№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Жер бетінің жұмағы – жарқын тілекте

Жер бетінің жұмағы – жарқын тілекте

Жаңақорған кентінің қақ ортасындағы Амангелді Иманов көшесіне қатарласа қоныс тепкен түрік бауырымыз Изатов Жафардан тараған жанұялармен көптен таныспын әрі олардың тағдырына ұдайы тілектестікте жүремін.
Кезінде талай ұлтты түрлі әуреге салған кеңестік жүйенің құйтырқы саясаты бұл әулетті де айналып өтпеген. Тіпті тарыдай шашырап, қасіреттің үлкен тәуекелінен әупірімдеп қалай аман қалғанына айтып отырса өзіңіз де қайран қаласыз.
Жағалай бір қатарда түтін түтетіп, берекелі ғұмыр кешіп жатқан Изатовтар шаңырағына жақындағаннан аңғарғаным, қақпалары шалқасынан ашық тұр. Оның себебі, бұл отбасыларына келіп-кетушілер қарасы үзілмейді. Оның бірі жеуге бал іздейді, бірі емге дәрі іздейді. Онымен айналысатын осы үйдің үлкен ұлы Омар ел арасында қазір халықтық емшілігімен танымал. Одан кейінгі бауырлары да ел тұрмысына қажетті түрлі кәсіпті қадір тұтып, меңгеруімен күнделікті сұранысқа ие.
Ал менің іздеп келе жатқаным Гүміш апа еді. Осы балаларының басын қосып, бірлік пен ынтымаққа бағыттап, кезінде өздері көп қамқорлығын көрген қазақ халқына деген алғыс-ризашылығын күнде айтып, ұрпағының құлағына құйып отырған сол кез жәдігерлерінен жалғыз қалған көз де – осы кісі.
Жасы тоқсаннан асса да әлі сергек көрінетін, жүзінен нұр төгілген ана жарқын қабақпен қарсы алды. Бүгін Ережеп айының жаңа туған құрметіне ауыз бекітіп, ғибадатын күзеткен жанның өзінің осы сынаққа мықты жарап тұрған жағдайына үлкен қуанышта отырғанын кейін әңгімелесе келе білдік.
Ә, түсінікті, кейуананың әлі тың, қуатты сақталуына құдыретке құлшылығының ерек ықыласы ересен күш беріп тұр екен ғой.
Тағдырлы ананың өмір тарихы былай сыр шертеді:
Бұлар ата-бабаларының төрт ғасырдан бері құтты қоныс еткен қасиетті мекеннен бір-ақ күнде қуылады. Грузия ССР-і Адигон ауданында тұрып жатқан түріктерді қоныс аудару жайында әкімші-әміршіл империяның шешімімен талай тағдырды тәлкек еткен кезең 1944 жылы неміс фашистерімен қиян-кескі шайқасып жатқан кезеңмен тұспа-тұс келіпті. Бұл елдегі жас бала, кәрі-құртаңға екі есе ауырлық әкелді. Өйткені отбасының еңбекке жарар, қайратты мүшелері түгелдей соғысқа аттанған еді. Жоғары билік бұйрығының ұлтқа көрсетілген қысым екені кейін белгілі болды. Ал сол түні бұларға бір сағат ішінде үш күндік азықтарыңды алып, буынып-түйініп дайын отырыңдар деген қысқа ғана тапсырма болды. "Кім, қайда бара жатыр?". Оны ешкім білмеді.
Жол бойында аштықтан, суықтан қаза болғандар қаншама. Қу жанын Аллаға аманат еткен бұлардың өлмеген құр сүлдері Қазақстанның Арал деген станциясына әрең іліккен. Изатов Жафармен Халима осы жерден тұрақ тапты. Ал перзенттері...
Үшеуі де қолына қару алып, майданға аттанған. Жақында ғана ортаншы ұлының «ерлікпен қаза тапқандығы» жөнінде қаралы қағаз алған қайғылы отбасына мына жағдай ауыр соққы болды. Тұңғыштары Шамшудин Украина, одан әрі Беларусь майданына қатысып, екі рет жараланған екен. Соғысты  жеңіспен аяқтап, елге қайтқанында туған ошағының орнын сипап қалады. Сталиннің пәрменімен отбасының жер аударылғаны жөнінде ақпаратқа сенер-сенбесін де білмей, жергіліті әскери комиссариатқа келеді. Біз Отанымыз үшін қан кешіп, шайқасып жүрміз, ата-анамыз қандай жағдайға түскен? Бұл қандай мемлекет? Әділдігі қайда?
Әкімшіл, әміршіл жүйеде мұндай сансыз сұрақтрдың нешемесі жауапсыз тарих түнегіне ысырылды.
Мектепте оқып жүрген жерінен екі жас үлкейтіліп жазылып, соғысқа алынған бозымның жан дүниесі бордай езілсе де, өз-өзін қайрап көп қиыншылықты кешіп жүріп Арал жеріндегі ата-анасын тауып қауышады. Өзінен кейінгі бауыры  Әлім де аман-есен жеңіспен елге оралды.
Арал жерінде бір жарым жылдай тұрып, ауа райының қаталдығына шыдамай жайлы қоныс іздеп алдымен Шиелінің «Ортақшылына», одан әрі Жаңақорғанға табан тірепті. Содан бері осынау аймақ Изатовтар әулетінің өсіп-өнген, бау-шарбағын кеңге жайған жазиралы мекеніне айналыпты.
Мұның барлығын ауыл адамдарының бір-біріне деген жанашырлығы, мейірім-шапағатының арқасында деп түсінеді өздері.
Ал мейірім-шапағат имандылық кетпеген жерде бүр жарып, пенделерді бір бүтін бірлікке бастайды екен. Бұл кезде қария жасында әкелері – Жафардың жұма намазын «Қарасопы» мешітіне барып оқып келетіні әлі естерінде. Рамазан айларында жамағатқа өз құжырасында жасырын болса да тарауих намазын оқытуды үзбепті.
Жергілікті халықпен бірге жеңді түрініп, белді бекем буып еңбекке араласқан отбасы мүшелеріҮкіметтің жұмысына жегіліп жүре берген. Жауынгер жігіттің екеуі де үйлі-баранды  болып, бас-басына үй тікті.
Бәйгеқұмға кеп тұрақтаған ағайындары Ахмадтың қызы Гүмішпен бас қосқан Шамшудиннен бүгінде Омар, Риза, Орман, Илман, Әнуар, Гүлшура, Гүлдана, Гүлнара, Саламат сынды ұл перзенттер мен қыз перзенттер дүниеге келіпті. Ал Әлімнен тараған ұл-қыздары есейе келе Тараз қаласына барып оқып, кейіннен ата-аналарын сонда қолдарына көшіріп алыпты.
– Жастық шағымызда ерім екеуміз Кеңес шаруашылығының түрлі саласында еңбек атқардық. Бірлік, Қызылмақташы, Ленин колхозында кеңшарында шөп ордық, малшы үйлеріне кесек құйдық. 1973 жылы отырған кепемізден шығып, өзіміз қолдан тұрғызған жаңа баспанамызға көштік. Шалым ұста еді. Мына отырған үйім сол кісінің көзі, – дейді Гүміш апа.
Аталары Жафар 1870 жылы туылған екен, яғни Ленинмен төл құрдас. Саясат зардабын бір кісідей тартса да жақсылықтан күдерін үзбей, ұрпағының тілеуінде жүз он жас ғұмр кешіп, 1980 жылы өмірден озды.
Саясат зобалаңынан жалғыз күнде жарлық орнап, тағдырлары талапайға түскен түрік бауырларымыз жаңа жерге келген соң да Үкімет үкімінен үркіп қалған үміттерін қайта үрлеп жан бітіруге де шамалары келмей, шарасыз қалыпта жүргенде жергілікті халықтың жақсы сөздері, қайырымды қолқабыс, қалтқысыз пейілдері көп-көп демеу болды. Жарық өмірге деген жарқын сенімдерін оятты. Имандылықты пір тұтып, Құдыреттен үміт үзбеген ортақ сенім оларды жақындастырды. Діні бір, ділі бір, тілі үндес халықтың дәстүрі де, салт-жоралғысы да бір-бірінен алыс емес еді.
Соғыстан кейінгі жылдары жеңіспен рухтанған халықтың бойында қара тасты да бұзып өтер қайрат пен қажыр басым болды. Сол жасын жігер оларды қандай қиындықта да мойытпады. Ал жас толқын білімге құштар болды.
Шамшудин мен Әлім ұл-қыздарының барлығы мектепте жақсы оқыды. Көбі жоғары оқу орнында білімін жалғады. Жаңа айттық, Әлімнің балалары Таразда оқып жетіліп, адам болып, ата-аналарын сонда көшіріп алды. Қазірде үлкен қызметтерде жүр. Ал Шамшудинның келіндері мен қыздарынан Флюрасы- математик, Софиясы тіл маманы. Саламаты бастауыш сынып мұғалімі. Шатараты – мектепке дейінгі білім беру мекемесінде жұмыс атқарады. Ұлдарынан Әнуары медицина институтын бітірген, қазірде білікті дәрігер. Илманы – белгілі спорт шебері, оның қазақтың талай баласын жаттықтырып келе жатқан еңбегі орасан. Барлығының да ортақ ұстанымы – халыққа қызмет ету. Сол арқылы өздерінің де мағыналы ғұмырының негізін қалыптастыру. Кісіні абыройға жеткізуде бұдан артық қағида жоқ.
Гүміш апа қай кезде келгендегідей маған көненің көзі – жүз жылдық жайнамазды көрсетті. Өзі тұрмысқа ұзатылғанда анасының берген жалғыз жасауы – қой жүнін иіріп, қолдан тоқыған осы жайнамазы екен. Тоғыз жасынан бастап маңдайын сәждеге тигізген жан серігін ұзатылғанда да өзімен ала кеткен. Гүміш апа бұл жәдігерді анамның көзі деп санайды. Өзі де зейнетке шыққан күннен бастап дәл осындай жайнамазды бүгінге дейін өз ұрпағы бар, туған-туыс, көрші-қолаңы бар, тоқсан адамға таратып беріпті. Бұл өзініің тоқсан жасына тартуы, бәлкім. Не болғанда да мұны тек сауапқа жазар, сый ретінде ғана қуантпай, көңілге салмақты ой салатын, құдай жолына құлшылыққа насихаттайтын таза тілек, тәубакар болмыстың белгісі деп қабылдадық.
***
Шамшудин Изатов қырық жылдай аудандық өндіріс комбинатының озық қызметкері болды. Сол кездері «Социалистік еңбектің екпіндісі» атанғандарға ерек құрмет көрсетілетін. Соның дәлелі, Шамшудин Изатов аудандық Кеңестің депутаты ретінде ел мінберінен түскен емес. Еңбектің ғана емес қоғамның да белсендісі болды.
Газет қызметкері ретінде ұлттар достығы туралы мақала жазбаққа шаңырағында болып, ағаның өзімен сұхбаттасқан сәтім бар еді.Тоқсаныншы жылдардың шамасы. Әңгімелесе келе ол кісі менің әкемді білетін болып шықты. Жұмыс бабында куә болған бірер қасиетіне тоқталып, онымен қоймай «Сенің папаң – ВО адам ғрй!» деп айтқан бірауыз сөзі менің көңілімде ұмытылмастай қалып қойыпты. Бүгінде ол кісілердің екеуі де өмірде жоқ. Бірақ аға буынның бір-біріне деген қалтқысыз көңілі, шынайы сыйластықтары суымаған қалпы ұрпағының жүрегінде ұялап қаларына өз басымнан келтірер тәмсілім осы. Арада неше жылдар өтіп кетсе де, әңгімеміздің басында айтқанымыздай, осы бір қаз-қатар қонған шаңырақтың жанынан өткен сайын жылы бір сезімді бастан кешемін.
Міне, ұрпақтанұрпаққаазықболарұлыдостықтыңқұдыретіқандай!
Баян ҮСЕЙІНОВА
01 наурыз 2020 ж. 682 0