» » Қалауын тапқан, қажетке жаратады

Қалауын тапқан, қажетке жаратады


Экологиялық басты мәселенің бірі – тұрмыстық қалдық. Күнделікті өзіміз тұтынған өнімнің ыдыстарын қоқыс жәшікке атып ұратынымыз жасырын емес. Осыған қарап-ақ, экологиялық мәселелердің жиілеуіне де адамдардың салғырттығы бірден-бір себеп деуге болады. Бұл қоқыс қайда кетіп жатыр? Осы сұрақ сізді ойландырды ма? Шындығында, осы қоқыстан пайда табуға болады десек сенесіздер ме? Озық елдердің тәжірибесі сондай. Ең болмағанда сол елдерге ұқсатып тірлік істеуге болар еді ғой!


Президент Қазақстан халқына жолдауында шикізаттық өндірістердің құрылымы мен ұйымдастырылуын және табиғи ресурстарды басқару­ға деген көзқарасты қайта қарау қажеттігін атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстандағы баламалы энергия өндірісін 2030 жылға қарай 10 пайызға жеткізу – ең маңызды міндет екенін атап өтті.
Шыны керек, көпшілігіміз бұл міндетті тазалық мекемесі мен жау­апты қызметкерлерге ысырып тас­тауға құмармыз. Бірақ бұл қисынға келмейді. Әрине, олардың бұл міндеті шығар, бірақ әрбір тұрғын туған өлкеге жанашырлық танытып, тазалық жұмысына атсалысатын кезі келді. Біздің елімізде қоқыс қалдық­тарды қайта өңдеу ісі өрге баспай келеді. Сенесіздер ме, елімізде қалдықтың тек 7 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Ал қалған бөлі­гі полигондарға жөнелтіледі. Міне, осыдан-ақ қоқыс өңдеу саласында шешімін таппаған мәселе көп екенін ұғасыз.
Еуропаның барлық елінде қоқыс­ты сұрыптау мәдениеті қалыптас­қан. Егер тұрғындар бұл тәртіпке бағынбайтын болса, айыппұл төлейді. Ресми дереккөздеріне сүйенсек, өз­ге мемлекеттерде биологиялық қал­дықтар, қағаз және арнаулы белгісі бар тез өңделетін заттар жеке-жеке контейнерлерге салынады. Ал батарейка, жиһаз, ескі көлік бөл­шектерін, пайдаланылған иіссу құ­тыларын қоқыс жәшігіне тастауға мүлдем тыйым салынған, өйткені мұндай заттарды қабылдайтын ар­наулы мекемелер бар. Мысалы, бір қарағанда ұсақ болып көрі­нетін энергоүнемдеуші шамдар, бата­рея­лардың құрамында кадмий, қор­ғасын, сынап сияқты ауыр металдар бар. Адам ағзасында жинақталған олар бауыр, бүйрек, онкологиялық ауруларға шалдықтырады. Жарамсыз болып қалған бір ғана батарея топыраққа түсіп, ыдырай бастаған соң, маңайындағы 20 шаршы метр жерді немесе 400 литр суды ауыр металдармен ластайды екен. Түптеп келгенде, мұның бәрі қоршаған ортаға зиянын тигізетіні айдан анық.
Сенесіздер ме, жыл сайын елі­мізде 4,3 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық жиналып, соның небары 12 процентке жуығы ғана қайта өңделеді. Қалғаны қоқыс по­лигон­дарына көміледі екен. Еліміз­де тұрмыстық қалдық тасталатын 3 мың 520 полигон бар, соның 18 проценті ғана тиісті талапты сақтауда. Қоғам белсенділері және экологтар заң­сыз қоқыс алаңдарының азаймаға­нын айтып, дабыл қағып жатқаны тегін емес. Өндірістік және тұтыну қалдықтары тасталатын орын саны 17 934-ке жеткен, осы полигондар­дың дені санитарлық талаптар мен экологиялық стандарттарға сәйкес келмейді. Жалпы, сарапшылардың дерегінше, жыл сайын елімізде 700 миллион тонна өнеркәсіптік қоқыс пен қалдық жиналатын болса, оның 250 миллионы денсаулыққа қауіпті улы заттар екені анықталған.
Автокөлік шинасын жерге көмсек, 150 жылға дейін шірімейді. Ал осындай дөңгелектің 1 тоннасын өртесе, ауаға 250 келі күл тарап, 450 келі уытты газ бөлінеді екен. Енді экологиялық заң бойынша барлық ұйым шиналарды арнайы кәдеге жарату орындарына тапсырады. Ал жеке тұлғаларға оның әр келісі үшін 5 теңгеден ақы төлеу де қарастырылған. Қызылордада әзірге автокөліктің ескі доңғалағын қайта пайдаға жарататын бір ғана өндіріс бар. Онда спорт алаңдарына арналған резеңке үгінділері мен су түтікшеле­рі шығады. Сондықтан осы саланы тезірек қолға алса екен, – дейді Мырзахан есімді азамат. Қалдықтар­ды полигонға көму оларды жоюдың негізгі әдісі емес. Демек, қоқыстан құтылудың қосымша жолы қандай? Бұл – өңдеу.
Қайта өңдеу демекші жер бетін қоқыстан тазартудың бірден-бір амалы – осы. Бірақ ол үшін әңгіме қайтадан қоқысты сұрыптап тастауға тіреледі. Себебі, тұрғындар күнде­лікті пайдаланатын өнімін арнайы контейнерлерге ұқыптап салмаса, қалдықтарды қайтадан іске асыру оңайға соқпайды. Бұл қазір біздің елімізде жүзеге асып, қолға алынған іс. Ол үшін әр аймақта арнайы қоқыс жәшіктері де қойылған. Мәселен, сары жәшіктер пластик, қағаз, шыны, металл және ұсақ-түйек электрон­ды техника қалдықтарын жинауға арналса, жасыл контейнерлерге тағам қалдықтары, органикалық қалдықтар жиналады. Мұндағы негізгі мақсат – полигонға жиналатын қоқыс көлемін кемітіп, еліміздегі қайта өңдеу саласын дамыту.
Осы ретте, аудандық жұмыспен қамту бөліміне хабарласып, қалдықты сұрыптау бағытында өтінім берген немесе грантты ұтып алған жандардың бар-жоғын сұрадық. Өкініштісі, осы жылға дейін бұл кәсіпті игергісі келетін ешкім бола қоймапты.
Жаңақорғандық кәсіпкер, бірнеше жылдан бері осы кәсіпті жалғап келе жатқан – Насырла Мурзаев туралы естіп, білдік. Шағын шаруасын отбасы­лық бизнеске айналдырған ағамыз­дың кәсібін көруге арнайы барып, сұхбаттасып қайттық.
– Тіршілік барда қоқыс ешуақыт­та таусылмайды. 10 жылдан астам уақыт қажетсіз қалдықтарды жинап, Шымкент қаласындағы зауытқа өт­кізуді қолға алдым. Бұл ісіме бала-шағам жәрдемдесуде. Қарамағымда тағы 2-3 жұмысшы бар. Күнделікті жұмыста макулатура, бөтелке, шыны, баклашка, салафан пакеттерді жинап, сұрыптаймыз. Бір ай бойы жиналған қоқысты сұрыптап, ретке келтіреміз.
Былтырғы жылға қарағанда биыл жұмыс жақсы жүруде. Өткен жылы 2-3 айда бір өткізетінмін. Биыл ай сайын 10-15 тоннадан кем өткізіп жатқа­ны­мыз жоқ. Тұрғындар да, тазалық мекемелері де үйренді. Күнделікті жиналған қоқыстарды өткізіп тұрады. Тіпті, Байкенже, Сунақ ата, Шалқия, Бірлік ауылы тұрғындарының жинап қойған заттарын айына бір рет барып жинап кетеміз, – дейді кәсіп иесі.
Отбасылық кәсіппен нәпақасын тауып отырған Мурзаевтар отбасы қазіргі таңда айлық табысының да жақсы екенін жасырып қалмады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліпті. Мем­лекеттен көмек алуға мүдделі. Ағамыз балаларын да осы кәсіпке икемдепті.
– Былтыр мемлекеттен бөлінген 1 250 000 теңге грантты бір ұлым алып, қажетімізге жұмсадық. Одан бөлек зауыттармен келісім-шартқа отырып, жұмыс қарқынын кеңейтудеміз. Алда­ғы уақытта 2-3 адамды жұмыспен қам­ту ойда бар. Қызылорда қаласында­ғы және Шымкент қаласындағы «Boom prom» заводына кардон желім қаптамалар мен бөтелкелерді өткізіп отырамыз, – дейді ол.
Бала кезімізде алдыңғы буын ағаларымыз темір-терсек, шыны ыдыстарды өткізіп пұлдайтынын көруші едік. Үйден емес, сырттан теріп, теңге табатын. Қазір үйден шыққан қалдықты сұрыптап жинап, өткізуге ықылас кем. Әйтпесе, қажетсіз қағаз бен желім ыдыстардан әжептеуір табыс табуға болады. Кәсіпкердің айтуынша, кейбір мекемелер қоқысқа кеткен қағазды өртемей осында өткізеді екен. Бұл да жақсы жүйе ғой. Керек болса кәсіпкер кез келген орталықтан тауарды қаржысын төлеп алуға дайын. Келісін есептеп, қажетін алып кетеді. Бірақ бұған біздің дайын болмай жатқан жайымыз бар.
Расымен де, айналамызды қоқыс­тан арылтудың бірден-бір жолы – қайта өңдеуді жолға қою. Бұл тұрғы­да қоқыстың өзін кәдеге жаратып, аталған проблеманы ертерек еңсерген елдердің тәжірибесіне үңілу артық етпес.
Осы тақырыпта аудандық «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасының бас­шысы Асылжан Жолдасбековтің ойын білген едік.
– Қалдықты қайта өңдеу, сұрыптау ісін қолға алғысы келетін жандар болса бағыт-бағдар беріп, қолдауға әзірміз. Қалдықтарды өңдеу бизнесінен жақсы табыс табуға болады. Қайта өңдеу – болашақта керек кәсіптердің бірі. Қайта өңдеу ісін бастау көп капиталды қажет етпейді. Орташа қаражаттың өзімен бизнесті бастап кете аласыз. Кішкентай инвестициямен бастауға болатын қайта өңдеудің ең тиімді 50 бизнес-идеялары мен мүмкіндікте­рі бар. Қалдықтарды қайта өңдеу бизнесін бастайтын болсаңыз кә­сіптің орнын, қалдықтарды қалай және қайдан жинауды, оны қайда сатуды жақсылап зерттеп алған жөн. Мысалы, алюминий құтыларды қайта өңдеуге инвестиция салғыңыз келеді делік. Толық жұмыс бастап кетуге капиталыңыз болмаса да, ірі фирмалар үшін қолданылған құтыларды жи­нау арқылы қаражатыңызды есе­леп алуыңызға болады. Бұл идея өзі тұратын өңірді немесе бизнесін бастауға таңдаған аймақты жақсы білетін адамдар үшін тиімді, – дейді.
Ежелде дана халқымыз күлдің өзін ерінбей, артынан жерге көміп кететін. Кейін күл жерге тыңайтқыш болып, келесі жайлауда көгеріп тұратын. Сондықтан қоршаған ортаға деген қамқорлық бізге таңсық ұғым емес. Аталмыш мәселенің ауқымына қарамастан, оның шешімі бар. Оған дамыған елдердің тәжірибесі дә­лел бола алады. Өркениетті елдің бір қасиеті – ескіден жаңа дүние жа­сап шығаруында. Бұл өзімізді қор санаудың кебі емес, халық арасында қоқысты сұрыптап, кәдеге жаратуға ұмтылған ниет.
Түйінін айтсақ, қатты қалдықтар­мен қоғамды ластағанша, жиып-теріп, өткізіп отырсақ, қаражатқа айна­лып шыға келеді. Бастысы, аулаңызға жинап, Насырулла ағаның кәсіпорнына хабар берсеңіз болғаны. Әрі, кәсіпкер Насырулла ағамыздың кәсібіне демеу бергеніміз болар еді. Ал, мемлекеттен берілетін көмекті құзырлы органға қалдырайық.

Әсел РЗАЕВА

21 қыркүйек 2024 ж. 434 0