№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚАРҚЫНДЫ БАҚ ҚАУЫРТ ҚИМЫЛ КҮТІП ТҰР

ҚАРҚЫНДЫ БАҚ ҚАУЫРТ ҚИМЫЛ КҮТІП ТҰР

Осы көктем біздің ауданымызға бұл өлкеде бұрын-соңды болмаған, бақша егудің жаңа технологиясын әкелген инвестордың нақты жұмысы жөнінде көзбен көргендерімізді елге сүйіншілеп жазған болатынбыз. Инвестор үлкен аумақта бақ өсіру жобасын іске асыру үшін Қаратаудың баурайында жатқан Қыраш елді мекенінің көл жақ қанатындағы тың жатқан аумақты таңдаған екен. Қызылорда облысында тұңғыш үлкен көлемде қолға алынған бақтың ел үшін пайдасы шаш етектен, жемісі  аудан түгілі облыс халқын асырайды.  Ол бір жағы, осы төңіректегі жұмыссыз адамдарды еңбекпен қамтып, күнкөрісіне де тиімді жағдай қалыптастырады деп күткен қанатты жобаның қайтарымы қандай болып жатыр екен? Соның жағдайын біліп, көппен бөлісу мақсатында  Қыраш елді мекенін бетке алдық.

«Астана Финанс» АО мекемесінің тікелей демеушілігімен қолға алынған «Қаратау-Фруд» қарқынды бақ өсру технологиясының қарапайым бақша өсіру тіршілігінен айырмашылығы қандай?
Мал бағуға келгенде жанын салса да тал егуге жоқ ағайынның ортасына кеп уық қадаған алып плантацияның алғашқы тынысын аңдап барған алғашқы сапарымызда үлкен іске тәуекел еткен іс басындағылардың көктемнің қара суығына арқасын тосып қажырлы қимыл жасап жүрген үстінен түскен болатынбыз. Бірақ мына бақшалықтың сықпыты біз көргеннен өзгерек. Бас-аяғы отыз гектар аумаққа қарқынды бақ өсіруді міндетіне алған мамандар шетелдік өнімді жерсіндіру үшін Анталияға әлденеше барып көшетін тасумен бірге мықты тәжірибе де жинақтап, жан-жақты дайындықпен кіріскендерін айтып еді. Сөйтсек, олардың технологиясы біздің жеміс талдарын егу тәсілімізден мүлде бөлек көрінеді.  Бұл туралы сол жазған мақаламызда былай деп келтіріппіз:
«Бақша өсіру үшін жерді дайындап, бабына келтіру бір бөлек, егілген көшет түзу бой тіктеп, бүтін жеміс беру үшін  қорғаны мықты болу керек екен.  Оқтаудай түзу сызыққа егілген көшеттер жеке-жеке ұзына бойына қатар тізілген тіреулерге, яғни қадалар арасына бес қатардан тартылған аппақ тросс сымдарғаарқа сүйеп нық тұр. Күннің аптабы күйдірмес үшін тұтас плантацияның аумағы капрон жабындымен көмкеріліпті. Бұл көрген материалдарымыздың дені шетелдікі екені сапасынан көрініп тұр.
Біздікінен айырмашылығы, көшеттердің арасы бір метрден тігіліпті. Тамыры мықты болу үшін бірінші жылы гүлдерін жұлып тастапты. Қарқынды бақ отыз гектар аумақты алып жатыр. 4,2 га жер бір клетка деп есептеледі екен. Бір клеткада, яғни бір тақтада 64 түп ағаш бар, онда 83 түйнек алма байлайды, сонда 5312 алма өсіп шығады.
Осыншама тәуекелге бел буып қарқынды бақ өсрірудің себебі неде екен? Өнімділігінде дейді  мамандар. Енапат тер төгіп, бұта сайын сабағын байлап, сәбидей мәпелеген еңбекті айт, есесіне жүз пайыз жеміс береді екен. Құрттап, ерте түсіп қалу, жарамсыздану деген болмайды.
Биылғы жылға жобамен гектарына 5 тонна өнім аламыз деп жоспарлапты. Сонда 30 гектардан 150 тонна алма жинауға болады деп межелеп отырғанын айтты» деп жазған екенбіз.
Хош деңіз. Осы көктем іс бастағандардың тірлігін көзбен көріп,  жаңашыл қам-қарекетпен көпшілікті де хабардар еткен едік, бүгінгі хал-ахуалынан да хабар білмекке қайта соққандағы көргендерімізді енді өзіңізбен тағы да бөліселік, қадірлі оқырман.
Алыстан жап-жасыл көркімен көз тартқан бақтың аумағына жақындағанымызда  қой-масына үлкен «Фура» көлігінің қаңтары¬лып, оған жәшік-жәшік алма тиеліп жат¬қан үстінен түстік. Байқағанымыз, аппақ жәшіктер бақтың басынан толтырылып, шағын шетелдік тракторға тиеліп леп-лезде жеткізілуде.
Осы бақшалықтың шаруасын тақырдан бастап бүгінгі ну бақшалыққа айналғанға дейін ақ тер, көк тер бейнетін көріп келе жатқан екі азаматтың екеуі де кешегі кеңестік шаруашылықтың өкілдері. Екеуінің де агрономиядан хабары бар.  Кәсібилік бір бөлек, одан да маңызы кем түспейтін жауапкершілік мәселесі бар. Кеңестік тәрбиеде шыңдалған буынға нендей міндетті де сеніп жүктей беруге болатынының бір дәлелі, бұл екі азамат сол үмітті ақтаған сыңайлы. Ақтау бір басқа, өздері ойлағаннан да артық нәтижеге жеткенін көріп таң-тамаша қалдық. Е, бұл бабы бөлек, күтімі ерек технологияның төркіні тегін болмады. Оны өз көзімізбен көріп мойындауға тура келді.
Қатар-қатар сап түзеген, кеше көктемде бағбандар әр сабағын жеке-жеке шүберекпен байлап әуреленген шыбықтарымыз шынында да тіп-тік бой түзепті. Сабағы да көп емес, шап-шағын шымыр бұтақтарда шоқ-шоқ алмалар қып-қызыл боп көзге ұрады. Үзіп алып жеп көрсеңіз, шырыны мол, дәмі бөлек, бір жерінде дағы жоқ. Бағасы 150-200 теңгенің арасында, келіп көтерме бағада саудалайтындарға бұдан да төмен болуы мүмкін екенін айтады басындағылар.
– Отыз гектар аумақты алып жатқан алма бағымыз биыл 200 тоннаның о жақ  бұ жағын¬да өнім салып тұр, – дейді шаруашылықты үйлестіруші Үмбет Әбибуллаев. Көшеттерімізді алдыңғы жылы отырғыздық. Бірақ былтырғы жылы тамыры жақсы өніп шықсын деп гүлдерін жұлып тастадық. Мына салып тұрған жеміс екіжылдық көшеттің жемісі,  – депГала, Голдин, Розоглу тұқымының түрлерімен таныстырды.
Жемісті тамыздың онынан бастап жинап  бастаса болғандай екен, әріптестік ниеттегі түркиялық мамандарымыз алдымен жемісті иод кальцимен зерттеп көру керек дегенді айтыпты. Ол айтқан иоды ауылдан табылмай қалаға тапсырыс беріп, одан түрік ағайындар өзіміз келіп көрейік деп жүргенде арада уақыттан ұтылғанын білдік.
Маманның айтуынша мұндағы әр сортты алманың пісу мерзімі әртүрлі. Мәселен, алманың голдинсортының терімі кезегімен 15 қыркүйекте басталады. 
Нақ бүгінгі күні алманың «Гала» сорты теріліп жатыр екен. 25 күннен соң голдин теріледі. Одан соң қара күзде розаглу сорты теріледі.
Бүгінде алманың 40 тоннасы теріліп саудаға шығарылғанын білдік.
– Гала сортынан да 70-80 тоннадай шығады деп отырмыз. Голдин де сол көлемде шығады. Розаглу 40 тоннадай өнім береді деп күтіп отырмыз, – дейді жауапты маман Мұхтар Нысанбекұлы.
 Ал енді бүгінгі мәселе – піскен өнімді жинап беретін жұмыс қолы қат болып тұр екен. Нән көліктің уақыттан ұтылып тұрғаны да сол. Самсап салып тұрған сары-қызыл алманы бақтың басы көтере алмай, жерге домалап түскен жемісті аяқ басуға қимайды, бірақ соны қолма-қол жинап тастаса шіркін, ысырап болмас еді. Әр-әр жерде бес-алты қарайған жұмыс қолымен бұл мүмкін емес.
Осы тұста айта кеткен жөн болар, шалғай ауылдарды былай қойғанда, мына жақын жердегі  Қыраш, Бірлік, Қосүйеңкі секілді ауылдық округтің әкімдері жұмыс іздеген жастарды ұйымдастырып тірлікке жұмылдыра білсе қандай ғанибет болар еді. Көктемде күндік еңбекақысы 8 бен 16 мың теңгенің аралығында болған, қазір піскен жемісті теріп берудің ақысы күндігіне 6 мыңға бағаланып отыр. Күндігіне қолма-қол төленетін еңбекақысын әрі арзан алмасын алып, тұтынса дапұлдаса да кәдеге асыруға болар еді. Жұмыс жоқ деп қарап жатқан әлеумет осындай кезде  әрекетсіз қарап отыратынына таң қаласың. Мына көрші Шорнақ пен Саураннан келетін еңбек¬кеш апалар жағы шаруа десе жанын бе¬ріп қимылдап, бастан-аяқ бақшалықта өндіре жұмыс жасағанын жеткізді біздің бағбандарымыз.
Әлі де қара күздің ортасына дейін кезегімен пісетін өнімді жинап алу жұмысына жақын жерден өз ауданымыздың халқы қамтылса деген тілек бар бізде.
– Ал енді өнімдерді өткізу жағы қалай болып жатыр? – деген сауал тастадық. Міне, осы жерге келгенде сәл мүдіретін, “әттеген-ай” деп өздері де тырнақ тістеп өкінетін бір жағдай, жұмысты мойынға алған соң барын салып жұмылып жоғары сапаға әрекеттенуді қалт жібермеген замандастарымыз менеджмент, марке¬тингтік деген жаңа тәсілдерге келгенде тосырқап, шабандық танытып алғанын жасырмады. Ау, бұл жерде жарнамалау дейсіз бе, мониторинг дейсіз бе, бұрын өздері көріп-білмеген заманауи технологияның түр-түрін меңгеру, одан қалды әлеуметтік кеңістікте мүмкіндігі зор СММ маманның қызметі деген бар, соның барлығын үйлестіргенде қолдағы өніміңді мұхиттың ар жағынан болсын өз аяғымен келіп алып кететін тетіктерге қол жеткізуге болар еді.
Енді биылға бұйырғаны осы болар, өздері ауызба-ауыз хабарласып, көз¬бе-көз қол алысқан сауданың түрі салтанат құрып тұр екен. Құдай мұның да берекесін берсе кәсіп иелерінің де, кәсіпке тартылған көпшіліктің де жағдайы жаман болмас. Жалпы, «Елде болса ерінге тиеді» деген, топырағымызға түрен салған ырыздықтың көзі берекегекенеліп,  туған жер халқының несібесі молая берсін деген тілектеміз.

Баян ҮСЕЙІНОВА
24 тамыз 2024 ж. 100 0