№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚЫРАШ АУЫЛЫНДА ҚЫП-ҚЫЗЫЛ АЛМА ӨСЕДІ

ҚЫРАШ АУЫЛЫНДА ҚЫП-ҚЫЗЫЛ АЛМА ӨСЕДІ


Аудан агроөнеркәсібін ілгері апаруда ауыл шаруашылығы мамандарының ғылыми ізденістерді арттырып келе жатқаны көңіл қуантады. Бар өмірін аудан ауылшаруашылығын өркендетуге арнаған сала үздігі Алмасбек Нәлібаевтың алма бағын өсіруді қолға алғанына биыл екінші жыл. Қыраш ауылының солтүстігінде орын тепкен «Омар ата» бауын осы жексенбіде арнайы барып көріп қайттық.

Бұл өлкеде бұрын-соңды болмаған, бақша егудің жаңа технологиясы шынында таңданарлық жағдайда екен. Бұл жеке адамның қолынан келетін шаруа емес. Бүгінгі күннің аса өзекті мәселесі – инвестиция тартудың арқасында мүмкін болып отырған тірліктің аржағында туған жердің тұғырын тіктеуге деген азаматтық қолдау тұрғанын да сезініп қуандық.
Оның үстіне өңір климатының малға ғана емес, талға да жайлылығы ірі инвестиция тартымдылығына басты себеп болғаны анық. «Астана Финанс» АО мекемесінің тікелей демеушілігімен қолға алынған «Қаратау-Фруд» қарқынды бақ өсіру технологиясының қарапайым бақша өсіру тіршілігінен айырмашылығы қандай?
Қаратау етегін жайлаған қалың елдің ата-бабасынан төрт түліктің жайын қамдап, жаз жайлау, қыс қыстау көшіп-қонып жүргені белгілі. Бүгінге дейін мал мен жанға қоныс болып келген Қыраш елді мекенінің «Қайнарбұлақ» маңайында жалғыз ғана су диірмені болғанын білуші едік. Ел-жұрты егіншілікпен айналыспаған соң керізді де керек етпей, жайбарақат жатқан жонға жан бітіп, жалғыз аяқ сүрлеу апаратын ақшаңдақ жолда заманауи алып плантация пайда болыпты.
Аумағы отыз гектар болатын қарқынды бақтың қадасын тіктемес бұрын осы істі басыбүтін жауапкершілікке алған майталман мамандар жан-жақты ізденіп, алманың жаңа сортын әбден зерттеп барып іске кірісіпті. Сондағы түйгендері, бақша өсіру үшін жерді дайындап, бабына келтіру бір бөлек, егілген көшет түзу бой тіктеп, бүтін жеміс беру үшін қорғаны мықты болу керек. Оқтаудай түзу сызыққа егілген көшеттер жеке-жеке ұзына бойы қатар тізілген тіреулерге арқа сүйеп нық тұр. Тіреу деп қатар сайын тізілген қадалар, олардың арасына бес қатар тартылған аппақ тросс сымды айтып отырмыз. Ыстық күндері күн көзі күйдірмес үшін төбесіне капрон жамылғы орнатыпты. Міне, осындай жағдайда жеміс ала-құла емес, біртекті қып-қызыл болып өседі екен. Қадасы біздікіндей баған емес, гранит сынды мықты материал, сым дегеннің де сойы бөлек, қалайы сынды майысып тұрған жоқ, қалың, төбесін жапқан тор жамылғысы да біздің ел жасап шығарған зат емес, барлығын шетелден алдырған болып тұр ғой. Бес қатар тізілген қалың тросс сымға сүйенген көшеттер біз келген күні ұйытқып соғып тұрған қатты желге шыдас беріп нық тұрғанына өзіміз де куә болдық. Хош, енді бұл жерге тігілген көшеттердің жайына келейік.
Бұл туралы агроном Алмасбек былай дейді:
– Бақ өсіруге осы жер таңдалып, бір шешімге келгеннен кейін біз ең соңғы үлгідегі алма бақты өсіруге нартәуекел еттік. Сөйтіп айлап Анталияда болып, жаңа технологияны бүге-шігесіне дейін меңгеруге тырыстық. Отыз гектар аумақтағы көшеттерді көріп тұрсыз, түгел алып тұр. Әрбірі қадаға жүрзілген қалың тросс сымға нәзік жіппен байланып қойылған. Көшеттерді Түркиядан алып келдік. Біздікінен айырмашылығы көшеттердің арасы бір метрден тігіледі, тамыры 40 см-ге дейін ғана кетеді. Тамыры мықты алып кету үшін бірінші жылы гүлдерін жұлып тастадық. Қарқынды бақ отыз гектар аумақты алып жатыр. 4,2 га жер бір клетка деп есептеледі екен. Бір клеткада, яғни бір тақтада 64 түп ағаш бар, онда 83 түйнек алма байлайды, сонда 5312 алма өсіп шығады.
– Бақшалықты қалай суара­сыздар?
– Бақтың жерін дайындаған кезде қада бойындағы сымдарға бірден резеңке трубаларды орналастырдық. Толықтай израйлдік тамшылатып суару әдісін қолдануға мүмкіндік бар.
Алма ағашының үш сортын ектік. Мынау тұрған бір жылдық көшеттер. Түгел алып тұр. Былтр күздігүні түркиялық агрономдар арнайы келіп, бақты түгел аралап көрді. Бірінші жыл сабақтарын өздері қырқып көрсетіп берді. Содан соң жергілікті жұмыскерлер болып өзіміз қырқып, қысқа дайындап, су беруді азайттық.
Алманың жаңа сортын алғаш егуі­міз болғандықтан былтырғы жаздың шілдесінен, биылғы қыстың қаңтар-ақпанынан аман шыға ма, шықпай ма деп көңіл күпті болғаны да рас. Осы көктем көңіл бірлеп, алма бағымыз бар деп ауыз толтырып айтуға шама кеп тұр, – деп ақкөңіл ағамыз сырын да, шынын да жайып салды.
Осыншама тәуекелге бел буып, қар­қынды бақ өсірудің себебі неде екен? Өнімділігінде дейді мамандар. Енапат тер төгіп, бұта сайын сабағын байлап, сәбидей мәпелеген еңбекті айт, есесіне жүз пайыз сапалы өнім береді екен. Құрттап, ерте түсіп қалу, жарамсыздану деген болмайды. Қанша жеміс талы болса сонша өнім аласың. Қазір мұнда 77 мың түп алма ағашы өсіп тұр.
Биылғы жылға жобамен гектарына бес тонна қойып отыр екен. Сонда 30 гектардан 150 тонна алма жинауға болады деп межелеп отырғанын айтты.
Шаруашылықты одан әрі аралап, техникаларды көрдік. 1 погрузчик, 3 трактор тұр. Мына қаңтарылып тұрған эксковатор қақаған қысқа қарамай котлаван қазып беріпті. Тереңдігі бес метр, ені жүз тоқсан метр, 40 тоннадай су жиналатын котлаванды көру үшін басына бардық. Айнала төрт-бес скважина қазылыпты. Соның екеуінен су атқылап котлаванға құйылуда. Бассейнге Израйл шлангасының материалынан судың түбінен жағаға дейін сапалы резеңке төселсе оның үстіне құйылған су қалай тап-таза болмасын? Бұл не үшін жасалған? Былтыр алма бағын осы жердегі көлден суарып көрген екен, лайлы су, балдыр, шөп-шалам жіңішке резеңкеден өтпей, әуре-сарсаңға салыпты. Шетелдік технологияның нәзік тұсы осы, содан қолдан осындай бассейн жасауға тура келіпті. Төрт-бес скважина қазылыпты, егінге су айдайтын ресейлік моторларды іске қосуда жұмыс істеп жатқан мердігер мамандармен де кездестік. Енді биыл бақшалық судан таршылық көрмейді. Тамшылатып суғаруға қолданылатын жіңішке шлангалармен сондай-ақ ағаш­тың тамырына қажетті дәрі де жіберіледі екен. Оның есебін компьютер көрсетіп тұр, аппарат арқылы көлемі белгіленіп отырады.
Мына тұрған үлкен бөшкелерде 3 тонна гербицид, пестицид тыңайтқыштар сақтаулы тұрғанын білдік.
Айналасы ұқыпты қоршалып, төбесі жабылған тап-тұйнақтай бақтың бабын табуда барлық жұмыстар жасалып бітіпті. Енді тек ауа-райы дұрыс болса жемісін жейтін күн алыс емес.
Бақшалықтың қарсы қапталына өттік. Мынау ежелден Сасықбұлақ деп аталатын көл ешқайда ақпайды, әр-әр жерде жылтырап жатқан суы бар, айналасына кеп мал су ішетін. Бұл көл­шікті де 4 метрге тереңдетіп қаздырып, жан-жағын кеңейтіпті. Маңайында Одақ кезінен бар екі скважинадан су шығып тұр, бұдан барған су ауыл тоғанына қосылып кетеді. Міне, осы жерде айналасын кәдімгі қара сеткамен қоршап қойған елу гектар жерге дәстүрлі бау отырғызылып жатыр екен. Оның қарқынды бақтан ерекшелігі, егу тәсілі дағдылы, жеміс ағаштарының арасы екі метрдей, тамыры бір жарым метрге дейін тереңге кететіндіктен діңі мықты, сондықтан баққа қада қойылмайды, бірақ көшеттер қатарын түзу шығару үшін 1 млн теңгеге тросс жеткізіліп, бекітілу үстінде екен. Қарапайым бақ­тан жетпіс пайыз өнім алуға кепілдік бар. Жарамсыз қалдықтарын да кәдеге жарату үшін шырын сығатын цех салуды жоспарлап отыр.
Техниканың бары жақсы, бірақ мұн­дағы жұмыстың негізі көзі қол еңбе­гіне тәуелді. Бұл орайда Бірлік, Қыраш, Жаңарық, Қыркеңсе ауылының жі­гіт­терінен бөлек Шорнақтан, Саураннан келіп жұмыс істеп жатқан әйел-ана­лар қатары аз еместігін байқадық. Еңбек­қор апаларымыздың аузынан «Бала­ларыңызды неге жібермейсіздер?» деген сауалымызға «Олардың да қолдары бос емес» деген жауапты естідік. Жұмыс істеуден қашып, жағдай жетімсіздігіне қоғамды кінәлап шығатын жандарға шынайы өнеге бұл. Еңбекақы жөнін­де сұрадық, тасымалдайтын көлігінің ақысы төленеді, жұмыскерлердің түскі асы беріледі, әрбірінің істеген жұмысына қарай күніне 8 мыңнан он алты мыңға дейін қаржы табуына мүмкіндігі бар екен.
Дәстүрлі бақшалықта алманың екі түрі – гала мен голдин егілуде, бірі ерте, бірі кеш піседі екен. Ендігі ең бастысы мәселе – алма сақтайтын қойма салынуы керек.
Бақшалық жұмысын ұйымдастырып отырған мамандар алдағы уақытта осы маңда жатақхана және асхана салынатынын айтты. Міне, осы кезде жұмыскерлерге жан-жақты жағдай жасалатын болады.
Қазіргі таңда инфрақұрылым мәсе­лесі өзекті. Оның ең бастысы – жол. Бақшалыққа қарай теп-тегіс тас жол төселуі керек.
Ал аудан агроөнеркәсібін аяққа тұрғызуға келгенде, бір мемлекеттік шаруашылықтың деңгейінен де асы­рып әлеуетті құрылымды қалып­тас­тыра білген кәсіпқой мамандардың тындырымды тірлігін көріп, тәжірибе мен жауапкершілікті қатар арқалаған Алмасбек Омарұлы мен Үмбет Әби­буллаев ағамыздың шынайы іскерлігіне тәнті болғанымызды жасырмаймыз. Бірі ширек ғасыр аудан ауыл шаруашылығын басқарса, бірі білім ошақтарын басқар­ған жылдары мекеме айналасын гүлдендіріп жіберген іскерлігімен танылған маман зейнеткерлік жаста да тыным көрмей, осыншалықты жетістікке қол жеткізіп отырғаны шынында таң қаларлық. Мына атқарылған істің нәтижесінен өз кәсібінің шын иелерін көріп қуандық.

Баян ҮСЕЙІНОВА
19 наурыз 2024 ж. 282 0