ӘДІЛ ТӨРЕЛІК – ӘЛЕМДІ ІЗГІЛЕНДІРЕДІ

– Мемлекет ісіндегі барлық мәселе заңнан бастау алады. Қай қоғамды алып қарасаңыз да сот жүйесіне қарап қоғамдағы биліктің жайы, оның халық мүддесі алдындағы адалдығы туралы пікір қорытуға болады. Осы бағытта өзіңіз жергілікті халықтың заңға жүгінудегі негізгі ұстанымдары туралы қандай ой түйдіңіз? Осы пікірлеріңізді бөліссеңіз.
– Көрші Шиелі ауданынан қызметке келгеніме жылға жуықтады. Бұл екі аудан ежелден еншісі бөлінбеген, дәстүрсалт, жөн-жоралғысы ортақ, мүмкін сондықтан ешбір кедергісіз тұрғылықты халықпен етене тіл табысып, жұмысымызды өз деңгейінде жүргізіп келеміз. Әсіресе, аудан жұртшылығының халықтық қадір-қасиетімізде бар сөзге тоқтайтын, ортақ пәтуаға келгенде көңіл жықпайтын кеңқолтық мінезі дархан даланың демократиялық діңгегінің тамыры тереңде екеніне үмітімізді үкілейді. Мұндай елде сот ісін ізгілендіру үшін үлкен қадамдар жасауға болады. Мемлекет басшысы да сот реформасы туралы тапсырмасында осындай талап қойып отыр. Қазақ қоғамында ертеден келе жатқан билер соты ел басқарудың тамаша үлгісін қалыптастырды. Осы жолда талай билердің есімі тарихта қалды. Олардың қызметі заңгерлік және бітімгерлік болатын. Бүгінде бұл миссияны медиаторлар жүзеге асырып жатыр. Бізде медиация заңы бар. Жаңақорған ауданында бүгінге дейін жалпы есепте медиациямен аяқталған іс 40 пайызды құраса, қазірде 60-пайыздан аса медиациямен біткен іс дерегі бойынша облыста алдыңғы қатарда тұрмыз. Бұл біздің аудан халқының көп жағдайда бітімге келуге мүдделілік танытатынын көосетеді. Оның ішінде банктік істер көп. Олай болатын себебі, қазірде кез келген тұлғаға микрокредит беретін ұйымдар көбейіп кетті. Жағдайына қарамай банктен қаражатты алып, оны төлей алмайтын тұлғалар көбейген. Мұндай жағдайда банктер сотқа шағым түсіретіні белгілі. Судья-медиатор ретінде тараптарды жеке сотқа шақыртып, белгілі бір пәтуаға келу шарттары бар екендігін айтып, келісімге келу және сот татуласу құқықтарын түсіндіреміз. Банктік істер он күннің ішінде медиациямен аяқталатын болса, онда ары қарай істі қозғамай, тоқтатуға болады. Бұл халыққа да тиімді. Ал заңды негізде іс қозғалғаннан кейін екі тарап сотқа келумен уақытты шығындайды. Материалдық шығын тағы бар. Мне, сондықтан медиацияның тиімділігін түсініп, оған арқа сүйеген екі жақтың да ұтылмасы белгілі. Қарыз алушы тараптың мойнына қойылған несие суммасын айларға бөліп төлеу жөнінде график түзіп, шешім шығарып, талап қоюшы тараппен мәмілеге келген соң медиациялық шарт жасалуы екі жаққа да тиімді. Мұны көпшілік жете сезініп, түсініп, бітімге келіп жатыр. Қарызын бірден төлемейді, айына бөліп төлеуге талап қоюшы тараппен заңдық негізде мәмілеге келуге болады. Келісімге келген соң медиациялық шарт жасалады. Тараптар ортақ келісімге келіп, график түзіліп, осы бойынша амал-әрекетке көшуі керек. Бізде азаматтық даулардың көбі банк істері дедік қой. Одан кейінгі кезекте неке бұзу туралы істердің көптігі көңіл қынжылтады. Биылғы жылы бұл санаттағы істер өткен жылдың бес айымен салыстырғанда көп артып отыр. Бұған заңдағы өзгеріс те себеп.
Ерлі-зайыптының арасындағы бір-бірін балағаттап, отбасы жағдайын бұзатын жағдайлар немесе жеңіл дәрежелі жарақат салған жағдайда Әкімшілік қүқықбұзушылық туралы кодексінің 73-1 және 73-2 бабын қолдану көзделген. 2024 жылдың 13 сәуірінде заңға өзгерістер енгізілсе, маусым айынан бастап бұл заң күшіне енді. Енді аталған қылмыстық жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 108-1 және 109-1 бабымен өзгертілді. Сондықтан арызданушы тарапқа қылмыстық жауапкершілікке тартылудың кісінің кейінгі өміріне де зардабы ауыр екенін түсіндіруге тырысамыз. Тұлғаның жеке базасындағы деректер қорынан оның қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны туралы айғақ өшпейді. Ол айғақтар оның өз өміріне ғана емес, артынан ерген ұрпағына да залалын тигізіп, келешек мемлекеттік қызметке немесе құқық қорғау органдарына жұмысқа тұратын кезде алдынан шығып аяқтан шалуы мүмкін. Осы жағы түсіндіріледі. Татуласса іс тоқтатылады. Кейде несін жасырамыз, болмашыны желеу етіп, ашуға беріліп, жанұядағы жағдайларды ашыққа жариялап жіберу фактілері кездеседі. Бұл айналып келгенде өз отбасының абыройын аяқасты етіп, өз-өздеріне қиянат жасаумен тең көрініс деуге болады.
Баяғыда деп арыға бармай-ақ, біздің ата-әже, әке-шешелеріміз отбасылық күйкі жағдайларды «жабулы қазан жабуымен» қалдырып, тіпті ағайын-туыс, құда-жекжат арасында кикілжіңді тереңге жібермей, өзара келісімге келіп, арадағы қарымқатыстың сетінемеуіне себепкер болуға тырысатын еді. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген мысал содан қалған болса керек, Ал қазірде бір-біріне тым жақын жандардың өзі арадағы нәзік қарым-қатынасты қаталдықпен үзіп, бет көріспей кетерліктей жаулыққа барудан именбейтін тәрізді. Кім ұтты? Ұрпаққа не өнеге қалды? Ертең бармағын тістеп өкінетін өздері болатынын да ойлай бермейтін сияқты. Бір мысал келтірейін, жақында елді мекеннің бір отбасында болған жанжалға атасын кінәлаған келіннің шағымы келіп түсті. Атасының уәжі, келін немерелерді сабаған, соған қой деп ара түсіп, келінді итеріп жіберген. Келіні «Атам маған, қол жұмсады» деп деп ашуға мініп сол күйі кешірім бермеді. Тіпті өз әкесі айтса да көнбеді. Қарияға жаза тағайындауға тура келді. Бұл нені көрсетеді? Осы жағдай заңға жүгінетін мәселе ме? Алдымен арға жүгін, содан соң заңға жүгін дейтін намысы биік халық едік. Осы құндылықтарымыз арзандап бара жатқан жоқ па деген ой келеді.
– Ауданда тағы қандай қылмыстар жиі көрініс беруде?
– Есірткі санатындағы заттарды пайдалану бойынша 4 іс қаралуда. Сосын марихуана есірткі затын болмашы мөлшерде өзі қолданатындар да бар. Сондай жағдайлар полиция қызметкерімен анықталған жағдайда теріс қылық ретінде айыппұл салынады немесе жұмыссыз болған жағдайда аудан көлемінде қоғамдық жұмысқа тартамыз.
– Сот саласындағы реформалар, жаңашылдық туралы не айтуға болады?
– Сот жүйесінде 1 шілдеден бастап кассациялық сот жұмысын бастайды. Жалпы кассацияда барлық санаттағы іс қаралады. Көп жағдайда адамдар сот шешімдеріне, апелляциаға қанағаттанбаған немесе күдіктенген жағдайда арнайы кассациялық сотқа жүгіне алады. Оған әр облыстан тәжірибелі сот қызметкерлері өкілдері іріктелуде. – Сот саласында тәжірибелі үздік мамандар жөнінде не айтасыз? – Бізде бәрі де өз саласының маманы. Барлық санаттағы істерді қарайтын судьялар Болат Пазылов және Эльдар Рысқұловты қосқанда үш судья бармыз. Аудандық сотта кәсіби қызметкерлердің алды қырық жыл, орта шенінің ширек ғасырға жуық еңбек өтілдері бар. Олардың қатарында сот әкімшісі Бибайым Нәлібаева, бас маман Айқыз Нысанбаевалардың есімдерін ерекше айтар едім. Салаға жақында келген Әлихан, Нұрсәуле сынды жастарымыздан да үміт мол. Сот және құқық саласындағы барша әріптестерімді бүгінгі төл мерекелерімен құттықтаймын, – дейді Айдос Кәрібайұлы.
Баян Үсейінова