» » Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет

Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет


Президент еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен құттықтап, құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі
2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді.
Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Бұл – азаматтарымыз көшеде ештеңеден қауіптенбей, алаңсыз жүре алады деген сөз.
Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар нақты нәтиже бере бастады. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді. Соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды.
Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жұмыс атқарылуда. Биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылып, айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі 84 пайызға ұлғайды.
Менің арнайы тапсырмам бойынша Бас прокуратура жалпы сомасы 34 трлн теңге болатын шетелдіктердің қатысы бар жүздеген инфрақұрылымдық жобаға құқықтық тұрғыдан көмек көрсетіп келеді. Алайда отандық бизнесті негізсіз қылмыстық қудалау мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Бас прокуратура бұл жұмысты жалғастырғаны жөн.
Менің тапсырмаммен сот арқылы жемқорлардан алынған қаражат мектептер салуға жұмсалуда. Үш жылдың ішінде 89 мектептің құрылысына 150 млрд теңгеден астам қаражат берілді, – деді ол.
Мемлекет басшысы алқа мәжілісінде Үкіметке білім мекемелеріндегі тәрбие жұмысын қайта зерделеп қарауды тапсырды. «Жас ұрпақты заңды сыйлауға үйрету мәселесіне баса мән берген жөн. Балалар мектептен «Адал азамат» болып шығуы қажет» деді ол.
Түрлі қылмысқа көбінесе тұрмысы нашар отбасыдан шыққан адамдар баратынын, алдын алу шараларын жүзеге асырғанда дәл осы санатқа айрықша назар аударған жөн екенін айтты.
Бұдан бөлек, «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосу керектігін, бұл арқылы қаладағы бейнебақылау құралдары енді адамның бет-жүзін анықтап, оның жүріс-тұрысына талдау жасап, көшедегі көлікті де есепке алу мүмкіндігі артпақ.
Үкіметке уәкілетті органдармен бірлесе сим-карталарды сату тәртібін реттеуді және оларды таратқаны үшін мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.
– Биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толады. Осыған орай, құқық қорғау құрылымдары, депутаттар мен құқық қорғаушылар сотталған аза­маттарға рақымшылық жасау туралы бастама көтерді. Парламент тиісті заңды қарады, мен бұл заңға қол қойдым. Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы мына мәселелерге тоқталды:
– Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Себебі олар іс жүзінде мемлекет мен қоғам арасындағы басты дәнекер саналады. Менің ойымша, ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет. Ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Өңір әкімдері осы мәселеге мұқият назар аударғаны дұрыс.
Сіздердің күнделікті жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы. Өкінішке қарай, Тәуелсіздік жылдарында 842 азамат қызметтік міндетін орындау кезінде қазаға ұшырады, 4,5 мың адам жарақат алды. Бүгін біз қаза болған ерлеріміздің жақындарына марапат тапсырамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Бүгін алқа мәжілісінде берілген тапсырмалар бойынша Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі бір аптаның ішінде Құқық қорғау органдарының жұмысы туралы арнайы талдау дайындауы керек.

akorda.kz
23 маусым 2025 ж. 99 0