№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Қуғын көрген бабалар ұрпағымыз

Қуғын көрген бабалар ұрпағымыз

Үш жүзге белгілі Айқожа ишанның он бір баласы болған. Он бірі де ілім-білімімен елге жол көрсету үшін әр руға бөлініп, әрбірінің меншікті ұстазы болып, ұлағаттылықты шамшырақ еткен. Біздің бабамыз, сол он бір ұлдың бірі – Реметулладан 8 ұл, 5 қыз, атап айтар болсақ, Исматулла, Файзулла, Омар, Оспан, Мұстафа, Мүдік, Маһан мен Үсейін егіз болған. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы зобалаң бұл әулеттің басына қалың қара бұлтты үйірді. Дүниенің төрт бұрышына тарыдай бытырап кетті. Бірі Тәжікстан, Тәшкент асса, бірі батысқа қарай қашып, бас сауғалады. Соның ішінде Ақтөбеге қарай сапар шеккен Мүдін атамыздың жиырма шақты перзенті болған екен. Барған жақтарында «шешек ауруы» дендеп, бар баласын жер қойнына беріп, кемпірі екеуі қайта ауылға келіп көз жұмған.
Біздің атамыз Үсейін мағзұм Бөртескен­ді қоныс етіп елге имандылықтың қазығын­дай қадір-қасиетімен туралықты нұсқап, пәтуаға біріктіріп, шариғат жолынан ауытқымауды уағыздап қарапайым ғана ғұмыр кешкендіктен, артық-ауыс дәулетім жоқ, маған үкіметтің ісі бола қоймас деген оймен қам-қарекетсіз отырғанында бір күні елдің алдында жүрген Жолдыбайдың Ысқағы, Тұраптың Үпені  апақ-сапақта үйге келіп, «Мағзұм, сіздің де басыңызға қауіп төніп тұр. Тізімге ілігіпсіз. Тезірек бас сауғаламасаңыз ұстап әкетеді» деп ескертуге мәжбүр болыпты. Бұл отбасы сол күні түн ішінде екі-үш түйеге жүктерін теңдеп Қызылқұм арқылы оңтүстікке жөнеп береді. Бірнеше күн жол жүріп отырып Ауғанға жақын шекарадан бір-ақ шығады. Термез маңындағы бір елді мекенді паналап, қолдағы түйелерін осы жердің саудагерлеріне кіреге жалданып содан күнделікті ас-ауқатын ажыратарлықтай ғана күнкөріспен  отырыпты. Осы шаруаны отбасының үлкен ұлы Әбілқайыр атқарып жүргенінде оның жасы он бес-он алтылар шамасында екен. Бірақ басқа түссе баспақшыл дегендей, бөтен елде осындай мүсәпір күй кешіп күн өткізуге тура келген. Ол кезде Әбілқайырдан кейін туған екі ұлдың бірі алтыда, екіншісі екі жаста ғана екен. Бұл күнді де көп көргендей соңдарына іздеп қуғынға шыққан тыңшының бірі паналаған жерін біліп қойып сап етіп үйге кіріп келгенінде бұл үкіметтің құрығы ұзын екендігін мойындаған мақсым біреуге титімдей зарары болмаған еш кінәсі жоқтардың да  жанын алып, қанын жүктеген жаңа үкіметтің зұлымдығына шын көзі жетіп, қарсы қыларға шарасы қалмай отырып қалған. «Алдымыз түн, екі кештің арасында үйде ұлым да жоқ, тауып алып келейін. Сен де көз шырымын алып, демалып ал» деп қызыл солдатты алдарқатып, әлдебір үміттің жетегінде колхоз бастығының кеңсесіне қарай шығады. «Отбасын тастап қайда қашсын, бұлар жолға әзір болғанша сәл мызғып алайын» деген оймен милиция үйде қалып қояды. Әлде ұлын кіреге жалдаған қожайынмен ақылдассам ба екен деп далбасалап  көшемен келе жатып адам қарасы жиналып қалған бір үйдің тұсына келгенде аялдап ішке кіруді ойлайды. Үйге келіп кіргенінде  төрде отырған зор тұлғалы жігіт орнынан тұрып келіп «Сізді де көретін күн бар екен-ау, тақсыр» деп мағзұмды алып құшағына алғанда қорлық көріп қысылып келе жатқан бұл кісінің көзінен бырт-бырт жас шығып кетеді. Ауылдан шыққан апайтөс, кеңестік білім алып үкіметте сақшылық қызметте болған, бірақ содыр саясаттың сұрқын аңдағалы өзін одан сырт алып, милициядан кетіп, қызылдан зорлық көріп жаншылған өз ұлтының тағдырына ара түсіп, өзі құралпы жалын жүрек батыл жауынгерлерді жасақтап, қайда зорлық-зомбылық, басқыншылық саясат орын алса сол жерден табылып, туған халқына қаранардай қалқан болып жүрген азаматты Құдай бөтен жердің құмында қарсы алдынан кезіктіргенін де тағдырға балауға болар еді. Сол кезеңдері ауылдан жырақта бой тасалап, сондағы босып барған бауырларына болысып жүрген Әділұлы Ідая екі-үш күн бұрын ғана түс көргенін, түсінде Айқожа бабаның  бір ұрпағының осы маңда қиын-қыстау жағдайда екенін айтып, құтқар деп аян бергенін айтқанын жеткізгенде алдынан күн туғандай жағдайды бастан кешеді.  Өздері Самархан мен Жызақтың тауларының арасынан бой тасалап Кеңес үкіметінің қолына түсуден сақтанып жүріп, елдегі жарлы-жақыбайдың қамын жеген бұл қарулы жігіттердің көмегіне екінің бірі зәру еді. Ідая өз жігіттеріне мағзұмды жанұясымен тұтқындап әкетпек болған тыңшыны ұстап, алдыма алып келіңдер деп тапсырма береді. Жігіттері барып үштік қызметкерінің ұйықтап жатқан үстінен түседі. Ідаяның атын естігенінде зәр иманы қалмай қалтырап кеткен тыңшы әсіресе халқына қарсы қызмет еткен милицияға   аяушылық танытпайтынын жақсы білетін. Жігіттерге жалынып-жалпайып «Бала-шағам үшін бір қасық қанымды қиыңдаршы. Жаздым-жаңылдым, мен де тапсырма орындап жүрмін, мағзұмды көрдім-білдім демеймін, Таппадым деп барамын, Босата көріңдер» деп жалынады.  Елден келген, өздері танитын ағайынның баласының сөзіне сеніп жанына бостандық беріп, ендігәрі бұл жақты төбеңнің шұқыры көрмесін деп жайына қоя береді. Ідаяның арқасында бір қатерден құтылған иағзымның отбасы осы жерде тағы екі жыл күнелтеді. Атамыздың осы жақта бас сауғалап жүрген ағалары  да елге қайтып оралуға тайсалып, қайткенде аман қалудың амалын ойлап, Ауған асуды жоспарлағанымен қауіп-қатері басымдығынан бата алмай жүреді екен. Бірақ қанша жерден қауіпті деп ұйғарса да бөтен елде аялдауға төзімі таусылып тұла бойын туған топыраққа деген сағыныш жеңдеген ерекше нәзік жүректі Үсейін ата не болса да елге қайтпаққа, өлсек те елге барып өлейік дегенге бекініп, тәуекел деп ағаларын тыңдамай бір-ақ түнде, яғни екі жылдан соң, 1934 жылдың күзінде Жаңақорғанына бағыт түзейді. Ал Тәжікстанда, Өзбекстанда көз жұмған ағаларының денесі сол жақта қалғанымен олардан өрген ұрпақ кейін елуінші, алпысыншы жылдары туған жерге орала бастады, Сол жырақта қалған бабалар қатарында Айқожаның немересі Омарды өзбектер «Қазақ ишан баба» атап кеткен екен, кейін ұрпағы Қалила Омаров іздеп жүріп, жатқан жерін тауып, басына белгі қойып қайтты.
Бұл бір ғана Реметулла ұрпақтарының тағдыры, ал Айқожаның қалған он  баласынан өрген ұрпақтар тағдыры да осы орайлас. Он үші ату жазасына кесілсе, бірнешеуі итжеккенге айдалды. Бұл туралы кейін ұрпақтары қатарында тарихшы Камал Бұрханов зерттеу еңбектерін жазды. Ал қорғансыздарға пана болған ержүрек азамат Ідаяның жағдайына келер болсақ, құрығы ұзын үкімет оны қолға түсіріп, тұтқынға алған. Кейін Ташкентке сан барып жүргенімде Шыназ деген жерінде жасы сексен алтыға келген Ідаяның ұлымен кездескенімді бақыт санаймын.  Ідая ұсталғанда іште қалған баланы анасы көпке дейін ел көзінен жасырып ұстап, тәбәріктей сақтап өсірген. Бұл қарияның ұлы қазірде үлкен академик тұлға, бірақ кеңестің режимнің қысымынан қатты шошынып қалған әулет Әділов тегін иеленуге де жүрегі дауаламасы қандай қасірет.
Міне, осындай өмір өткелектерінен өткен Үсейін атамыз сексен төрт жыл ғұмыр кешіп, 1964 жылдың  қысында өмірден озды. Соңында қалған балалары Әбілқайыр, кешегі Ұлы Отан соғысында қанды майданды кешіп, елге  балдақпен оралды. Екінші ұлы Әбдірашит ауданда ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметте болған, елуге толмай өмірден озып кетті, қазірде жастайынан адал еңбекке тәрбиелеген  он баласынан қара үзіп шыққан Жамалдин, Ислам, Әбдіхан, Асылхан  кәсіпкерлік саласында туған жерді гүлдендіруге тер төгіп келеді.  Үшінші ұлы Әбілайдың балалары имандылық саласында ұстаздық етеді. Ал кенже ұлы Әлаудинінен тараған ұрпақ та баба жолына адалдығынан танған емес.
Қазақта «Ат тұяғын тай басар» деген мәтел бар. Кезінде қуғынға ұшырап, тоз-тозы шығып кете жаздаса да бөтен жерді болсын сағалап кіндігін жалғаған баба ұрпағынан бүгінде мыңға жуық түтін туған жер төсінде өсіп-өніп жатыр, Осыған да шүкіршілік етеміз.
       
Зияуддин қажы ӘБІЛҚАЙЫРҰЛЫ
30 мамыр 2021 ж. 760 0