№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Пейілдің сыйы – перзентке мұра

Пейілдің сыйы – перзентке мұра


«Теріскен» көлінің емдік қасиетімен сүйек-буын аурулары жанына батқан талайды құлан-таза жазып шығып, мыңдарға қуаныш сыйлап келе жатқанына ғасырдан астам уақыт өтті.
Табиғаттың киелі тартуын кәсіби емдік-сауықтыру бағытына бейімдеп, барынша заманауи тұрғыда өрістетуге ден қойып келе жатқан іскер мамандардың арқасында бұл шипажай орнының даңқы халықаралық деңгейде танымал десек артық айтқандық емес.


Шипажайдың ерекшелігі – «Теріскен» көлінің қаси­етінде. Ол туралы аңыз-әңгімеге келсек, жараланған киік әлсіреп кеп көлдің батпағына көмілген күйі қозғалмай жатып, бірнеше күннен кейін құлан-таза жазылып кеткенін сол маңдағылар көрген. Сөйтіп, емдік қасиетіне көзі жеткен екен.
Сыр өңіріндегі тұңғыш емдеу-сауықтыру орны ретінде тарихи да маңызы бар Жаңақорған санаториясына биыл 105 жыл толады екен. Осыған орай “Жаңақорған шипажайы” басшысы Бақытжан Амангелдіұлымен арнайы сұқбаттасқан едік.
– Жаңақорған шипажайы негізінен табиғи емдік-шипалық балшығымен ерекшеленеді, – дейді ол. 7 тә­жірибелі дәрігер, 30 орта буынды медқызметкер, басқа да өз саласына жетік 100-дің үстінде техникалық мамандарымыз көптің көңілінен шығуда ынтымақты еңбек етіп келеді.
Шипажайда негізінен бальнелогиялық және фи­зиотерапиялық емдік шаралар, сонымен қатар батпақ­тың, тұзды және минералды судың медициналық қоры­тындысына сәйкес арнайы әзірленген методикалық нұсқамамен ем тағайындалады.
Негізгі ем – Теріскен көлінің тұзды батпағы мен тұзды суы. Оның емдік қасиеті ертеден ғылыми түрде дәлелденген. Сонымен қатар қолдану, сақтау процесі өз деңгейінде атқарылады. Емделушілерге қиындықсыз ем алу, жайлы жайғасып, келіп-кету жағдайлары толық қарастырылған.
– Енді осы Теріскен көлі батпағының ерекше­лі­гі туралы тереңірек тоқталып өтсеңіз...
– Теріскен көлінің үстіңгі бөлігіндегі рапа, яғни тұзды су 1,20-1,60 см болса, астыңғы бөлігінде 20-30 см-дей тұзды батпақ орналасқан. Бір жылда 380м куб тұзды батпақ алуға рұқсат етіледі. Жылына екі рет батпақты арнайы чандарға жинап аламыз.
Тұзды батпақтың емдік әсері құрамы химиялық және биологиялық белсенді хлорид-сульфат, магний-натриге бай. Осы табиғи заттардың қосындысы тұзды батпақтың емдік қасиетін жоғарылатады.
Емнің нәтижелігігіне қарапайым тұрғыда көз жеткізіп үлгеретін көпшілікке кейде артық жарнаманың қажеті жоқ. Аяғын баса алмай балдаққа сүйеніп келген талай­дың аурудан айыққан қуанышын көргенде бейнетіміз ақталғандай болып жатады. Осы тұрғыда мамандардың біліктілігін арттыруға және жаңа технологиядарды енгізуге ерекше мән беріп келеміз. Бүгінде урологиялық және гинекеологиялық ауру түрлерінің көбеюіне орай жаңадан емдік шаралар тәсіілі ендіріліп отыр. Фитобочка, тұзды шахта бөлмесі, иппотерапиямен емдеу қолға алынды.
– Осы жерде бір сұрақтың төбесі қылтияды. Кейбір шипажайларда, мәселен, Сарыағаш са­на­ториясында «Жаңақорғанның балшығы» деп ем алу ұсынылып жатады. Шынында, солай ма, сыртқа балшық тасымалдана ма?
– Мұндай жағдайды біз де естідік, зерттеп те көрдік, бұл тек жарнама үшін болса керек. Көптеген емдеу орындарында қолданатын табиғи емес, қолдан әзірленген тұзды судан келер пайда аз. Теріскен көлі қара балшығының ерек қасиеті – тұздылығында. Оның құрамында химиялық, биологиялық белсенді заттар мен табиғи бактериялар, фоллин деген емдік қуаты жоғары заттар бар. Осы табиғи құрамымен сырқатқа оң әсерін тигізеді.
Сол сияқты табиғи балшықты емнің негізгі ерекшелігі тіндер мен ағзаның табиғи регенерациясын түзіп, қабыну үрдістерінің алдын алады.
Балшық сыртқа шығарылмайды, сатылмайды. Кеннің табиғи киесі деген болады, оған бөтен пиғылды таңудың өзі қиянат деп түсіну керек. Барынша аялап, адал еңбегімізді аямасақ дейміз, – дейді мекеме басшысы Бақытжан Амангелдіұлы ағынан жарыла.
Жаңақорғанның атын шығарған қара балшығының дертке дауа екендігі ертеден белгілі болғанымен орыс дәрігері Мартюков деген кісі зерттеуге ұсынып, ғылыми түрде дәлелдеуімен 1918 жылдың қарашасын­да заңды түрде ашылып, КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің иелігіне өтіпті. 1960 жылдан бастап Қазақстан Кәсіподақтары Федерациясының қарауына көшкен. Соғыс уақытында жараланғандарды емдейтін. №30/80 госпиталь ретінде майданнан жөнелтілген жауынгерлер осында емделген. Сонда осы аймақтың тылда қалған жас балалары мен кемпір-шалы эшелон толы жаралыларды күтіп алып, госпитальге жеткізумен жауырындары жара болған. Ол аздай қара батпақты шелектеп тасып жараға жағып емдейтін де сол бала-шағаның балапан алақаны еді. Сосын қайтіп бұл аймақтың халқы ол тұзды суды ата-бабадан келе жатқан көз жасындай қадірлемесін? Мекіренген мінезінен танбаған мейірлі мекенді қасиет тұтып, тамыры суалмасы үшін табанынан тік тұрып қызмет қылмасын?
Сауықтыру орны 50-ші жылдардан 85-ші жылдарға дейін түрлі жаңару, автоматтандыру сатыларынан өтті. Жаңа жатын және ем алатын корпустар кеңейтілді. Жетпіс бесінші жылдары бес қабатты жатын жайдың құрылысы салынып бітті. 1985 жылы басшылыққа келген Егенберді Әмитұлы шапажайды уақытша демалысқа жауып, күрделі құрылыстар жүргізді. Санаторияны механизациялау түпкілікті қолға алынып батпақты қолмен таситын енапат бейнеттен құтылу үшін құбыр жүргізіліп, сол арқылы тасымалдау технологиясы көп жұмысты жеңілдетті.
Тоқсаныншы жылдардағы нарықтық саясаттың қиындығы емдеу орнын тығырыққа тіреді. Кеңес за­манындағы одақтас республикалардан кәсіподақ арқылы жолдамамен келетін еңбек адамдарының легі сап тиылған, жеке азаматтардың денсаулықты күтуге мұршасы жоқ, қай салада да тапшылық қысып тұрған кез. Лаж жоқ, Казсоветкурорт басшылығына кен орнын шетелдік инвесторға сатып болсын сақтап қалудан басқа амал қалмаған. Міне, сол кезде кен орнының байырғы жұмысшылары болып акцияларын жергілікті сенім білдірілген өкіл, бұған дейін талай шаруашылықты басқарып келген, кейін жеке ірі қожалықтың төрағасы болған, ел ағасы Амангелді Абдуллаевтың қолына біріктіріп, тәуекелмен екі шылбыр, бір тізгінді ұсынды. Соны жүрексінбей қабыл алып, миллиондаған теңге қарызға батқан мекемені басқаруды қолға алған азаматтың алдында асқар таудай міндет тұрды. Санаторияға емделушілер тарту үшін қызметкерлерді ел-елге командировкаға жіберді. Жұмысты аяққа нық қою үшін жан-жақтан емделушілер тартып қаржы көздерін қалыптастыруға ден қойды. Осындай қиын сәтте көнерген корпустарды күрделі жөндеуден өткізіп, емдеу корпусы мен жатын жайды жалғайтын тұтас кешен салынды.
Бүгінде санатория келбеті адам танымастай өзгерген. Демалушыларға күнделікті ем-шарадан соң мәдени тынығуға мол мүмкіндік жасалған. Теннис столы, руханит орталығы бар. Кешкі мезгілде санаторияның залында емделушілер арасында елге танымал тұлғалармен кездесу өткізіледі. Кеш сайын жастар дискотека алаңында бас қосады.
Қазақтың ұлттық сусын, дәм-тұзы да қалыс қалмай, ауладағы қазақы шаңырақта кең отырып демалуға да жағдай жасалған.
Бақытжан Амангелдіұлы шипажайға 2008 жылы директордың орынбасары болып келсе, 2009 жылдың қараша айынан бастап директор болып тағайындалыпты. «Әсіресе, әке орнына келіп аманатын жалғаудың жүгі ауыр, жауапкершілігі ерек болады екен. Осы мекемені аяққа тұрғызуда табанды еңбек еткен әкемнің жүрген жолын, іс-тәжірибесін, бағдар етіп жұмысымызды жаңаша мазмұнда өрістетуге күш салып келемін» – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Шипажайдың айналасы қалың ағаш, тіпті шырша тектес өсімдіктерді жерсіндіру нәтижесінде өзгеше көркемдікпен көмкерілген бау-бақша біз барған күнгі ып-ызғарлы ауа-райына, сіркіреген мұздай жаңбырға дес бермей, жап-жасыл көркімен көз тартып тұрғаны сүйсіндірді. Мұның өзі демалушылардың көңіл-күйінің көтеріңкі болуына жарқын әсер сыйлары анық.
Шипажайдың болашағы бұдан да ұлкен. Оған төл табиғатымыздың әлеуеті де, сән-сәулеті де толық жетеді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
26 қараша 2024 ж. 106 0