№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тілге құрмет, елге құрмет

Тілге құрмет, елге құрмет


Қазақстан сан түрлі ұлттың мекені, бірлігі жарасқан ұлыстардың Отаны. Жаңақорған жерінде де 20-дан аса ұлт өкілдері қоныс тепкен. Бір шаңырақ астында, татулық бесігінде тербелген әрбір ұлыс өкілі туған жерінің әр тасын қастер тұтады. Ынтымағы жарасқан ұлт өкілдері  – 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күнін жоғары бағалайды. Солардың бірі – Татьяна Акулова.

Ұлты – орыс. Алайда тілі мен ділі – қазақ. Жаны мен жүрегі отаным деп соғады. Өзге ұлт деп өзектен теппеген қазақ халқына құрметі шексіз. Өзі қызмет ететін аудандық емханада жалғыз орыс ұлтының өкілі. Кейіпкеріміз жұмыс барысында қолдау білдіретін әріптестеріне риза екенін мақтанышпен жеткізді.
– Қандай ұлт болмасын Қазақстан азаматы болғандықтан, қазақ тілін білу міндет деп санаймын. Сондықтан да өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлегеніне таңырқаудың қажеті жоқ. Күнделікті қарым-қатынасты қазақ тілінде жасаймын. Әріптестерім де барлығы қазақ отбасынан шыққан. Қазақ тіліндегі сөздік қорымды толықтыруда олар маған көп қолдау береді. Қазақ еліне деген құрметімді сол арқылы білдіргім келеді. Отбасында қазақ тілінде сөйлесеміз. Бүгінде балаларым да мемлекеттік тілді еркін меңгерген, – дейді ол.
Кейіпкеріміз орыс сыныбында білім алғанымен, қазақы ортада өскендіктен қазақ тілін меңгеруде қиындық тумаған. Оны әңгіме барысында байқадық.
Татьяна Валерьевна 1982 жылы Жаңақорған кентінде дүниеге келген. №169 Н.Илялетдинов атындағы мектепті үздік бітіріп, бала күнгі дәрігер боламын деген арман жетегінде Семей қаласына аттанады. Бағы жанып білім гранты бойынша Семей мемлекеттік медицина академиясында білімін шыңдайды.
2007 жылы еңбек жолын аудандық емханада жасөспірімдер дәрігері болып бастады. Жас маман қызметіне кіріскеннен бастап өз білімі мен білігін шыңдай түсті. 2009 жылдан бастап аймақтық дәрігер болып қызметін жалғаса, 2014 жылдан бөлім меңгерушісі қызметінде.
2018 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «100 жаңа есім» жобасы аясында елдің өркендеуіне үлес қосып, туған жер топырағын түлету жолында еткен еңбегі үшін ауданның бірқатар азаматтары қатарында денсаулық сақтау саласында Татьяна Валерьевның есімі аталды. Жобаның аудандық деңгейіне қатысып, қызметі ұлықталды.
Кең байтақ қазақ жерінде татулық пен бірлікті ту еткен өзге ұлт өкілдері ұлттық салт-дәстүрлердің қадыр-қасиетін ардақтай біледі. Оны осындай отбасыларда ұлттық мерекелерді тойлануынан байқауға болады.
Біздің кейіпкеріміз: «Қазақ тілін меңгеріп қана қоймай салт-дәстүрлерін де ұстанамын. Қазақтың ұлттық тағамдары да үнемі дастарханынан табылады. Бауырсақ пен ет асу отбасымыздың сүйікті асы. Ал Наурыз мейрамын ерекше тойлаймыз. Наурыз көже әзірлеп, көрші-қолаңға ұлттық тағамды ұсынамын» – дейді рухы асқақ Татьяна.
Елге құрмет тілді меңгеруден басталатынын ескерсек бүгінгі кейіпкеріміздің туған еліне құрметінің шексіздігі көрініп ақ тұр. Бұл ана тілімізді шұбарлап, сөздің құнарын бұзатын кейбір жандарға сабақ болса игі. Өзге тілдің бәрін білсек те өз тілімізге деген құрметті Татьяна Валерьевна сынды қазақ тілін дәріптеп жүрген өзге ұлт өкілдерінен үйрену керек ау.

Майра ҒАНИЕВА
01 мамыр 2020 ж. 631 0