№26 (8840) 12

12 сәуір 2025 ж.

№25 (8839) 8

08 сәуір 2025 ж.

№24 (8838) 5

05 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Жарқын үмітті үкілеген үйелмен

Жарқын үмітті үкілеген үйелмен


Жаңақорған кентінің қақ ортасындағы Амангелді Иманов көшесіне қатарласа қоныс тепкен түрік бауырымыз Изатов Жафардан тараған үйелмендерді жергілікті халық жақсы таниды. Бір шаңырақтан өріп, бүгінде халық қызметінің әр саласында жүрген азаматтармен қарым-қатынасымыз тереңде жатыр.


Кезінде талай ұлтты әуреге салған кеңестік жүйенің құйтырқы саясаты бұл әулетті де айналып өтпеген. Тіпті тарыдай шашырап, қасіреттің үлкен тәуекелінен әупірімдеп қалай аман қалғанына айтып отырса өзіңіз де қайран қаласыз.
Жағалай бір қатарда түтін түтетіп, берекелі ғұмыр кешіп жатқан Изатовтар әулетінің қақпасы үнемі ашық тұрады. Өйткені бұл отбасына келіп-кететіндер үзілмейді. Бірі бал іздейді, бірі емге дәрі іздейді. Онымен айналысатын осы үйдің үлкен ұлы Омар ел арасында емшілігімен танымал. Одан кейінгі бауырлары да ел тұрмысына қажетті түрлі кәсіпті қадір тұтып, меңгерумен күнделікті сұранысқа ие.
Бұл әулеттің Жаңақорғанды қоныс еткен тарихына тоқталайық.
Бұлар ата-бабалары төрт ғасырдан бері қоныс еткен қасиетті мекеннен бір-ақ күнде қуылады. Грузия ССР-і, Адиген ауданында тұрып жатқан түріктерді жер аудару жайында әкімшіл-әміршіл империяның шешімімен талай тағдырды тәлкек еткен кезең 1944 жылы неміс фашистерімен қиян-кескі шайқасып жатқан кезеңмен тұспа-тұс келіпті. Бұл елдегі жас бала, кәрі құртаңға екі есе ауыр­лық әкеледі. Өйткені отбасының еңбекке жарар мүшелері түгелдей соғысқа аттанған еді. Жоғары билік бұйрығының ұлтқа көрсетілген қысым екені кейін белгілі болды. Ал сол түні бұларға “бір сағат ішінде үш күндік азықтарыңды алып, буынып-түйініп дайын отырыңдар” деген қысқа ғана тапсырма болды. Кім, қайда бара жатыр, оны ешкім білмеді.
Жол бойында аштықтан, суықтан қаза бол­ғандар қаншама. Қу жанын Аллаға аманат еткен бұлардың өлмеген құр сүлдері Қазақстанның Арал деген станциясына әрең іліккен. Ерлі-зайыпты Жафар мен Халима осы жерден тұрақ тапты. Ал перзенттері.
Үшеуі де қолына қару алып, майданда жаумен соғысып жатқан. Жақында ғана ортаншы ұлының «ерлікпен қаза тапқандығы» жайлы қаралы қағаз алған қайғылы отбасына мына жағдай ауыр соққы болды. Тұңғыштары Шамшудин Украйна, одан әрі Беларус майданына қатысып, екі рет жараланған екен. Соғысты жеңіспен аяқтап, елге қайтқанында туған ошағының орнын сипап қалады. Сталиннің пәрменімен отбасының жер аударылғаны жөнінде ақпаратқа сенер-сенбесін де білмей жергілікті әскери комиссариатқа келеді. Біз Отанымыз үшін қан кешіп, шайқасып жүрміз, ата-анамыз қандай жағдайға түскен? Әділдік қайда?
Әкімшіл-әміршіл жүйеде мұндай сансыз сұ­рақтың қаншамасы жауапсыз, тарих түнегіне ысырылды.
Мектепте оқып жүрген жерінен екі жас үлкейтіліп жазылып, соғысқа алынған бозымның жан дүниесі бордай езілсе де өз-өзін қайрап, көп қиыншылықты кешіп жүріп Арал жеріндегі ата-анасын тауып қауышады. Өзінен кейінгі бауыры Әлім де аман-есен жеңіспен оралды.
Арал жерінде бір жарым жылдай тұрып ауа райының қаталдығына шыдамай жайлы қоныс іздеп алдымен Шиелінің Ортақшылына, одан әрі Жаңақорғанға табан тірепті. Содан бері осынау аймақ Изатовтар әулетінің өсіп-өнген бау-шарбағын кеңге жайған жазиралы мекеніне айналыпты.
Мұның барлығын ауыл адамдарының бір-бірі­не деген жанашырлығы, мейірім-шапағатының арқасында деп түсінеді өздері.
Ал мейірім-шапағат дегеніңіз имандылық ұя­лаған жерде бүр жарып пенделерді бір бүтін бірлікке бастайды екен.
Жергілікті халықпен бірге жеңді түрініп, белді бекем буып, еңбекке ерте араласқан отбасы мүшелері өкіметтің жұмысына жегіліп жүре берген. Жауынгер жігіттің екеуі де үйлі-баранды болып бас-басына үй тікті.
Бәйгеқұмға кеп тұрақтаған ағайындары Ах­мадтың қызы Гүмішпен бас қосқан Шамшудиннен Омар, Риза, Илман, Әнуар, Гулшура, Гүлдана, Гүлнара, Саламат сынды перзенттер дүниеге келді.Ал Әлімнен тараған ұл-қыздары есейе келе Тараз қаласына барып оқып, кейін ата-анасын қолына көшіріп алыпты.
Изатов Шамшудин аға ұста кісі еді. Кеңес шаруашылығының түрлі саласында еңбек ете жүріп қабатында құрылыс жұмысымен де айналысты. 1973 жылы өздеріне баспана соғып кіріпті.
Аталары Жафар саясат зардабын бір кісідей тартса да жақсылықтан күдерін үзбей, ұрпағының тілеуінде жүз он жас ғұмыр кешіп, 1980 жылы өмірден озды.
Саясаттың зобалаңынан жалғыз күнде жар­лық орнап тағдырлары талапайға түскен түрік бауырларымыз жаңа жерге келген соң да Үкімет үкімінен үркіп қалған үміттерін қайта үрлеп жан бітіруге де шамалары келмей, шарасыз қалыпта жүргенде жергілікті халықтың жақсы сөздері, қайырымды қолқабыс, қалтқысыз пейілдері көп-көп демеу болды. Жарық өмірге деген жарқын сенімін оятты. Имандылықты пір тұтып, Құдірет тен үміт үзбеген ортақ мекені оларды жақындастырды.Діні бір, ділі бір, тілі үндес халықтың дәстүрі де, салт-жоралғысы да бір-бірінен алыс емес еді.
Шамшудин мен Әлімнің ұл-қыздары мектепте жақсы оқыды. Көбі жоғары оқу орнында білімін жалғады. Шамшудиннің келіндері мен қыздарынан Флюрасы – ұзақ жылдар мектепте ұстаздық етті.Саламаты – бастауыш сынып мұғалімі, Шатараты – мектепке дейінгі білім беру мекемесінде медик. Ұлдарынан Омары – емші. Илманы – белгілі спорт шебері, оның қазақтың талай баласын жаттықтырып келе жатқан еңбегі орасан. Барлығының да ортақ ұстанымы – халыққа қызмет ету. Сол арқылы өздерінің де мағыналы негізін қалыптастыру. Кісіні абыройға қауыштыруда бұдан артық қағида жоқ.

***

Шамшудин ата қырық жылдай аудандық өндіріс комбинатының озық қызметкері болды. Сол кездері социалистік еңбектің екпіндісі атанғандар­ға айрықша құрмет көрсетілетін. Соның дәлелі, Шамшудин Изатов аудандық кеңестің депутаты болып сайланып, суреті “Құрмет тақтасынан” түскен жоқ. Еңбектің ғана емес, қоғамның да белсендісі болды.
Міне, ұрпақтан-ұрпаққа азық болар ұлы достықтың құдіреті!

Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
01 наурыз 2025 ж. 157 0