№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тазалық тектіліктің төресі

Тазалық тектіліктің төресі

Тазалық тақырыбын сөз еткенде сенбілік деген ұран санадан кетпей қойды. Бұрындары ерте көктем мен қара күзде болатын сенбілік айлығы қазір әр апта сайын жалғасуда. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жаппай сенбілік жүргізіліп жатқанын білеміз. Сол топтың ішінде өзіміз де бармыз. Мұны туған өлкеге деген жанашырлық пен тұрғындарды тазалық мәдениетіне тәрбиелеу деп қабылдаймыз. Дұрыс әрине, бірақ мұның да екінші ұшы барын ұмытпауымыз керек.
Әңгімені әріден бастайық. Кенттегі Саяжай аумағы осыдан 5-6 жыл бұрын күл-қоқыстан көз ашпайтын. Көрші-қолаң бас көтеріп, билік болысып бір тазарып қалған болатын. Бірақ кейінгі кездері қайта бүліне бастады. Бір емес, бірнеше ой-шұңқырға барсаңыз әр үйден шыққан қоқыстар, оның ішінде үй жануарларының өлексесі де бар. Айтуға ауыз бармайды. Сол маңда тұратын тұрғындар да бұл жағдайға ызалы. Мұны тек сол аумақтың халқы жасады дегеннен аулақпыз, бірақ бізде сана мәдениетінің әлі де төмен екені осыдан-ақ көрініп тұр. Осы сенбі атқамінерлермен қабаттасып, осы аймаққа бет алдық.
Мақсат жағдайды көзбен көріп, айналадағы ағайынның айтарына құлақ салу. Бұл жолғы сапарымызда кент әкімдігі мен қоғамдық даму бөлімі қызметкерлері, тұрғындардың белсенді өкілдерімен бірге Саяжайды араладық.
– Саяжайдағы күл-қоқыс орынына айналған жерді жеке секторлардың иелеріне жиі ескертіп, тазалатып отырамыз. Ал, бос жерлерді бақылауда ұстаймыз. Енді бірер күнде шешім шығарып, бос жерлер аукционға салынып, иелері пайда болады. Шұңқырлы жерлерді көміп, қоршау орнатса, мұндай бассыздық болмас еді. Сондықтан құжаттандыру мәселесі қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде, – дейді кент қызметкерлері.
Жөн, ертерек құжаттарды реттеп, жеңімпазы анықталса, бұл аймақтағы қоқысқа айналған жерлер реттелер еді. Әйтпесе, көрер көзге тым ерсі көрініп, сасық иіс маңайдағы халықтың мазасын алуда. Тұрғындардың да өкпе-назы орынды. оны да түсінуге болады. Саяжайдың тұрғыны, ардагер ұстаз Серік Мұсабаев тірліктерді тездетпесе, аумақ экологиясы бұзылып бара жатқанын тілге тиек етті. Әкімдік пен халық қалаулыларына да жиі ескертіп, айыппұл салынуына да ықпал жасауын сұрауда. Әліптің артын бағып отырған тұрғындардың жағдайын да түсінуге болады. Иә, тазалық табалдырықтан басталады десек кенттің келісті келбетінің ажарын ашатын тек сәулетті ғимараттар мен гүлзарлар ғана емес, бірінші кезекте, оның тазалығы маңызды.
Шыны керек, көктем шықса көгертумен әуреленіп, ала жаздай қоқыспен алысып, күзде қайта ластанған табиғаттың ахуалы бәрімізге ауыр. Оның міндеті мен ауыртпалығын тазалық мекемесі мен жауапты қызметкерлерге ысырып тастау қисынға келмейді. Әрине олардың бұл тікелей міндеті шығар, бірақ әрбір тұрғынның бойында туған өлкеге деген жанашырлық, махаббат болуы керек қой! Сондықтан ортақ іске бөле-жара қарап, жауапсыздық таныту қате, түсінген адамға кент тазалығына ортақтасатын кезі келді. Еш болмаса үй сырты мен аула тазалығына мән берсек, мүмкін болса көшеге де көз тастап қою нағыз азаматтық іс болар еді. Әлемнің озық елдеріндегі тәжірибелер кісі сүйсіндіреді. Мәселен, Корея, Жапония, Сингапур, Малайзия сынды елдердің қоғам мүлкіне қырағы қарау үрдісі қызықтырады. Неге десеңіз, ондағы әрбір саналы азамат қоғамдық орындарды құрметтеу мәдениетін жоғары қояды. Олар бұған бірден қол жеткізген жоқ. Ұлт ретінде бәсекеге қабілетті болу жолында өзөздерін тәрбиеледі, қоғамның мүлкін қадірлеуді үйренді. Біз де осыны үлгі етуіміз керек. Себебі сырттан ешкім келіп кенттің көркін жақсартып бермейді. Бәріне өзіміз жауаптымыз. Осыған бола өзгеден кінәрат іздеудің қажеті жоқ, тек тазалыққа мән берсек болғаны. Жиын барысында аудан басшысы слаид арқылы суреттерді көрсетіп, әсіресе жеке кәсіп иелері, кез келген мекеме аумағы қоқыстан арылмайтын болса, онда басылым беттеріне, әлеуметтік желілерге жариялауды тапсырды. Ондай кәсіпорындар мен мекемелер аудан ортылығында аз емес. Олар кешіріммен қарауды уәж етеді. Мейлі ғой, тазалыққа мән беріп, алды-артын жинап, жөнге келтірсе. Егер тәртіпке көрбесе, жұртқа жария етіп, заңдық тұрғыда айыппұл төлеуді міндеттеу керек.
Бұл істе «Жаңақорған тынысына» насихат жұмысын жүргізу жүктеліп отыр. Мұны аудан басшысы тазалықты талқылаған кеңесте басылым алдына міндет етіп қойды. «Тазалық – денсаулық кепілі». Осы сөзге жай күндері мән бермейтініміз рас. Бірақ бүгінде көптеген қатерлі аурулардың көбеюіне, экологиялық тепе-теңдіктің бұзылып, ауаның ластануы себеп болуда. Бұл мәселе әлем елдерінің назарын бұрғызды. Бұл жөнінде Президент ҚасымЖомарт Тоқаев өзінің Жолдауында арнайы тоқталды.
Өйткені табиғи апат емес, қоршаған ортаға адамзаттың қолымен жасалып отырған залал планета тұрғындарына қауіп төндіріп тұр. Соңғы жиырма жылда әлем халықтарының тұтынған тұрмыстық қалдықтары, соның ішінде желімнен жасалған құтылар мен қалталар жердің бетін де, астын да ластап жатқаны рас.
Тіпті бойындағы химиялық қоспалардың нәтижесінде ұзақ жылдар бойы шірімейтін бұл қалдықтар жердің демін бітеп, көгал алқаптарды қуратып, құм суырған тақырға айналдыра бастады. Оның зардабын қазір де тартып отырмыз. Енді адамзат мекені – жер шарын апаттан аман сақтап қалудың жалғыз ғана жолы – тазалықты сақтау. Тазалықты әр адам өз ауласынан бастауы тиіс.

Әли ТЕМІРБЕК
30 шілде 2024 ж. 553 0