Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шаттық толған шаңырақ

Шаттық толған шаңырақ


Жаңақорған тұрғындарына түрік ұлтының өкілдері - Шамшудин Изотовтың жанұясы жақсы таныс. Әкелері Шамшудин отан соғысының жауынгері. Майданнан қайтқанда туған жері - Грузин ССР, Адиген ауданында тұрып жатқан жанұясының орнын сипап қалған жайы бар екен. Бір түнде жоғары басшылықтың бұйрығымен эшелондарға тиеліп, белгісіз бағыт түзген түрік халқының бір шоғыры Қазақстан территориясының бекеттерінде түсіріліп қала берген. Жаңақорған жерінің топырағына табаны тиген Изотовтардың содан бері бұл жерде өсіп-өніп жатқандарына ғасырға жуық уақыт өтіпті.


Изотовтардың тұрақтаған жері Жаңақорған кентінің кіндік тұсы – Амангелді Иманов көшесінің бойында, қазір ол кісілердің үрім-бұтағынан бұл көшеде жағалай төрт-бес жанұя ыдыс-табағы араласып қоңсы отыр. Еңбек ардагері Шамшудин ағаның тірі кезінде ол кісіні газетке шығару үшін бірнеше рет бұл отбасында болғанбыз. Ол кісінің жары – Гүміш апа тоқсан жастан аса ғұмыр кешті. Бүгінде қара орынды күзетіп отырған перзенттері бізді ата-ана үрдісімен күлімдеп қарсы алды.
– Әкемізбен араласқан кісілердің барлығы біздің көңілімізден ұмытылған емес. Үйіміз аялдаманың нақ тұсы, осы жерде автобус күтіп тұратын Бидаш аға самаурынның түтінін көріп бері бұрылып шай ішіп кететін еді, – де еске алады келіні. Үлкендер бар кезде жылы ықыласқа толы осындай жақын араласу бар еді. Қазір қарым-қатынас кеміп барады. Анамыз да осы үрдісті жалғап кешеге дейін рамазан айында тарапа намазынан қоң­сыларды қалдырған емес. Биыл ораза айында көршіміз Жаңабайға «Біздің үйге өтіңіздер, бірге тарапа оқимыз» дегенде қуанышын жасырмады. «Гүміш апа жоқ, енді біз кімге керекпіз?» деп жорамалдап көңілсіз күйде отыр екен. Жоқ, анамыз өзі өмірден өтсе де өнегесн жалғайтын ұрпақтар бармыз ғой, – дейді қарашаңырақ иелері.

Изотовтардың ең үлкені Орман қажылық сапарға барып келіпті. Одан соңғы бауырлары Омар омарташылықпен айналысады. Риза жеке кәсіпкер, Илманы Жаңақорған спорт мектебінде жаттықтырушы. Нұрлан кәсіпкер. Иззат дәрігер. Бұлардан тараған балалары – Рамазан, Вейсал, Дәурен түрлі жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Келіндері Шатарат, Софья, Зүлфия, Флюра, қыздары Саламат, Гүнәш, Хадиша атты немере қыздары бар.
Гүміш апа көзі жұмылғанша тірліктен қол үзбеогенін айтады үйдегілер. Тіпті бақиға аттанар күні де намазда тұрып сәждеде отырып жан тапсырыпты. Көзінен таса қалдырмай анасының батасын алып қалған немере келіндері Фатима мен Севда екеуі осыны айтты бізге.
Гүміш апа қай кезде болсын балаларына еңбектің қадірін түсіндіріп, бақытқа қол жеткізу үшін бейнетпен қашпаудың мәнін ұғындырумен келіпті.
«Қайда өсіп-өнсең сол жер сенің отың, ота­ның» деген ұғымды ұрпағының бойына сіңірген ана өсиеті құр кетпеді. Балаларының барлығы Жаңақорған жерін құт санап, өсіп-өніп отыр.

Баян Үсейінова
30 сәуір 2024 ж. 294 0