Соңғы жаңалықтар

№32 (8846) 30

30 сәуір 2025 ж.

№31 (8845) 29

29 сәуір 2025 ж.

№30 (8844) 26

26 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Жаңақорған шипажайы соғыс жылдарында госпиталь болған

Жаңақорған шипажайы соғыс жылдарында госпиталь болған


Сыр өңіріндегі тұңғыш емдеу-сауықтыру орны болып табылатын – Жаңақорған шипажайы өзінің шипалық емімен кезінде Одақ көлеміне танылды.


Жаңақорған шипажайы аудан орталығынан екі шақырым жердегі Теріскен көлінің жағасында, темір жол бойында орналасқан. 1901-1907 жылдары Теріскен көлін екі бөліп Орынбор –Ташкент темір жолын салушы құрылысшылардың көлдің емдік қасиетін жаппай пайдалануы шипалы көлге деген елдің ынтасын арттыра түседі. Сол маңайдағы ел жаздың ыстық күндерінде «Теріскен» көлінің жағасына киіз үй тігіп, емделіп жататын болған.
1916-1917 жылы Ақмешіт қаласындағы теміржол ауруханасының қызметкерлері Наумов, Готлиб, Костенколар Теріскен көлінің батпағы мен рапасының емдік қасиетін алғаш рет зерттеуді қолға алды. Емдік батпақ пен тұзды суды Ташкент қаласында лабораториялық тексеруден өткізіп, құрамын анықтайды.
1918 жылы Түркістан теміржол ауруханасының фельдшері Ф.С. Мартюков осында шпалдан екі бөлмелі үй тұрғызып, теміржолшыларды емдеу ісімен айналысады. Ф.С. Мартюковтың ұсынысы бойынша көл маңайына барактар салына бастайды. Киіз үйлер тігіліп, аяқ-қол ауруларын емдеу қолға алынады. Осылайша Жаңақорған шипажайы 1918 жылдан бері емдеу-сауықтыру орындарының біріне айналады. Бастапқыда емдеу орны КСРО-ның жол қатынастары министрлігіне, кейін денсаулық сақтау жүйесіне, 1960 жылдан бастап Қазақстан Кәсіподақтар Федерациясының құзырына қарайды. Шипажайдың негізгі емдік қоры осы Теріскен көлінің шипалы қара батпағы мен тұзды суы болып табылады.
1941-1945 жылғы соғыс кезінде Жаңақорған шипажайы жара­ланған жауынгерлерді емдейтін әскери госпиталь болады. Жаралы жауынгерлерге тұзды суы мен балшығы ем болып, мыңнан аса жауынгерлер емделіп шыққан. Бір ғана 1942 жылдың қыркүйегінде – 165, қазан айында – 235, қараша айында – 111 жауынгер емделді. Жазылған жауынгерлер майданға қайта аттанып жатты. Аудан өнерпаздары концерт қойып, жаралылардаң көңілін көтерді.
Бұл жылдары Жаңақорған госпиталінде Үсен Ахметов, Тастемір Жүзбаев, Айдархан Жапаров, Сүлеймен Бекенов, Пәстен мен Мақсұт Бөлековтер, жаралы жауынгерлерге уақытпен санаспай қызмет көрсетті.
Алматы медицина институтының доценті, ғалым А.Н.Сызғанов жаралы жауынгерлерді Теріскен көлінің батпағы мен тұзды рапасы арқылы емдеу жөнінде ғылыми жұмыстар жүргізіп, нәтижесін ғылыми басылымдарда жариялап отырды.
Ғалымдар мен дәрігерлер ХХ ғасырдың 80-шы жылдары «Теріскен» көлінің табиғи батпағы мен тұзды суының емдік қасиетіне қайтадан мықтап ден қояды. Шипажайдың заңды түрде төлқұжат – паспорты жасалынды.
«Теріскен» көлінің шипалы қара батпағы мен тұзды суының табиғи мол қоры бар. Тіпті мұның шипалы қара батпағын бірқатар профилакторийлер тасып әкетіп, емдікке пайдаланып келген. Бұл шипажайда сүйек-буын ауруларын, артрит, остеохондроз, нерв жүйелерінің ауруларын, гинекологиялық, урологиялық ауруларын, асқазан, бауыр, ішек, өт жолдары аурулары емделеді. Кейінгі жылдары шипажай аумағында жер астынан емдік қасиеті жоғары, сапалық жағынан Сарыағаш курортындағы су құрамымен бірдей су көзі табылып, ішкі ауруларды емдеу үшін пайдалануға берілген.
Жаңақорған шипажайы бұл күндері республикамызда ғана емес, шет елдерге де белгілі ірі емдеу-сауықтыру орындарының бірі. Мұнда жаңа заман талабына сай емделушілерге арналған су және батпақпен емдеу корпусы, бес қабатты жатақхана корпусы, клуб, кітапхана залы, би алаңы жұмыс істейді.
Ұлы дала төсінде, ежелгі Сыр өңірінде, киелі мекен Жаңақорған жерінде орналасқан – Жаңақорған шипажайына биыл 100 жыл толды!

Құралай Мақұлбекқызы,
Жаңақорған аудандық
тарихи-өлкетану музейінің әдіскері

26 сәуір 2025 ж. 130 0