігін әңгімеге арқау етіп, өздеріне үлгі-өнеге етіп отырғандарын жеткізді.
– Қазақстан – өте бай, құт қонған ел. Әр ұлттың өз салт-дәстүрі, өздеріне тән тәрбиесі болады. Бірақ та қазақтардың бойындағы бірін-бірі құрметтеуі, ерекше тәрбиеленіп, мені таңқалдырып келеді. Бұл ғажап халықтың өзге де тамаша салт-дәстүрлері бар. Мысалы, сәби дүниеге алғаш келгенде есімін атасы мен әжесі қояды. Бұл да үлкенге құрметтің бір көрінісі. Ас ішуге отырғанда келген қонақ немесе үйдің үлкендері дәм татпай, ешкім ас ішуді бастамайды, – дейді ол.
Осындай салиқалы да салмақты әңгімесін айтып отырған Керман ақсақал осы уақытқа дейін туған ауылынан алыстап көрмепті. Әулетінің тірегі Керман мен отанасы Махпуба апа да Жаңақорғанның топырағында туып-өскен. Қарты бардың қазынасы бар. Арғы аталары да осы құтты мекенде дүниеге келген екен. Қазір қара шаңырақта келін түсіріп, немере тәрбиелеп отыр. Осындай көкірегі даңғыл, көңілі дария қариялар қазақы құндылықтарды дәріптеп, балаларына үнемі айтып отырады. Отбасының тірегі Керман ата мен шаңырақтың жан-жылуы Махпуба апа өмірден білген-түйгендерін үш баласына үйретіп, ұрпағына ұлағат етуде.
Қазақылықтың қаймағы бұзыл­маған отбасында әр сағат текке өтпейді. Шаңырақтың анасы Махпуба апа, қолы қалт ете қалса асүйге асығады. Келіндерінің басын қосып, дәмді ас әзірлеп, тәтті тағамдар пісіруді әдетке айналдырған. Бізге ілтипатпен шай құйып отырған Наргиза келінінің іс-әрекетінен осыны байқадық.
– Қазір бізде бәрі жақсы, ауылдастарымызбен жақын туыстар сияқты бірлікте тұрып жатырмыз. Қазақстанда тұрғаныма еш өкінбеймін. Тіпті, қуанамын да, өйткені, бұл елдің жері ғана емес, тұрғындары да өте жақсы. Ұлтың бөлек демейді, ең бірінші кезекте сенің адамгершілігіңе қарап, әрдайым жылы қабылдайды. Қазақ халқы жаны таза қарапайым халық. Қазақтар ешқашан кек сақтап, өмір бойы өкпе ренішін арқалап жүрмейді. Олар өте ақкөңіл, кеңпейіл, шынайы жандар. Осы уақытқа дейін өзім араласқан адамдарымен әрқашан тату-тәттіміз, жүректері мейірімге толы, қашанда жаныңа жылу сыйлауға, көмектесуге дайын тұрады. Мен шын көңіліммен қазақтардан кек сақтамауды, мейірімділікті, адам­дарға түсінушілікпен қарауды үйренгенімді жасырмаймын. Әрдайым өз балаларын үлкенді құрметтеуге, кішіге кішіпейіл болуға үйретеді, – дейді келіні Наргиза Сагадиновна.
Осылай өзге ұлт болса да қазақылықты бойына сіңірген Наргизаға риза болдық. Татулығы мен жарасқан ынтымағына қарап көңіл сүйсінеді. Осындай кеңпейіл де жайдары шаңырақ көпке үлгі боларлықтай. Халқымыз қашанда бірлік пен татулыққа ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Отбасындағы береке негізі өзара түсінушілік деп білеміз.
Міне, татулығымен тартымды болып отырған Ахмедовтер шаңыра­ғының бүгінгі жай-күйі осындай. Барлық отбасы осылар сияқты болса, еліміздің іргесі де әрдайым мықты болмақ. Ендеше, өздерінің кішкентай әлемдерінде бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқан, берекесі мен бірлігі жарасқан отбасының шаңырағынан шаттық кетпесін деп тілейміз!

Әсел РЗАЕВА
01 мамыр 2021 ж. 565 0