№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Иман – ар-намыстың айнасы

Иман – ар-намыстың айнасы


Шәкәрім Құдайбердиев бабамыздан «Дін дегеніміз – ғылым мен білімнің анасы», – деген тәмсіл қалған. Демек, тура жолда жүру, ар-ожданның жоғары болуы, алған біліміңнің жақсы мақсатқа жүзеге асуы, ата-ананы құрметтеу төңірегіндегі мәселелер дінде жиі терең қамтылған. Өйткені дін – адамзат тарихымен біте қайнасып келе жатқан ежелгі құндылық. Бүгінге дейін ешқандай қоғам дінсіз болмаған. Осы жөнінде аудандық «Алты ата» мешітінің наиб имамы Нұржігіт Сыздықпен әңгімелескен едік.
– Дін, иман, имандылық жолы туралы тоқталып кетсеңіз...
– Дін – тура жолдың бастауы. Ол қоғамның ажырамас бөлшегі. Ал осы дінді қазіргі күнде қалай түсінудеміз? Ислам теологиясына сүйенер болсақ, дін мен ислам бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым. Барлық дін адамзатты ізгілікті іс жасауға шақырады. Ал жалпы діндердің ұқсастығы – барлығында ақырет, жұмақ, тозақ секілді құбыластар кездеседі. Ислам дінінде ең алғашқы түскен сүре Алақ сүресі «Иқра» яғни «оқы» деп басталады, сол себепті білім алу мұсылман адамға парыз. Демек үнемі ізденіс пен оқу-білімге құштарлық жақсы қасиет. Адам білім ала отырып таным көкжиегін кеңейтіп, өзіне керегін алады. Дін сол алған білімді тура жолға, адал жолға жұмсауға үгіттейді. Демек, дін мен қоғам, дін мен ар-ождан, дін мен білім, барлығы – егіз ұғым. Қазақта «Діншіл де болма, дінсіз де болма» деген тәмсіл бар. Демек, әр адам саналы түрде өзіне керегін ойға түйіп, қажетсізден аулақ болуды үйрену керек.
– Қазіргі жастардың мешітке келуі, медреседен білім алуға деген құлшынысы қандай?
– Бұрындары мешітке келетін жастың қарасы көп болатын. Қазір одан аздау. Десе де келмейді деп айта алмаймын. Баланың мешітке келіп, медреседен сабақ алуы отбасындағы тәрбиесіне де байланысты. Ата-әжесінің бес уақыт намазға жығылғанын көріп өскен бала мешітке құмар болады. Өйткені ол сол көріністі күнде үйінде көріп өскен. Қазіргі аға буынның көбісінің балалық және жастық шағы кеңес өкіметінің саясатымен тұспас келді. Дінге деген көзқарастары да басқаша. Содан болар, олар тәрбиелеп отырған ұрпақ та шамалы өзгеше. Десе де арамызда Құран жаттап жүрген қариялар да баршылық. – Мешіт жанынан ашылған медресеге келіп, тәлім алуға ниеттілер бар ма? – Әрине бар. Қазір аудандағы 7 мешітте де дәріс беріліп жатыр. Дәріс оқып жүрген діни сауаты бар, жоғары оқу орнын тәмамдаған ұстаздар. Бүгінде 30-ға жуық оқушы дәріс алуда. Олардың қызығушылығын арттыру үшін түрлі жарыстар ұйымдастырып, сый-сияпат жасап отырамыз. Дәріс алуға келетін балалардың басым бөлігі 6-15 жас аралығындағылар. Одан ересектерін кездестірмейсіз.
– Жастардың көкірек көзін ашып, болашақта адаспас үшін, имандылыққа шақыру жолында қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
– Дұрыс айтасыз қазір жастар түгілі ересектер арасында да адасушы азаматтар саны артқан. Оған басты себеп, адамның діннен сауатты болмауы деп білемін. Баланы тура жолға салу үшін алдымен ата-ананың өзі діни сауатты болу керек. Баланы мешітке жіберіп, жастайынан ақ пен қараны айыруға үйретуі керек. Сонда ертең үлкен қалаға аттанған жас тура жолдан таймайды деген ойдамын. Ал, жастарды имандылыққа шақырып, балалардың жазғы уақытын тиімді өткізу бағытында қазір «Имани жаз» деген жазғы лагерьлер ұйымдастырып жатырмыз. Ұзақтығы 1 ай. Алайда бала одан әрі дәрісін жалғастыра беремін десе өз еркі. Құранды мәнерлеп оқудан, жаттап оқудан, азан шақырудан жарыстар өткіземіз. Мысалы, Ибрагим Санжар және Серікбай Нұртілеу деген шәкіртім өткен жылы азан шақырудан жүлделі болды. Сонымен қатар, діни мерекелерді ұлықтау мақсатында Құрбан айт пен ораза айт мерекесінде балаларға базарлық жасап, сыйлықтар үйлестіріп жүрміз. Ондағы мақсат – ұлық мерекені өскелең ұрпақтың санасына сіңіру, қадір-қасиетін арттыру.
– Жаңа әзірде жас түгілі жасамыстың да адасып жатқанын тілге тиек еттіңіз. Жалпы жат ағымдардың жетегінде кетудің негізгі себебі неде деп ойлайсыз?
– Қасиетті Құран Кәрімнің алғашқы аятында Аллаһ Тағала «Оқы!» деген. Адамға өмір бойы білім алу парыз етілген. Адамдардың теріс жолға түсіп, адасуының бірденбір себебі – сауатсыздық. Діни білімнің жоқтығы. Білімді медресе-мешіттерден, діни білімі бар имамдардан алу керек. Өзі адасып жүріп басқаларды да адастыратындар бар. Олардың қайда, кімнің алдынан оқығаны да белгісіз. Өзінікі дұрыс па, бұрыс па, ол жағын ойламай, білгенін өзгелерге үйретеді. Бұл да надандық. Қазір түрлі діни ағымдардың өкілдері әлеуметтік желілерді ұтымды пайдаланады. Олардың қатарында тәкбіршілік, хизбутшылық, құраншылдық, уахабшылдық, салафизм сияқты неше түрлі бағыттар бар. Олардан өте сақ болып, барынша бойды аулақ салу керек. Ондай ағымдарға белгісіз «ұстаздарды» тыңдаушылар түсіп кетеді. Уағыз тыңдаған кезде де алдымен кімнің уағызын тыңдап отырғаныңды зерттеп алуың керек. Өзіңнің кімнен тәлім үйреніп отырғаның маңызды. – Жасыратыны жоқ, қазір ата-аналар баласы дінге бет бұрып, намазға жығылса күдікпен қарайтын дәрежеге жетті. Осындай жағдайда оларға қандай кеңес айтасыз? – Бала ең алдымен ата-анаға аманат. Оларға тура жолды нұсқап, адам қылып тәрбиелеу – парыз. Ұрпағымызды өз дініне, салтына, әдет-ғұрпына бейімдеп үйрететін болсақ, олар адаспайды. Ол үшін ата-ана алдымен бірінші өзі мешітке келіп,кітаптарды оқуы керек. Баласын имам, ұстаздармен таныстырып, дұрыс жол сілтейтін болса, жастар адаспайды. Қазір қаншама адам намаз оқып, ораза ұстап, садақа беріп, мұсылманшылыққа бет бұрып жатыр. Дінге қызығушылық бар. Барлық мешітте сауат ашу курстары жұмыс істейді. Ата-ана баланы жастайынан үйрету керек. Өздігінен білім алушылар үшін жат ағымдардың жетегінде кетіп қалу қаупі жоғары.
– Қазір халық арасында шет елден білім алып келгендер жайында жаңсақ пікір көп. Ол жайында не айтасыз?
– Басқа елден діни білім алу үшін жастар дәстүрлі дінімізді білуі шарт. Алдымен, төрт мәзхабты айыра білуі керек. Теріс ағымдардың көбі мәзхабты мойындамайды. Елімізде діни білім беретін университет, колледж, медреселер бар. Арнайы оқу орындарын аяқтап, діни басқарманың рұқсатымен ғана шет елге шыққан абзал. Сол кезде студенттер бақылауда болады. – Ақпарат ағымының көптігі сондай ғаламторды ашсаңыз мәлімет алу оңай. Бірақ әлеуметтік желіге әркім ойына келгенін салады. Жалған мәліметтердің құрбаны болмау үшін қайтпек керек? – Дұрыс айтасыз. Қашанда таяқтың екі ұшы бар. Дегенмен көзі ашық адамға оны ажырату қиынға түспесі анық. Мәселен, мүфтияттың, мешіттердің ресми сайты бар. Олар күнделікті толықтырылып, жаңарып отырады. Жастар арасында танымал адамдардың, әншілердің уағызын ғана тыңдайтындар бар. Олардан ғалымдар туралы сұраса, бейхабар болып шағады. Ең дұрысы, елімізге белгілі ғалымдардың ғана уағызын тыңдап, ресми ақпарат көзінен ғана мәлімет алу керек.
– Жаңа бір сөзіңізде қайырымдылық жасайтын қайырымды жандар көп дедіңіз. Исламдағы қайырымдылықтың рөліне тоқталсаңыз...
– Қайырымдылық деген мұқтажға матеиалдық қажетін әперу ғана емес. Сіздің жылы сөзіңіз де қайырымдылыққа жатады. Бүгінгі бұқара ізгілікке, қайырымдылыққа мұқтаж. Өйткені, материалдық көмектен гөрі, бір ауыз жылы лебізіңізді қажет ететін, рухани кедейленген жандар арамызда көп. Сондықтан, әрбіріміз бір-бірімізге мейіріммен қарап, көмек қолын созсақ, біздің қоғам гүлденер еді. Адамдар бақытты болар еді. Дініміз қай жағынан болмасын мұқтаждарға қол ұшын созуды адамдықтың негізгі белгісі деп біледі. Əсіресе, дағдарысты, алды болжаусыз қазіргі əлем жағдайында қайырымды істердің маңызы артып отыр. Бастысы адамды адам сыйлай алса, адамды адам түсіне алса, азаматтар бірбіріне қастандық жасамаса – қайырымдылықытың бастауы осы деп білемін.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Айсұлу АЛДАНАЗАР
22 қыркүйек 2024 ж. 273 0