№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Қоқыс – қалауын тапса, кіріс әкеледі

Қоқыс – қалауын тапса, кіріс әкеледі

Тазалық табалдырықтан басталады десек, кент және елді мекендердегі көше мен арнайы демалыс орындарында әр жерде шашылған сусын құтысы, полиэтиллен пакеттерге көз сүрініп, көңілің құлазиды. Экологиялық мәдениеттің төмендігінен бе, тұрмыстық қалдық заттарды лақтырып, жайбарақат жүре береміз. Ал, осы қоқыстан пайда табуға болады десек сенесіздер ме? Озық елдердің тәжірибесі сондай. Ең болмағанда сол елдерге ұқсатып тірлік істеуге болар еді ғой!
Шыны керек, көпшілігіміз бұл міндетті тазалық мекемесі мен жауапты қызметкерлерге ысырып тастауға құмармыз. Бірақ, бұл қисынға келмейді. Әрине олардың бұл міндеті шығар, бірақ әрбір тұрғын туған өлкеге жанашырлық танытып, тазалық жұмысына ортақ­тасатын кезі келді. Біздің елімізде қоқыс қалдықтарды қайта өңдеу ісі өрге баспай келеді. Сенесіздер ме, елімізде қалдықтың тек 7 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Ал қалған бөлігі полигондарға жөнелтіледі. Міне, осыдан-ақ қоқыс өңдеу саласында шешімін таппаған мәселе көп екенін ұғасыз.
Статистикаға зер салсақ, Қазақ­станда 31,72 млрд тоннадан астам қалдық, оның ішінде, 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық пен 2,5 млрд тонна көлемінде қауіпті қалдық жинақталған. Бұл сандар алдымызда қоқысты кәдеге жаратудың қажеттілігі тұрғанынан хабар береді. Әлбетте, қоқыспен күрес – жалғыз бізді ғана емес, дүниежүзі елдерін толғандырып отырған жаһандық мәселе.
Химиялық қалдықтар өңір келбетін бұзып қана қоймайды, ол қоршаған ортаға үлкен зиян келтіретіні сөзсіз. Жердегі қоқыстар мен қалдықтар ыдыраған кезде пайда болатын заттар атмосфералық ауаны ластайды.
Айталық, табиғи жағдайда қарапайым қағаз 2 жылда ыдырайды. Химиялық жолмен өндірілген өзге де тұрмыстық қатты қалдықтар ше? Мәселен, ғалымдар металл консерві банкалары табиғи процеспен жойылуға 90 жыл кететінін, ал, полиэтилен пакеттеріне –200 жыл, шыны банкаларға – 1000 жыл қажет екенін алға тартады. Сол секілді пенопласт ыдыстарға – 50 жыл, қаңылтырға – 90 жыл, фольгаға – 100 жыл, памперске – 500 жыл, әйнекке – 1000 жыл уақыт керек.
Бірде білікті дәрігер Сәулебек Ысқақов: «Памперстің бойына жиналған зәрден улы заттар бөлінеді. Осылайша памперстен қоршаған ортаға зиян келуде. Оларды жинап, арнайы өртейтін орында өртеу қажет. Себебі, памперс тек жоғары температурада өртенеді», дегені әлі есімде.
Иә бір реттік жаялықтың зияны тым көп. Себебі, оны дайындағанда целлюлоза, трибутилен, полипропилен, натрий полиакрилаты, кремний оксиді секілді химиялық заттар және полиэтилен, резеңке және хош иістендіргіштер де қосылады. Күннің ашық көзі түсуінің нәтижесінде химиялық реакциялар жүріп, ауаны ластайды.
Тоғайға, тауға, өзенге, көлге барсаңыз шашылып жатқан полиэтилен пакеттер, шыны ыдыстар мен памперстерді көресіз. Табиғи процеспен жойылуға жүздеген жылдар кететін тұрмыстық қалдықтар ен даланы экологиялық дағдарысқа ұшыратуда. Алайда бізді экологиялық мәселе алаңдатпайды. Ең өкініштісі осы.
Даланы шашылған қоқыстан арылтудың бірден-бір жолы – қайта өңдеуді жолға қою. Бізде оның ауылы алыстау секілді. Мәселен, Әлем елдерінің тәжірибесіне таңқаласыз. Мәселен, Финляндия қалдық заттарды өңдеу бойынша әлемде көш бастап тұр. Онда «қалдықтар иерархиясы» деген принцип бар. Бұл – қалдықтарды болдырмау деген сөз. Қытайда қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес саласына айналған. Пекинде қоқысты түрлі әдіспен сұрыптайды. Бір ғана Шанхай қаласының өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді. Францияда қоқысты қайта өңдеу арқылы 30 пайыз аллюминий, 50 пайыз әйнек, 50 пайыз газет қағазын өндіреді екен.
Тазалықты сақтауда шетел тәжі­рибесі қандай? Сингапурде көшенi ластау қылмыс саналады. Егер абайсызда түкiрсеңіз немесе тамақ қалдығын лақтырып жiберсеңiз үлкен мөлшерде айыппұл төлейсiз. 100 доллардан 1000 доллар аралығында. Көліктің дөңгелегі кір болса, 500 доллар төлеуге міндеттісіз. Тазалық мәдениеті сақталған елдің қатарында Германия да бар. Онда тазалықты таңнан қара кешке дейін комиссарлар қадағалайды. Ережеге бағынбайтындарға заң қатал. Бұл елде әрбір қадам сайын арнайы қоқыс жәшіктері қойылған. Темекіге, бөтелкеге, сағыз, шемішкеге арналған ыдыстар бар. Француздар да тазалыққа бейжай қарамайды. Айналаны ластаса 1500 еуро айып төлеуіңіз мүмкін. Жапонияда қоқысты: шыны, жанатын, қайта өңдеуге жарайтын, жанбайтын деп бөліп, арнайы ыдыстарға салады. Әрбір жапондықты мектеп жасынан тазалық мәдениетіне үйретеді.
Бізде экологиялық мәселенің өзектілігі сезілуде. Жылдың қай мезгілі болмасын жел тұрып, құм суырып, шаңы аспанға көтеріледі де жатады. Дегенмен, соңғы уақыттары жер тазалығына бел шеше кіріскенімен, қоныстар тап-таза киіпке енбей тұр. Бұл – сана мәдениетін көтеру қажеттілігін көрсететіндей.
Қызылорда қаласының 10 жылғы көрініс-келбеті мен бүгінгі жағдайы жер мен көктей өзгерді. Сырдың бас шаһары тазалығымен мақтанатын деңгейге жетті. Бұл ретте, Сингапурдегідей ортаны ластаған адамдарға әкімшілік айыппұлдар салып, қаланы бей-берекет ластамауға шақырды. Осы тәжірибені аудандар да жүргізуге әбден болады.
Кеше Жаңақорған кент әкімдігі көше комитеттерінің басын қосып, тазалық мәселесін шешілу жолдарын талқылады. Кенттің тазалығын ұдайы қадағалап, тиісті жерлерге жауапты адамдарды белгілеп, тұрғындарды тазалықты үндеуге шақырды. Бұл жөнінде кент әкімінің орынбасары Серік Сейдуалиев:
– Бізге жетіспей жатқаны жауапкершілік. Тазалық шашылмаған жерде сақталады. Осыны түсіндіру қиын болып жатыр. Тазалықшылар түске дейін жинап кеткен жер түстен кейін шашылып жатады. Бұған кім кінәлі? Ешкім емес. Өзіміз. Өйткені біреу сырттан келіп, шашып кетпейді ғой! – деді.
Тұрмыстық қоқыстан химиялық реакциялар жүріп, ауа мен суды ластап, топырақты тоздырады. Бұл – өсімдіктердің өсуін баяулатып, тағам қауіпсіздігіне, қала берді адам қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Осындай зиянын бағамдаған кент тұрғыны Насырулла Мырзаев қоқыстарды жинап, Шымкент қаласындағы қайта өңдеу зауытына өткізуді жолға қойыпты.
– Адамзат барда еш уақытта таусылмайтын қор – қоқыс. Ендеше полигондарда үйіліп жатқан қоқыс үйінділерін сұрыптап, жаңа өнім шығаруға әбден мүмкін. Мұны мен өз тәжірибиемнен білемін. Тұрмыстық қатты заттарды жинап, теріп, сұрыптап, арнайы зауытқа өткізіп, табыс табасың. Қасымда екі көмекшім бар. Бір ай бойы жиналған қоқысты сұрыптап, ретке келітіреміз. Мен үнемі өз ұсынысымды айтып келе жатырмын. Бізге полигон керек емес. Ол жерге тасталған қоқыстар желмен ұшып, қайта жер беріне көтеріліп, аймаққа үлкен экологиялық апат әкеледі, – дейді ол. 
Табиғат жанашырлары аталған проблеманы жергілікті билік пен белсенді азаматтар өзара іс-қимыл нәтижесінде ғана тойтара аламыз деп есептейді. Өйткені бұл Үкіметтiң ғана емес, қоршаған ортаның ертеңіне бейжай қарамайтын әр адамның көкейiнде жүруге тиiс мәселе. Бұл тұрғыда қоқыстың өзін кәдеге жаратып, аталған проблеманы ертерек еңсерген елдердің тәжірибесіне үңілу артық етпес. Себебі қатты қалдықтар былай тұрсын, борситын тамақ қалдықтарынан биогаз өндіріп отырған мемлекеттер бар.
Осы саламен айналысып, бизнеске айналдырамын деген кәсіпкерлерге бағыт сілтейтін «KazWaste» қауым­дастығы бар. Ұйым кәсіпорындарға, мемлекет органдарына, жұртшылыққа қалдықтарды басқару саласындағы қызметті жүзеге асыру барысында туындап отыратын мәселелерді шешуге көмек көрсетеді. Мұны «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайты растайды.
Қауымдастықтың құрамына жасыл экономиканы қолдайтын жеке кәсіп­керлер мен 30-дан астам ұйым кірген. Қалдықтар саласындағы мәселелерді инновациялық техноло­гияларды қатыстырумен, халықаралық стандарттарды ұстанумен кәсіби тұрғыдан шешуге бағытталған. Қауым­дастық жұмысы өнеркәсіптік кәсіпорындардың, мемлекет пен халықтың мүддесін қорғауға ықпалын тигізеді.
Бүгінде көптеген аурулардың көбеюіне ауа мен судың ластануы себеп болуда. Бұл біздің ауданға да ортақ мәселе. Бұған тазалықтың тікелей әсері бар. Бұл жөнінде аудан тұрғындарының арасында сауал жүргізіп, халықтың пікірін де білген едік.
Кент тұрғыны Шынар Нұржанқызы былай дейді: «Бізде тазалық жоқтың қасы. Қай көшеге барсаң да үйіліп жатқан бөтелке, баклашка қалдықтары мен ақтарылып жатқан бала жөргектерін көремін. Жауапты мекемелерден бөлек, әрбір үй тұрғыны өздерінің ауласын таза ұстаса, айналасын жиып-теріп отырса, мұндай олқылықтар болмас еді. Мысалы, өзім үйімнің айналасын күнде жинап отырамын. Есігімнің алды тап-таза болып тұрса, маған да жақсы ғой».
Тазалық ластамаған жерде сақталады. Бұл ойды Қанат Ермеков қуаттап:
– Ауданымыздың тазалығы бұрынғы жылдарға қарағанда әлдеқайда жақсы. Қаланың тұрмыс-тіршілігіне бейімделіп келе жатырмыз. Таң атысымен көшеде көліктер қоқыстарды жинап, үйіміздің алдынан алып кетіп жатыр. Бұрын қоқыстан аяқ алып жүре алмайтынбыз. Тіпті, өлген ит, мысықтың иісінен аузы-мұрнымызды жауып әрең өтетінбіз. Қазір олай емес. Орталық көшелерге қарасам көңілім жайланып, кәдімгідей қуанып қаламын, – деп ризашылығын білдірді.
Сарапшылар дамушы елдерде қоқыс өндеудің кемшіліктері – біріншіден, тұрмыс қалдықтарын өндейтін техно­логияның жолға қойылмауы, қажетті ресурстардың тапшылығы, күнделікті шығатын қалдықтардың үлкен көлемі және адамдардың қоқыстан болатын залалдың, экологияға әкелетін қауіпті толық сезінбей отырғанынан дейді. Сансызбай Аблазимовтың ойы осымен ұштасады:
– Бізде сыйлы адамдар келетін кезде ғана көшелер тазаланып, су себіліп жататыны шындық. Басқа уақытта көшелер қоқыстан көз ашпайды. Әрине, бәріне әкімдік кінәлі емес. Адамдардан ұят кетті-ау! Не деген масқара, бір жап-жас келіншек бананның қабығын лақтырып кетіп барады. Әлгіні тоқтатып алып, тазалыққа неге мән бермейтінін сұрағанымда «Не шаруаңыз бар?» деді. Сонда әркім қолындағысын лақтырып кете берсе, Жаңақорған – «қоқыс кентіне» айналады ғой! – деді.
Жаһан жұртының алдында екі мәселе тұр. Біріншісі, ауызсу мәселесі күрделеніп келеді. Екіншісі, аймақтардың тазалығы сын көтермейді. Айналып келгенде бұл адам саулығына тікелей әсер етеді. Олай болса, ойланайық ағайын!

Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ
20 шілде 2021 ж. 1 193 0